Жапон архитектурасы мен үй ішінің безендірілуі XXI ғасырда да әлем халқы үшін жұмбақ болып келеді. Сырт көзге олар ерекше, қарапайым әрі терең мағынаға ие секілді көрінеді. Мұндай үйлер тек тұрғын үй ғана емес, белгілі бір өмір философиясын бейнелейтін кеңістік секілді әсер қалдырады. Әсіресе жапон үйлерінде жиһаздың өте аз болуы көпшілікті таңғалдырады. Олар күнделікті тұрмыстық заттарын, киім-кешегін қайда сақтайды?

Жапон мәдениетіне қызығатындар бұл сұрақты жиі қояды. Шынында да, жапон үйлерінде жиһаз болса да, ол тек ең қажетті қызметті ғана атқаратын қарапайым әрі ықшам нұсқада болады. Дәстүрлі кереуеттің орнына көбіне футон – еденге жайып ұйықтайтын матрас пайдаланылады. Ол күндіз жиналып, бөлмеде бос кеңістік қалдырады. Сонымен қатар аяқсыз орындықтар мен шағын үстелдер қолданылады. Алғашында мұндай интерьер көп адамға қолайсыз көрінуі мүмкін. Алайда жапондар үшін бұл үйреншікті әрі ыңғайлы өмір салты.

Ең басты сұрақтың бірі – заттарды сақтау мәселесі. Жапондарда да басқа халықтар сияқты киім, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника бар. Бірақ олардың ерекшелігі – артық зат жинамау. Олар қажетсіз дүниені сатып алмайды, қолданбайтын затты сақтап қоймайды. Бұл жапон қоғамындағы минимализмнің айқын көрінісі. Әрбір заттың өз орны мен қажеттілігі болуы тиіс.

Мысалы жалғыз адамға ондаған тәрелке мен кесе қажет емес. Қанша адам болса, сонша ыдыс жеткілікті деп есептеледі. Сынған немесе тозған заттарды сақтап қоюдың орнына оны тастап, қажет болса жаңасын сатып алады. Бұл қағида тек ас үйге ғана емес, жуынатын бөлмеге де қатысты. Яғни артық сүлгі немесе косметикалық құралдар жиналмайды.

Жапониядағы тұрғын үйдің шағындығы да бұл үрдіске әсер етеді. Пәтерлер мен үйлер көбіне тар болғандықтан, кеңістікті тиімді пайдалану маңызды. Егер үйді қажетсіз заттарға толтырса, өмір сүруге орын қалмайды. Ал минимализм керісінше кеңдік пен жарық сыйлайды. Тіпті терезелерде де ауыр перделер сирек кездеседі, көбіне жеңіл жалюзи немесе мүлде перде болмайды.

Дегенмен жиһаз мүлде жоқ деген сөз емес. Ас үйде қажетті гарнитур болады, бірақ шкафтар саны аз әрі тұрмыстық техника көбіне кіріктірілген. Бұл кеңістікті үнемдеп қана қоймай, артық шуды да азайтады. Ал жатын бөлмеде кереуеттің астында немесе арнайы контейнерлерде заттар сақталады.

Жапон үйлерінде жасырын сақтау жүйелері кең тараған. Мысалы, қабырғаға кіріктірілген шкафтар сырт көзге байқалмайды. Көп жиһаз трансформациялана алады. Жиналмалы үстелдер мен орындықтар, көтерілетін кереуеттер, бәрі де кеңістікті үнемдеу үшін жасалған. Футонның өзі кейде күндіз үстел ретінде де қолданылуы мүмкін.

Бұл өмір салтының тағы бір себебі табиғи апаттар. Жапония сейсмикалық белсенді аймақта орналасқандықтан, жер сілкінісі жиі орын алады. Сондықтан ауыр жиһаздар құлап, адамға зиян келтіру қаупі жоғары. Сол себепті жапондар қауіпсіздікті де ескеріп, үйін барынша жеңіл әрі бос ұстауға тырысады.

Сонымен қатар, жапондардың өмір философиясы да үлкен рөл атқарады. Мысалы дәстүрлі шай бөлмелерінде артық ештеңе болмайды. Бұл жерде қарапайымдылық пен ұстамдылық, үйлесім мен тыныштық маңызды. Артық заттар адамның назарын шашыратып, ішкі тыныштығын бұзады деп есептейді.

Бүгінде жапон минимализмі жер жүзіне танымал бола бастады. Адамдар саналы тұтынуға бет бұрып, қажетсіз заттарды жинамай, өмірін жеңілдетуге ұмтылуда. Бұл тек интерьер стилі ғана емес, өмірді қарапайым әрі мәнді етуге бағытталған көзқарас.

А.Оралбай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!