Минимализмнің берер пайдасы мол екенін зерттеушілер талмай дәлелдеп келеді. Минималист ол өзіне ненің қажет, ненің қажетсіз екенін білетін адам. Яки олар уақытын затқа емес, адамдарға, естеліктерге жұмсайды. Біз өмірді тым қысқа дейміз. Дегенмен саяхаттап, естеліктер жиюдың орнына әлдебір дүниені сатып алуды жанымыз қалап тұрады. Әсіресе біз, қазақ халқы «өзі үшін емес, қонақ үшін» жиып-теретінімізді жоққа шығара алмаймыз. Әр бөлмесі ат шаптырымдай үй салуды мақсат ететініміз, оны жиһазға толтыруды мақтан көретініміз тағы бар. Мұны минималистер мүлде құптамайды. Біріншіден шығын болса, екіншіден өлшеп берген уақытты зая кетіру. Бір ғана мысал, үй ішіндегі сансыз затты сүртіп-тазалағанда қанша уақытты босқа өлтіргеніңізді байқамай да қаласыз. Өзіңізден сұрап көріңізші, өмір шынында да тым қысқа ма?

Плюшкин синдромы – психологиялық бұзылыстар қатарына жататын дерт. Адамның қажетсіз заттарды жинап, оларды тастай алмауымен сипатталады. Бұл синдром ғылымда патологиялық жинақылық немесе диспософобия деп аталады. Аурудың атауы Николай Гогольдің «Өлі жандар» романындағы Плюшкин есімді кейіпкермен байланысты туындаған.

Бұл аталған сипаттама әрбіріміздің бойымыздан белгілі бір деңгейде табылатынына күмәнім жоқ. Өзімізде бар, бірақ тұтынбақ түгілі ұмытылып кеткен заттарымыз оның дәлелі. Білікті мамандардың айтуынша, егер сіз бір затыңызды бір жылдан астам уақыт қолданбасаңыз онда одан арылуға тиіссіз. Себебі жыл бойы керексіз болған зат сізге әрі қарай да қажеті болмайтыны анық. Сондай-ақ кейбір дүниенің жаңасын алсаңыз, ескісін тастауды әдетке айналдырған абзал. Егер сізге дәл қазір нақты қажеті болмаса, кейін керек болар деген мақсатпен (науқан уақытында) зат сатып алудан аулақ болыңыз. Қалауыңыз бен нақты қажет нәрсенің ара жігін ажыратып, саралай біліңіз. Сонымен қатар бір затты тастаймын деп 5 рет ойлаған болсаңыз, тура қазір одан құтылыңыз. Ал тастау қиынға соққан затыңызды мамандар суретке түсіріп алуды ұсынады.

Басты тақырыбымызға ойысайық. Плюшкин синдромының нақты себептері толық анықталмағанымен, оның дамуына мынадай факторлар ықпал етуі мүмкін: Балалық шақтағы немесе ересек кездегі қиын оқиғалар (жоғалту, кедейлік, жақындардан айырылу). Сондай- ақ эмоциялық тұрақсыздық адамның заттарға байлануына себеп болады екен. Жауапсыздық, шешім қабылдаудан қорқу, өзгеге тәуелділік те бұл дерттің пайда болуына әсер етеді. Сонымен қатар кейбір зерттеулер мұрагерлік факторлардың да рөлі басым екенін көрсетеді.

Плюшкин синдромы адам бойынан былайша көрініс береді:

Керексіз заттарды жинау: Газет, ескі киім, қоқыс, сынған техника сияқты заттарды сақтап, оларды тастаудан бас тарту.

Ұқыпсыздық: Үйдің ішіндегі заттардың шектен тыс көптігі және ретсіздігі.

Әлеуметтік оқшаулану: Тұрмыстық жағдайдан ұялу салдарынан қонақтарды қабылдамау немесе сыртқы адамдармен қарым-қатынасты шектеу.

Эмоционалдық байланыс: Заттарға шамадан тыс байлану, оларды тастау туралы ойлағанда мазасыздықты сезіну.

Психологиялық тұрғыда және адам денсаулығына тигізетін әсеріне тоқталсақ. Аталған дерт адамның өзін-өзі төмен бағалауына, депрессияға немесе жалғыздыққа әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жиналған заттар үйдегі ауа сапасын нашарлатып, аллергия, демікпе және басқа да ауруларға себеп болады.

Плюшкин синдромының нақты емі толық зерттелмеген. Әйтесе де мамандар үздіксіз психотерапиялық әдісті дұрыс деп тапқан көрінеді. Науқасқа қажетсіз заттардан құтылуға көмектесу үшін ойларын қайта қалыптастыруға бағытталған когнитивті мінез-құлық терапиясынан өтуі тиіс. Тіпті кейбір жағдайларда мазасыздықты немесе депрессияны басу үшін арнайы дәрілер тағайындалады. Бұл кезеңде науқасқа туыстарының түсіністікпен қарап, біртіндеп өзгеруге көмектесуі өте маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ заттарды жүйелі түрде сұрыптап және тазалап отырған абзалырақ.

Плюшкин синдромы қарапайым салақтық пен ұқыпсыздықтан әлдеқайда күрделі мәселе. Ол адамның психологиялық және физикалық денсаулығына зиян келтіретіндіктен, уақытылы емделуді қажет етеді. Егер бұл мәселе сіздің немесе жақындарыңыздың басында бар болса, кәсіби мамандарға жүгініп, көмек сұраған дұрыс.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!