Медицина – нақты ғылым. Бірақ кейде оның да шекарасын түсініксіз құбылыстар, кездейсоқ табыстар мен табиғаттың тосын мінезі бұзып өтеді. Мұны «медицинадағы магия» деп түсіндірсек болады. Бір дертке іздеген ем басқа сырқатты жазады, кейбір науқастың бойындағы кесел күтпеген жағдайда ғайып болады. Мақаламызда медицинаның тарихында таңба ретінде қалған шынайы оқиғалар туралы тарқатамыз.

Басына оқ тиіп, жазылған жан

Обсессивті-компульсивті бұзылыс – адамның еркінен тыс пайда болатын, мазасыздық тудыратын қорқынышты, мазалай беретін ойлармен (обсессиялармен) және сол мазасыздықты азайту үшін қайта-қайта орындалатын әрекеттермен (компульсиялармен, яғни белгілі бір рәсімдермен) сипатталады. Көпшілікке ОКР атауымен белгілі. Бұл диагнозбен өмір сүретін жандар үшін күнделікті тіршілік «ине үстінде отырғандай» күй кешумен тең.

XX ғасырдың ортасында тіркелген бір клиникалық жағдай медицина қауымын таңғалдырды. Ауыр ми жарақатын алған науқаста жарақаттан кейін ОКБ белгілері күрт азайғаны байқалған. Ғалымдар мұны маңдай бөлігі мен базальді ганглий аймақтарының зақымдануымен байланыстырды. Дәл осы аймақтар обсессивті ойлар мен импульстарды реттеуге жауап береді. Яғни кездейсоқ жарақат ми құрылымындағы патологиялық белсенділікті өзгертуге әсер еткен.

Әрине бұл «оқ тисе – жазыласың» деген түсінікке жол бермейді. Қайта, мұндай жағдайлар нейрохирургия мен терең ми стимуляциясы әдістерінің дамуына түрткі болды. Кейінгі жылдары ауыр ОКБ-ға шалдыққан кей науқастарға миға электрод орнату арқылы симптомдарды жеңілдету тәжірибесі қолданылып келеді.

Савантизм синдромы

Бұл синдромға «дарынды дерт» деген түсінік беруге қалай қарайсыз? Себебі савантизм синдромы бар адамдар белгілі бір салада ерекше қабілетке ие. Таңғаларлығы, мұндай қабілет кейде ми жарақатынан кейін пайда болады.

Мәселен, басынан ауыр соққы алған кей адамдар күрделі математикалық есептерді лезде шығаратын, не бұрын-соңды сурет салмаған адам кенет кәсіби деңгейде сурет сала бастайды.

Джейсон Пэджетт – савантизм феноменінің ең танымал мысалының бірі. Ол жас кезінде қарапайым өмір сүрген, математикаға ерекше қызығушылық танытпаған адам еді. 2002 жылы көшеде шабуылға ұшырап, басынан ауыр соққы алғаннан кейін оның өмірі түбегейлі өзгереді. Жарақаттан соң Пэджетт әлемді геометриялық пішіндер арқылы қабылдай бастайды. Су тамшысын – фрактал, жарықтың қозғалысын – математикалық толқын ретінде көреді. Бұрын күрделі формулаларды білмеген адам кенет жоғары деңгейлі математикалық ұғымдарды өз бетінше түсіне алатын қабілетке ие болды. Ғалымдар бұл құбылысты мидың кей бөліктерінің зақымдануы басқа аймақтардың жасырын мүмкіндігін белсендіруімен байланыстырады.

Прогерия: балалық шақтағы кәрілік

Прогерия – сирек кездесетін генетикалық ауру. Бұл диагноз қойылған балалардың ағзасы жылдам қартаяды. Әлемде мұндай науқастар саусақпен санарлық. Олар жасына жетпей жүрек-қантамыр асқынуларынан көз жұмуы мүмкін.

Кейінгі жылдары гендік терапия бағытында зерттеулер жүргізіліп, аурудың ағымын баяулататын дәрілер сынақтан өтті. Бұл дерт жойылып немесе емі табылмаса да, ғалымдар «үміт отын өшірмеуге» тырысып келеді.

Гипертимезия: ұмытпайтын ми

Кей адамдар өмірінің әр күнін егжей-тегжейлі есінде сақтай алады. Бұл құбылыс гипертимезия деп аталады. Мұндай жандар үшін өткен шақ еміс-еміс еске түсетін фрагменттерден құралмайды, олар киноның кадры секілді айқын әрі әсерлі.

Бір қарағанда, бұл артықшылық көрінуі мүмкін. Алайда ғалымдар мұндай есте сақтаудың психологиялық жүктемесі ауыр болатынын айтады. Өкініштісі, аман естеліктер де өшпейді, салмақ салады. Кейде «ұмыту – жеңілдік» екенін осыдан аңғарсақ болады.

Спонтанды ремиссия

Онкологияда кейде ісіктің өздігінен кішірейіп, тіпті жоғалып кету жағдайлары тіркелген. Мұндай құбылыс спонтанды ремиссия деп аталады. Ғалымдар оны иммундық жүйенің тосын белсенділігімен байланыстырады.

Мәселен, ауыр инфекциядан кейін иммундық жүйе «оянып», қатерлі жасушаларға қарсы күресті күшейткен жағдайлар кездескен. Бұл құбылыс кейін иммунотерапия әдістерінің дамуына түрткі болды. Яғни табиғаттың өзі меңзеген жолды ғылым жалғастырды.

Медицина тарихында талай жаңалық кездейсоқ табылған. Пенициллиннің ашылуы да зертханадағы күтпеген жағдайдан басталғаны белгілі. Ғалымдар кейде «іздегені бір басқа, тапқаны бір басқа» болып жатады. Бірақ сол табыс адамзат игілігіне қызмет етеді. Қызық-ақ.

Кездейсоқ емделу жағдайлары сирек әрі бақылауды қажет етеді. Дегенмен олар мидың, иммундық жүйенің, генетиканың мүмкіндігі әлі толық ашылмағанын көрсетеді. Адам ағзасы – құпияға толы кітап. Ғылым сол кітаптың әр бетін асықпай парақтап келеді.

Қорыта айтқанда, медицинадағы тосын оқиғалар бізге бір шындықты ұқтырады: дерт те, ем де кейде күтпеген жерден табылады. Бірақ ғылым үшін ең бастысы – кездейсоқтықты өз пайдасына асыру. Сонда ғана адамзат үмітпен емес, сеніммен өмір сүреді.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!