Қандай да бір ғажап әнді естіп немесе сезімге толы өлеңді оқи қалсақ «Шіркін-ай, мына туынды арналған адам бақытты шығар» деп тамсанатынымыз бар. Алайда сол шығарманың шығу тарихына үңіліп, оның артында қандай тағдыр, қандай сезім, қандай адам тұрғанын зерттеп жатуға көбіне уақытымыз да, құлшынысымыз да бола бермейді. Шын мәнінде әрбір әсерлі туынды – бір адамның бейнесі, бір сәттің елесі, бір жүректің күйі. Ол – муза.

Муза ұғымы ежелгі дәуірден бастау алады. Антикалық танымда муза – өнер мен ғылымды қорғаушы, шабыт сыйлаушы киелі күш ретінде сипатталса, кейін бұл ұғым нақты адаммен, нақты сезіммен байланыстырылды. Ақын-жазушы, сазгер үшін муза – шабыттың себебі ғана емес, шығармашылықтың қозғаушы күші.

Әлемдік әдебиет пен музыка тарихында музаларға арналған туындылар аз емес. Данте Алигьеридің Беатричеге арналған «Құдіретті комедиясы» – махаббатты рухани деңгейге көтерген классикалық туынды. Ақын үшін Беатриче – жай ғана ғашық жар емес, тазалық пен кемелдіктің символы. Ал Франческо Петрарканың Лаураға арналған сонеттері – қол жетпес махаббаттың, үнсіз сағыныштың көркем көрінісі болып келеді.

Музыка әлемінде де бұл үрдіс жалғасын тапты. Людвиг ван Бетховеннің «Айлы сонатасы» мен «Өлмес сүйіктісіне» арналған хаттары – композитордың ішкі жан күйзелісін, махаббат пен жалғыздықтың арпалысын айқын көрсетеді. Кейде туынды кімге арналғаны жайлы нақты дерек айтылса, кейде бұл сұрақ әлі күнге дейін зерттеушілер арасында пікірталас тудырады. Қазақ әдебиеті мен өнерінде де музаның орны айрықша. Абайдың лирикалық өлеңдеріндегі нәзік сезім, сыршылдық – ақын жүрегінен өткен шынайы көңіл күйдің жемісі. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» секілді өлеңдерінде нақты бір адамнан гөрі, жалпы махаббаттың, сұлулықтың жиынтық бейнесі көрініс тапқан.

Қазақ ән өнерінде де көптеген танымал ән белгілі бір адамға арналғанымен, халықтық деңгейге көтеріліп шырқалып жүр. Ән авторы мен орындаушы үшін жеке сыр болса, тыңдарман үшін ортақ сезімге айналды. Музаның құдіреті де осында, автордың эмоциясына әсер етіп, оны туынды жазуға шабыт сыйлауында.

Көпшілік «муза болған адам бақытты» деп ойлайды. Алайда тарихқа көз жүгіртсек, бұл әрдайым бақыт емес екенін байқаймыз. Кейбірі өздеріне арналған туындылар арқылы мәңгілік ән болып шырқалса да, өмірде сол махаббатқа бөлене алмаған. Кейде муза болу – жауапсыз сезім, қашықтық, тіпті трагедиямен астасып жатады. Соған қарамастан, муза – өнер үшін қажет құбылыс. Ол болмаса, ғажайып туындылар дүниеге келмес еді. Муза – шабыттың, ал шабыт – әдебиет пен мәдениеттің бастауы.

Газетіміздің 2024 жылғы 31 санында «Нурикамал» секілді сәтті туындылардың тарихы жайлы тарқатып жаздық. Сол ізбен бүгінгі мақаламыз да тарихи тұлғалар мен олардың музалары хақында болмақ.

Қазақ руханияты тарихында үш бірдей ірі тұлғамен тағдыр тоғыстырған әйел жайлы білесіз бе? Фатима Зайнуллақызы – татар отбасында дүниеге келсе де, ғұмырын қазақ мәдениеті мен ағартушылығына арнаған әйел. 1903 жылы Қапал қаласында туған Фатима жасынан білімге құштар болған. Орыс және татар мектептерінде, медреседе оқып, кейін жоғары білім алды. Бірнеше тілді меңгерген, еуропалық мәдениеті қалыптасқан ол ұстаздық, аудармашылық, редакторлық қызметтер атқарып, сол дәуірдегі сауатты әйелдердің алдыңғы легінен көрінді.

Бойжеткен шағында ағартушы Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығып, отбасылық өмірді бастады. Үш балалы болған бұл шаңырақ ұзаққа бармады – Сталиндік қуғын-сүргін Біләлді жалмап, Фатима жесір қалды. Бұл оның тағдырындағы алғашқы ауыр соққы еді. Кейін ол ақын Ілияс Жансүгіровпен тағдыр қосты. Фатима Ілиястың өмірлік серігі ғана емес, шығармашылық шабыт көзі болды. Ақынның махаббат лирикасындағы сырлы сезімдер осы кезеңмен байланысты еді. Алайда 1937 жылғы репрессия Ілиясты да алып тынды. Фатима бес баламен «халық жауының әйелі» ретінде жер аударылып, бар ауыртпалықты жалғыз көтерді. Соған қарамастан, ол Ілиястың қолжазбаларын сақтап, мұрасын аман алып қалды. Үшінші рет Фатима Мұхтар Әуезовпен отбасын құрды. Бұл одақта Мұрат есімді ұл дүниеге келді. Соғыс пен жоқшылық жылдарында да ол бала тәрбиесі мен еңбекті қатар алып жүрді.

