Фото: mirprognozov.ru
Мінез – күрделі әрі көп қырлы құбылыс. Ол адамның өмірін, әрекетін, қарым-қатынасын анықтайтын маңызды элемент. Бірақ оның табиғаты қандай? Ол табиғи қасиет пе әлде тәрбие мен қоршаған ортаның ықпалынан қалыптаса ма?
«Мінезсіз адам болмайды, қисықсыз қадам болмайды. Бұл жалғанда үш дауасыз нәрсе бар: бірі – кәрілік, бірі – ажал, бірі – мінез. Осы дауасыздарға төзімді бола біл!» деген екен хәкім Абай. Расымен үш дауасыз адам тағдырының бір бөлігі. Тарқатар болсақ, кәрілік – табиғаттың заңдылығы. Тірі жан уақыт өте қартаяды, әлсірейді, бірақ рухани жетіліп, даналыққа жетеді. Ажал – әр тағдырдың нүктесі, өмірдің шегі. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Ал келесі дауасыз мінез – ол ішкі дүниенің бейнесі. Адамның мінезі туғаннан бастап өмір бойы жетіледі, сол арқылы әр тұлғаның ерекшелігі, қайталанбас қасиеттері қалыптасады. Сондықтан да мінезсіз адам болмайды.
Жазбаның жазылуына арқау болған тақырыпты кеңінен ашар болсақ, «мінездің қалыптасуына не әсер етеді?» деген сауал туындайтыны хақ.
Тәрбие – адамды адам ететін, оның рухани және моральдық қағидаларын қалыптастыратын маңызды процесс. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, адалдық, еңбекқорлық, қайырымдылық, қонақжайлық секілді қасиеттерді жоғары қоятын қазақ халқының тәрбие беруі ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениет пен салт-дәстүрге негізделген. Әрбір қазақ отбасында балаға ата-ананың, ата-әженің өнегелі сөздері, іс-әрекеттері арқылы тәрбиелік мәні бар сабақтар беріледі. Бұл қасиеттер бала мінезінің қалыптасуына тікелей ықпал етеді. «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген мақал осы тәрбиенің түпкі мақсатын айқын көрсетеді. Яғни балаға болашақты ойлап, оның жауапкершілігін түсінуге үйрету, мінезінің мықты, қайсар, әділ болуына жағдай жасау, ата-ананың сөздері мен іс-әрекеттері баланың санасында мәңгіге қалады. Сондықтан қазақы тәрбиеде баланың алдында жаман сөз, өтірік айту, теріс қылықтар көрсетуге қатаң тыйым салынған. Мінез қалыптасуында да отбасының рөлі бар екенін қазақ бабам бұрыннан білген. Бұл ғылымда да дәлелденген тұжырым.
Ғалымдар белгілі бір мінез-құлық үлгілерінің ата-анадан балаға берілуін зерттеген. Мысалы ата-анасы сабырлы және салмақты адамдардың балалары осыған ұқсас қасиеттерге ие болады. Музыкалық қабілеті жоғары ата-аналардың балалары музыкаға бейім келеді деген секілді тұжырымдар бар. Сондай-ақ тұқым қуалау арқылы берілетін кейбір темперамент түрлері бар: холерик, сангвиник, меланхолик, флегматик. Бұл мінез түрлері адамның эмоционалды реакциялары мен әлеуметтік өзара әрекеттерін анықтайды. Темпераменттің төрт түрі адам мінезінің табиғи жақтарын сипаттайды.
Жуырда мына бір жағдай мені ойға қалдырды. Асылхан мен Айша – өз ортасында құрметке ие жұп. Асылхан – кәсіпкер, ал Айша – қоғам белсендісі. Олардың өмірі сырттай мінсіз көрінгенімен, іштерінде мұң бар.
Асылхан бала күнінде әкесінің қатал тәрбиесін көріп өскен. Ол бизнес құрып, жетістікке жетсе де, жүрегі әке жылуын аңсайды. Жазира керісінше, отбасы мен бауырларының мейіріміне бөленіп өсті.
Әдеттегі қарбалас күн еді. Асылхан жұмыстан кеш оралып, үйде ешкімнің күтіп алмағанына ренжіп, Айшаға ауыр сөздер айтты. Жазира көз жасын тыя алмай, бөлмесіне жүгірді. Бұл ұрыс жүректерінде жасырылған жараларды қайта жаңғыртты.
Ойлана келе, Асылхан қаталдығын балалық шағымен байланыстырып, қателігін ұғып, өз мінезін өзгертуге шешім қабылдады. Айша да оның жүрегіндегі мұңды түсініп, қолдау көрсетуге дайын болды. Олар бір біріне сүйеніп, барлық қиындықтарды бірге жеңуге уәде берді. Осылайша жас жұп мейірім мен түсіністік арқылы жүректегі жараларын емдеуге ұмтылды.
Иә, әр адамның өмір жолы ерекше. Бұл оқиға адамның мінезі өмірлік тәжірибеден де қалыптасатынын көрсетеді. Табиғи қасиеттер мен генетикалық ерекшеліктер маңызды болғанымен, өмір жолында кездестірген түрлі оқиғалар адамның шынайы мінезін қалыптастырады. Сондықтан әрбіріміздің өмірімізде маңызды рөл атқаратын әлеуметтік ортаның мәнін бағалай білуіміз қажет. Адам болмысын түсіну үшін оның өткен өмірін, тәрбиесін және қоршаған ортасын ескерусіз қалдыруға болмайды.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!