Фото: ашық дереккөзден

Мультфильм – таңғажайып оқиға мен сиқырға толы сюжет арқылы өмірдің мәнін бейнелейтін туынды. Аты жеңіл болғанымен, заты ауыр жанр. 2023 жыл көрермен үшін «Өрмекші адам: ғаламдар торы» картинасымен есте қалды. Ал биыл анимация саласы үшін жаңғыру жылы болмақ. Не үшін? Бірге қарастырайық.

Жаңғыру жылына оралсақ. 2024 жылы жарыққа шығатын мультфильмдердің бір қатары сиквел, франшиза ретінде шығарылуда. Мәселен, балалық шақтың ескі туындысына айналған «Шрек» мультфильмі экранға қайта оралады. 23 жыл тарихы бар франшизаның қорында төрт толықметражды жоба және көптеген спин-офф бар. Соңғы бөлімі «Шрек мәңгілік» 2010 жылы кинотеатрларға шықты. Сол аралықтан бері мультфильм классикаға айналды. «Шрек» картинасының бесінші бөлімінің сюжеті әлі күнге дейін жұмбақ. Көрермендер бұрынғы бөлімдердегі сүйікті кейіпкерлері: Шрек, Фиона, есек және етік киген мысықты қайта көретіні белгілі. Бастысы, көрсетілімге осы жылы беріледі.

Нью-Йорк қаласында орналасқан хайуанаттар бағындағы төрт жануармен таныстырған «Мадагаскар» естеріңізде ме? DreamWorks Animation SKG студиясы бұл мультфильмнің тарихын 2005 жылы бастады. Глория, Мелман, Марти мен Алекстің шытырман оқиғаларын қайта көргісі келмейтін кім бар? Франшизаның соңғы бөлімі «Мадагаскар 3» 2012 жылы шықты. Көрерменді сағындырып, 12 жылдан соң авторлар «Мадагаскар 4» шығаруды қолға алды. Алайда нақты уақыты әлі жарияланбады.

Тізімдегі мультикартиналардың ішінде жарыққа шыққан, жаңғыру кезеңінен өткен, кунг-фу шеберінің өмірін баяндайтын «Кунг-фу Панда» мультфиліміне де кезек келді. 2008 жылы DreamWorks Animation студиясы құрған мультикартинаның төртінші бөлімі 8 наурыздан бастап үлкен экранда көрсетілуде. Әлеуметтік желіде көрерменнің пікірі екіге бөлінді. Бірі балалық шақтағы кейіпкерлермен қауышқанына қуанса, бірі мультфильмнің құндылығы, ерекшелігі жоғалғанын айтуда. Сюжет бойынша айдаһар жауынгері болған Поның сапары аяқталады. Мультфильмде Чжэн, Хамелеон сынды жаңа кейіпкерлермен қатар 16 жыл бұрын Помен күрескен Тай Лунг та бой көрсетеді.

Сиквел картиналардың бірі – «Басқатырғыш 2». Disney және Pixar студияларының бірлескен жұмысының нәтижесінде 2015 жылы «Басқатырғыш» комедия-драмалық мультфильмі жарыққа шықты. Алғашқы бөлімі әлемдік сыншылардың бағалауымен 8,9 ұпай жинады және 10-нан астам марапат иеленді. Көрерменнің жүрегінен орын алған туындының сиквелі арада 9 жыл өткеннен кейін түсірілді. «Басқатырғыш 2» мультфильмінің сюжетінде басты кейіпкер Райлидің өміріндегі жаңа қиындықтар, жаңа эмоциялар туралы көрсетіледі. Картинаның режиссері Келси Манның айтуынша, екінші бөлім жасөспірімдердің өмірінде кездесетін өтпелі кезең тақырыбына арналған. Ал премьерасы 2024 жылдың 14 маусымында өтеді.

Күз айының қоңыр салқын райында Walt Disney Animation студиясы бізді Тынық мұхитындағы қызықты сюжеттермен қайта байланыстыруды көздеуде. Мультфильмнің басты кейіпкері Моанамен көрермен 2016 жылы танысты. Жағымды мелодиясы, шытырманға толы сюжетімен есте қалды. «Моана 2» картинасында басты кейіпкер ата-бабаларынан жұмбақ хабар алады, келесі сюжет осы хабар аясында өрбиді. Айта кетейік, кіші Дэйв Деррик режиссерлік еткен туындыны 27 қарашадан бастап тамашалай аласыз.

Сіздерге ұсынатын мультфильмдер тізімі осындай. Балалық шақты еске түсіретін мультикартиналардың жаңа бөлімдері жарыққа шығып, жаңғыруы кез келген көрерменді қуантарына күмәніміз жоқ.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!