Фатима Зайнуллақызы – үш арыстың музасы ғана емес, ұлт руханиятының қорғаушысы. Қасіретке толы тағдырына мойымай, қазақ әдебиетінің алтын қорын сақтап қалған қайсар әйел ретінде тарихта қалды.

Мағжан Жұмабаевтың да өмірлік тағдыры өлеңдеріндегі сияқты қайғылы әрі шиеленіске толы болды. Оның жүрегін шын жаулаған – татар қызы Гүлсім Кемалова болатын. Ол Петербургтегі педагогикалық институтты бітірген, Бірінші дүниежүзілік соғыста медбике болған қыз еді. Қызылжарға мұғалім болып келгенде Мағжан оның сұлулығы мен тәкаппар мінезіне тәнті болады.

Ақынның әрбір өлеңінен оның сезімге толы ішкі әлемі, махаббаты мен сағынышы айқын аңғарылады. Мағжанның Гүлсімге деген сезімі бірнеше өлеңге арқау болған, олар – «Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім», «Айырылғанда», «Гүлсімге», «Тірілдім», «Сүй, жан сәулем». Ақынның махаббаты сергелдеңге толса да, бұл сезім оның поэзиясына жан бітірді.

Кейін Мәскеуде жүргенде, Мағжан Гүлсімге жолығуы мүмкін болғанымен, олар сөйлесе алмай, екіге бөлініп кете барады. Дегенмен олардың арасындағы махаббат әдемі естелік ретінде ақын шығармашылығында сақталып қалды.

Отырарда туған Шәмші Қалдаяқов қазақ музыкасының қайталанбас тұлғасы екені ақиқат. Оның шығармашылығы дәуірлердің жүрегін елжіретіп, қазақтың ән өнерін жаңа белеске көтерді. «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Кел билейік, кетпе менің қасымнан» сияқтыәндері – махаббат пен сағыныш, сезім мен сенімнің тоғысқан дүниесі.

Шәмші шығармаларының басым бөлігі шынайы өмірдегі сұлуларға арналып жазылды. Мысалы, «Сыған серенадасы» Изольда есімді қызға арналса, ал «Дүнген қызы» әні Шарипа есімді сұлуға арналған. «Сағынышым менің» әнінің кейіпкері Сағыныш композитордың жүрегін тербеген сезімнің символына айналды. Осылай Шәмші өмірден алған шабытын әуен мен лирика арқылы жеткізді.

Дегенмен Шәмші үшін отбасылық өмір әрдайым бірінші орында болды. Жан жары Жәмилә оның өмірлік серігі ғана емес, шығармашылығына шабыт беретін ең басты тұлға. Шәмшінің «Барлық әнім Жәмиләға арналған» деген сөзінен бұл анық көрінеді. Жәмиләның қолдауы мен махаббаты композиторға шығармашылық еркіндік беріп, әндеріне ерекше сезім мен мән қосты. Шәмшінің әндеріндегі кейіпкерлердің өмірден алынғаны оның шығармашылығына шынайылық пен тереңдік дарытты. Қазақ өнерінің корифейі Шәмшінің бұл шығармалары ұрпаққа аманат болып, ғасырлар бойы тыңдалып, халық жүрегінде жасай беретіні анық.

Ал мұзбалақ ақын Мұқағалидың музасы ең алдымен өз жары – Лашынан басталады. 17 жасында ақылы мен келбеті үйлескен, бойы сұңғақ, табиғаты бөлек, шашы тобығына дейін түсетін аққұба қызды көргенде, ақын оның өмірлік серігі боларын сезгендей еді. Мұқағалидың сүйікті жарына арнаған өлеңдері олардың арасындағы сенімділікті, махаббат пен түсіністікті көрсетеді. «Лашынға» атты өлеңінде:

«Іздесең, қателік көп менде, Сен бірақ түңілме, жек көрме!» – деп, әртүрлі сынақ пен дауылдарға қарамастан, өзіне деген сенімін сақтауды сұрап, өлең арнайды.

Осылайша, Лашын Мұқағалидың өмірлік серігі ғана емес, оның жүрегіне шабыт берген алғашқы музасы, ақынның шығармашылығына ерекше әсер еткен басты тұлға болып қалды.

Сондай-ақ Мұқағали мен Фариза Оңғарсынова арасындағы сезім жайлы талқылаулар да жиі кездеседі. Десе де Фариза сұхбаттарының бірінде бұл жайды жоққа шығарған. Ол Мұқағалидың өте кішіпейіл екенін атап өткен. «Бәлкім, ол кісінің тарапынан махаббат болған шығар. Маған кейде жақсы көретінін ұялып айта алмай жүрген кішкене бала сияқты елестейтін», – дейді Фариза.

