Бала кезде Жаңа жыл – сиқырға толы ең керемет мерекелердің бірі. Алайда айнала әдемі безендіріліп тұрса да, жас ұлғая келе мереке сезілмей кетеді. Оған жаңажылдық қарбаластан шаршау немесе қандай да бір проблемалар ықпал етуі мүмкін. Егер жаңажылдық көңіл күйіңіз болмаса, оны «ояту» үшін не істеуге болады? Толығырақ Massaget.kz материалында.

Үйді безендіріңіз

Жаңа жыл жанып тұрған гирлянда, жылтырақтар және безендірілген шыршамен ассоциацияланады. Сондықтан үйіңізді Жаңа жылға дайындаңыз. Бұл позитивті ойлауға көмектеседі және өміріңізге ашық сәттер сыйлайды. Мысалы, өзіңіз қолдан сурет салып, оны көрінетін жерге іліп қойыңыз. Сурет салу процесінің өзі проблемалардан алаңдауға көмектеседі.

Достарыңызбен кездесіңіз және туыстарыңызға қонаққа барыңыз

Жаңа жыл отбасылық мерекелердің бірі болып саналады. Сондықтан достарыңызды кездесуге шақырып, жақындарыңызға жиі қонаққа барыңыз. Көптен бері сөйлеспеген адамға хабарласып, Жаңа жылмен құттықтаңыз. Егер жақын адамыңызбен жанжалдасып қалған болсаңыз, бұл барлық реніш жайлы ұмытып, қарым-қатынасты реттеуге жақсы уақыт.

Сыйлықтар жайлы ұмытпаңыз

Жаңа жылды сыйлықтарсыз елестету қиын. Достарыңыз бен жақындарыңызға жағымды сувенирлер дайындап қойыңыз. Олардың қымбат сыйлық болуы міндетті емес. Өзіңіз жайлы да ұмытпаңыз. Өзіңізге бір нәрсені қимай жүрген болсаңыз, оны сыйлық ретінде алыңыз.

Музыка мен кино сиқырын пайдаланыңыз

Үйіңізге жаңажылдық көңіл күй кіргізу үшін жаңажылдық музыка қосу жеткілікті. Жиі жаңажылдық музыка тыңдауға тырысыңыз. Сол кезде қиындықтарға қарамастан, қалай мерекенің келуін күтіп жүргеніңізді байқамай қаласыз. Әрине, сондай-ақ Жаңа жыл атмосферасын сыйлайтын кинолар қарауды ұмытпаңыз.

Жаңажылдық кештерге барыңыз

Жаңа жылдың алдында үйде отыра бермеңіз. Оны белсенді қарсы алуға тырысыңыз. Мысалы, таза ауада жиі серуендеңіз, достарыңызбен кездесіңіз және түрлі шараларға қатысыңыз. Жаңа жыл қарсаңында жәрмеңкелер, концерттер және басқа да шаралар өткізіледі.

Жаңажылдық дәстүр ойлап табыңыз

Әр Жаңа жылда жасағыңыз келетін дәстүр ойлап табыңыз. Ол сізге ұнайтын, сізге жағымды эмоция сыйлайтын нәрсе болуы керек. Мысалы, «Жаңа жыл сайын жақыныммен SPA-ға барамын», «Жаңа жыл сайын сол жылы түскен әдемі суреттерімді шығартамын» және т.б. Егер отбасыңыз бар болса, отбасымен бірге істейтін нәрсе ойлаңыз. Мысалы: «Отбасымен бірге печенье пісіреміз», «Отбасымен бірге тауға шығамыз» және т.б.

Хат жазыңыз

Бала кезде Жаңа жылда Аяз атаға хат жазу дәстүрі болатын. Хат жазудың өзі ерекше көңіл күй сыйлайтын процесс. Ересек кезде де хат жазыңыз. Хатқа өз армандарыңыз бен қалауларыңызды жазыңыз. Бұл мақсаттарыңызды анықтауға көмектеседі және бұл процесс сізге медитация ретінде әсер етеді.

Өз қалауыңызша тойлаңыз

Жаңа жыл – маркетологтардың сүйікті мерекесі. Дүкендер Жаңа жылға дайындықты өте ерте бастап кетеді. Адамдар арасында қарбалас басталады. Жаңа жыл түні мол дастарқан дайындалады. Алайда Жаңа жылды қарсы алудың жалғыз дұрыс әдісі жоқ. Егер жаныңыз қаламаса, сол күні шаршап, көп тамақ пісірудің қажеті жоқ. Шаршап отырсаңыз, түнгі 00.00-ге дейін отырудың қажеті жоқ. Бұл күнді қалауыңызша өткізіңіз. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!