Өзінің ішкі әлемін тану, «менін» іздеу кез келген адам үшін маңызды. Осы тұрғыда өзін тануға асыққандар көбіне психологиялық тест тапсырып, болмысына шынайы көзқарас қалыптастырады. Ал бұл мақалада «MBTI» психологиялық типтер теориясы туралы баяндаймыз.
MBTI (Myers-Briggs Type Indicator) психологиялық типтерді анықтауға арналған тест. Бұл теория алғаш рет Карл Юнгтың психологиялық типтер теориясына негізделген. Кейіннен осы теорияға сүйеніп, Кэтрин Кук Бриггс пен оның қызы Изабел Бриггс Майерс дамытқан. XX ғасырдың басында әзірленді. Тест қаншалықты қолданыста болса да, көптеген эксперттердің сынына ұшырайды. Олардың айтуынша, бұл тест заманға сай емес һәм психологияның заманауи жетістіктерін ескермейтін көрінеді.
Десе де бұл тест көптеген салада, соның ішінде психологияда, бизнес ортада, командалық жұмыста және жеке дамуда қарқынды қолданылады. Тест адамдарға өзін жақсы түсінуге, өзінің күшті және әлсіз жақтарын тануға көмектеседі. Сонымен қатар басқалармен тиімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.
MBTI адамдардың мінез-құлқын, ойлау стилін және шешім қабылдау тәсілдерін талдауға бағытталған. Тест тапсыру арқылы өзіңіздің өмір сүру қағидаларыңызды дұрыс бағытта қалыптастырасыз. Мәселен, отбасын құру, мамандық таңдау, қоғамда қарым-қатынас құру секілді маңызды қадамдар жасау. Бейімділігіңізді анықтап, өз қабілеттеріңізді дамыта аласыз.
Бұл психологиялық тест типологиясы 16 түрлі типті қамтиды, төрт дихотомияның комбинациясынан тұрады: экстраверсия (E) және интроверсия (I), түйсік (N) және дағдылану (S), ойлау (T) және эмоция (F), бағалау (J) және қабылдау (P). Әрбір типтің өзіндік ерекшеліктері мен өзіне тән мінез-құлық стилі бар.
Алайда MBTI-ды қолдану кезінде ол барлық адамның мінез- құлқын толықтай түсіндіреді деп пайымдауға болмайды. Себебі адам мінезі ортасына, құндылықтарына, уақыт ағымына сай өзгеріп отырады. Яғни болмысыңызды қатып қалған қағидалармен кісендеуге болмайды. Бұл құралды тек жеке тұлғаларды тануға және олармен жақсы қарым-қатынас орнату үшін арналған арнайы анықтама деп білсек болады.
Қызық! Әлемде ең көп тараған MBTI түрі ол ISFJ (13,8%), ал ең сирек кездестін түрі INFJ(1,5%) болып танылады. Ал сіз өз MBTI- ыңызды білесіз бе?
Маржан ӘУЕЗХАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!