Шетел әдебиетіне, оның ішінде орыс әдебиетіне үңілер болсақ, ең алғаш көзге түсетін кейіпкер – Саломея Андроникова. Британдық басылымдар «Күміс ғасыр ақындарына шабыт сыйлаған таңғажайып әйел» деп атаған Саломея XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы орыс мәдениеті мен поэзиясының тарихында айрықша аталады. Ол ақын да, суретші де, актриса да болған жоқ. Алайда оған дәл сол дәуірдің ең ірі қаламгерлері мен өнер иелері ғашық болды, өлең арнады, өз шығармаларына муза тұтты.

Саломея Андроникова 1888 жылы Тифлисте дүниеге келген. Ол бала кезінен зиялы ортада тәрбиеленді. 1906 жылы Саломея Петербургке қоныс аударып, әпкесімен бірге жалдаған пәтерін әдеби орталыққа айналдырады. Бұл үйге ақындар, жазушылар, суретшілер жиі жиналатын. Дәл осы кезеңде ол орыс поэзиясының «Күміс ғасыры» өкілдерімен жақын танысады.

Аңызға айналған бір кеште Александр Блок Саломеяны мейрамханада көріп, оның сұлулығынан шабыт алып, әйгілі «Незнакомка» өлеңін жазады. Көгілдір көзді, жұмбақ мінезді ару ақын қиялындағы әйел бейнесіне айналады. Саломеяға Осип Мандельштам да ерекше ықылас білдіріп, бірнеше өлеңін арнайды. Өнертанушылар Мандельштам поэзиясындағы Грузия образының қалыптасуына дәл осы Саломея әсер еткенін айтады. Анна Ахматова оған «Четки» жинағын сыйлап, достық ниетпен қолтаңба қалдырады.

1917 жылдан кейінгі аласапыран жылдар Саломеяны да айналып өтпеді. Ол Қырымда, Тифлисте болып, әдеби ортадан қол үзбей, «Орион» журналының шығуына атсалысты. Грузин ақындары да оны өз поэзиясының шабыт көзі санады.

Революция жылдары Саломея Украинаға, Қырымға, Грузияға, кейін Парижге қоныс аударады. Парижде Саломея Марина Цветаевамен жақын араласып, ақынға рухани әрі материалдық қолдау көрсетеді. Цветаева оны өз музасы санап, хаттарында ерекше ілтипат білдіреді. Сондай-ақ Саломея суретші Зинаида Серебрякованың Францияға келуіне де көмектескен деген дерек бар. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Саломея Америкаға көшіп, кейін өмірінің соңғы жылдарын Лондонда өткізеді. Жас кезіндегі сұлулығы мен сымбаты сақталған, зиялы келбетін жоғалтпаған ол туған Ресейі мен Грузиясын өмірінің соңына дейін сағынышпен еске алады.

1982 жылы мамыр айында Лондон қаласында 94 жасында Саломея Андроникова дүниеден өтті. Ол өзі өнерлі болмағанымен, өнерді тудырған тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалды.

Бүгінге оралайық. Қазақ өнерінде тоғыз ән, яки тоғыз туындыға шабыт берген ару жайлы ақпаратқа таңғала да тамсана да көз тіктік. Қазақ эстрадасының дара тұлғаларының бірі – Құрмаш Маханов өзінің әндеріндегі сезім мен шынайылықты тек талантымен ғана емес, жүрегіндегі шабытпен де жеткізеді. Бұл шабыттың көзі – әншінің шығармашылық өмірінде ерекше орын алған музасы.

Танымал әнші «Жақсы адамдарым» бағдарламасында тоғыз хитіне шабыт берген қыз жайлы әңгімеледі. Ол сол кездегі бойдақ Құрмашқа рух беріп, әндерінің жүрек түкпіріне жетуіне себепші болғанын айтты. Сондай-ақ сазгер әнші бұл арудың есімін жарияламай, оның жеке өмірін құрметтейтінін жеткізді. «Ол қыз тұрмысқа шыққан, төрт ұлы бар. Біз араласпаймыз. Менің өз жанұям, өмірім бар. Ол кісінің өз өмірі бар. Бірақ арада сезім болғаны ақиқат. Ол кісі керемет әндерді орындауыма себепші болды», – деп сөзін аяқтады. Құрмаш Махановтың әндеріндегі тереңдік пен нәзіктік дәл осы музаның ықпалымен туғанын байқауға болады.

Біз тамсанып тыңдайтын ән, сүйсініп оқитын өлең – біреудің жүрек сыры, біреудің өмірінен үзінді. Ол туынды кімге арналса да, уақыт өте келе жеке сезім шеңберінен шығып, баршаға ортақ қазынаға айналады. Сондықтан әсерлі шығармаға кезіккенде, оның артында тұрған музаны да еске алып көрейік. Себебі ұлы туындылардың артында әрдайым бір үнсіз кейіпкер – муза тұрады.

Тілек ҚАБЫЛ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!