Қиял мен шындықтың тоғысқан тұсында, бала арман мен ежелгі аңыздың арасында бір жұмбақ бейне бар. Ол – мүйізді пырақ. Оны ертегі елінде өмір сүретін, маңдайында шиыршықтала біткен мүйізі бар аппақ тұлпар ретінде білеміз. Ал шын өмірде мұндай жануардың болмағанына қарамастан, ол мыңдаған жыл бойы адамзат қиялын тербеп келеді. Неге екені белгісіз, адамдар осы қиялдағы жаратылысқа әлі күнге дейін ерекше сүйіспеншілікпен қарайды.

Тарих парақтарын ақтарсақ, бірегей бейненің тамыры тым тереңде – Ежелгі Грекия дәуіріне дейін созылады. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген грек дәрігері Ктесий Үнді жерінде «жүні аппақ, көздері көгілдір, ал маңдайында бұрала біткен ұзын мүйізі бар» ғажайып жануар жайлы жазып қалдырған. Ол мұндай тіршілік иесін өз көзімен көрмесе де, ел арасындағы әңгімелерге сенген. Ғалымдар кейіннен Ктесийдің сипаттаған жануары мүйізтұмсық екенін анықтады. Бірақ адам қиялы кейде шындықтан биік – сол сәттен бастап бір ерекше бейне адамзат санасына мәңгі ұялады.

Библия мәтіндерінде де «мүйізі бар асау жануар» туралы жолдар кездеседі. Уақыт өте келе оны «единорог» деп атай бастаған. Ғалымдар бұл жерде жабайы бұқа туралы айтылған болуы мүмкін дейді, алайда адамдардың жүрегінде әлдеқашан басқа сурет қалып қойған еді – тылсым күш иесі, сиқырлы жануар бейнесі.

Орта ғасырларда мүйізді пырақтың бейнесі мүлде жаңа мағынаға ие болды. Аңыздарда ол тек пәк қыз ғана бағындыра алатын асау жануар ретінде суреттелді. Суретшілер бұл аңызды ерекше әсермен қабылдап, өз туындыларында жиі бейнеледі.

Рафаэль Сантидің атақты «Дама с единорогом» картинасында бұл жануар – тазалық пен адалдықтың нышаны. Ал Леонардо да Винчи оны керісінше – құмарлық пен еріксіз сезімнің белгісі деп түсіндірді. Міне, сол себепті де мүйізді пырақ бейнесі адам табиғатының екі қырын – рухани тазалық пен тәндік құштарлықты қатар суреттейді.

Уақыт озған сайын миф шекарадан асып, мәдениет кеңістігіне сіңіп кетті. Мүйізді пырақ енді ертегі емес, өнердің тұрақты кейіпкеріне айналды. Ол Шекспирдің «Бурясында», ағайынды Гриммдердің ертегілерінде, Льюис Кэрролдың «Алиса ғажайыптар елінде» шығармасында бой көрсетіп, кейін кино мен мультфильмдердің сәніне айналды.

«Гарри Поттер» мен «Нарния шежіресінде» аппақ тұлпар түрінде көрініп, балалар қиялының сүйікті бейнесі болып қалыптасты. Ал бүгінде оның бейнесі ойыншықтарда, киімдерде, әлеуметтік желілерде жарқырайды – ол енді мәдени символ, позитив пен сұлулықтың айнасы.

Ғалымдар да бұл құбылыстан шет қалған жоқ. Кейбірі «мүмкін, бір кезде ондай жануар шын болған шығар?» деген сұраққа жауап іздей бастады. Бірақ жер қойнауынан табылған сүйектердің барлығы жалған болып шықты – тіпті біреулер «мүйізді пырақ қаңқасын» қолдан құрастырып, жұртты сендірмек болған.

Дегенмен зерттеушілер мифтің тууына себеп болған жануарлар бар дейді. Кейбір жылқы тұқымдарының маңдайында сүйек өсіндісі байқалады – алыстан қарағанда ол мүйізге ұқсайды. Ал мүйізтұмсық – сол бейненің ең шынайы прототипі болуы мүмкін.

Аңғарып қарасаңыз, Мемлекеттік елтаңбамыздағы басты элементтердің бірі – аңыздардан тамыр тартқан қанатты тұлпарда да мүйіз бенеленген. Қанатты пырақтың бейнесі – халқымыздың ғасырлар бойы көксеген арманы, қуатты да гүлденген мемлекет құруға деген ұмтылысының көрінісі. Ал мүйіз бейнесі – көне мәдениеттен нәр алған мәнді элемент. Ол ертеде көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, жауынгерлік туларының ұшында бейнеленіп, күш пен жеңістің, береке мен молшылықтың нышаны ретінде қолданылған. Көк пен жердің арасындағы үйлесімділікті, табиғаттың тылсым қуатын мүйіз арқылы көрсету дәстүрі көптеген халықтарда сақталған. Осылайша, молшылық пен жеңісті, биік арман мен жасампаз рухты біріктіретін мүйізді һәм қанатты тұлпар – қазақ халқының тарихи жады мен рухани дүниетанымынан тамыр алған терең мағыналы символ. Ол елтаңбадағы ең айшықты бейнелердің бірі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның асқақ мұратын айшықтап тұр.

Мүйізді пырақ – табиғатта жоқ, бірақ адам жүрегінде бар жануар. Ол ғасырлар бойы тазалықтың, үміт пен сұлулықтың символына айналды. Мүмкін адамдар оның өмірде болмағанына емес, бола алатынына сенгісі келетін шығар. Өйткені әрбір адам жүрегінің түкпірінде бір сәтке болса да ертегіге сенгісі келеді.

Аружан МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!