«Оушеннің сегіз құрбысы», «Да Винчи коды» мен «Орындалмайтын тапсырма» секілді фильмдер Голливуд режиссерлерінің сүйікті тақырыбы емес пе? Түнгі музей, кенеттен өшкен жарық пен бейнебақылау камераларының сөнуі, із-түссіз ғайып болған құнды жәдігерлер… Нағыз шытырман дерсіз.
Жуырда ғана Париждегі әйгілі Лувр музейінде бұрын болмаған оқиға тіркелді. Елестетіңізші, 7 минуттың ішінде Наполеон Бонапартқа тиесілі әшекей бұйымдар мен Францияның патшалық зергерлік коллекциясындағы өзге де құнды жәдігерлер ұрланды. Міне, нағыз шытырман.
Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, бетперде киген бір топ ер адам жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жүк лифті арқылы музей ғимаратына кіріп кеткен. Олар Аполлон галереясына жету үшін терезелерді сындырып, ішке енген. Кейін құнды әшекейлерді қолды етіп, мотороллерге мініп, оқиға орнынан ізін суытқан. Прокуратура «ұйымдасып ұрлық жасау және қылмыс жасау мақсатында сыбайласу» бойынша тергеу бастап, жұмыс барысына мәдени құндылықтардың заңсыз айналымымен күрес қызметі де қосылды. Францияның мәдениет министрі Рачида Датидің «TF1» телеарнасына берген сұхбатында, қолды болған заттардың бірі музей жанынан табылғанын айтты. Жергілікті басылымдар ұрылар тастап кеткен, әлде түсіріп алған жәдігерді III Наполеонның әйелі, Евгения патшайымның тәжі деп хабарлады. Кейінгі дерек бойынша, күдіктілердің бірі Париждің Руасси Шарль де Голль әуежайында Алжирге ұшпақ болған кезде ұсталған. Екінші күдікті Сен-Сен Дени департаментінен табылды. Ол Малиге қашуды жоспарлаған. Париж прокуроры Лора Бекко Лувр мұражайынан ұрланған бағалы жәдігерлердің жалпы құны 88 миллион еуро екенін мәлімдеді. Ал теңгеге шаққанда 55009200743,49 теңге.
Бұл оқиға ең даулы музей ұрлығының бірі ретінде бағалануда. Ендеше, мұнан бөлек әлемнің түрлі елінде орын алған өзге де ұрлық деректеріне көз жүгіртіп көрейік.
Шапан астындағы «Мона Лиза». Леонардо да Винчи салған атақты «Мона Лизаның» даңқы оның ерекше бейнесімен ғана емес, бір кездері ұрланғанымен де байланысты екенін білесіз бе? ХХ ғасырдың басында, нақтырақ айтсақ 1911 жылы италиялық Винченцо Перуджа есімді баукеспе суретті қолды етуге бел буады. Ал ол музейдің бұрынғы қызметкері еді. Өз елінің перзенті ретінде «Мона Лизаны» Италияға қайтаруды парыз санаған. Перуджа түнде музей ішінде қалып, таңертең суретті қабырғадан шешіп, шыны мен жақтауын алып тастап, кенепті шапанының астына жасырған күйі есіктен шығып кеткен. Таңғы тексеріс кезінде күзетшілер туындының орнында жоқ екенін байқап, дереу дабыл қағады. Париж полициясы екі жыл бойы іздеу жұмыстарын жүргізіп, тек 1913 жылы Перуджа картинаны сатпақ болған кезде Флоренцияда қолға түсіреді. Сол жылы әйгілі туынды Луврға қайта әкелініп, бұрынғы орнына қойылады. Осы оқиғадан кейін «Мона Лиза» әлемдегі ең танымал әрі ең қатаң қорғалатын өнер туындысына айналды.
Студенттер олжалаған артефакт. 1985 жылы Рождество мерекесі қарсаңында Мехикодағы Ұлттық антропология музейінен 124 құнды артефакт ұрланды. Бұл оқиға Мексика тарихындағы ең ірі мәдени қылмыстардың бірі ретінде тіркелді. Таңқаларлығы – мұндай әрекетті кәсіби ұрылар емес, қарапайым екі студент ұйымдастырған. Олар бірнеше ай бойы музейге келуші ретінде кіріп, күзет пен қауіпсіздік жүйесінің әлсіз тұстарын мұқият зерттеген. Осы оқиғадан кейін Мексика үкіметі елдегі барлық мәдени нысанның қауіпсіздігін түбегейлі қайта қарап, жаңа бақылау жүйесін енгізді.
Қолды болған 13. Изабелла Стюарт Гарднер мұражайына 1990 жылғы 18 наурыздың түнінде ұрлыққа түскен америкалықтар 13 өнер туындысын әкетеді. Мұнымен қоса олар өздерін күзетшілерге дабыл бойынша келген сақшымыз деп таныстырған. Ішке кірген соң екі қарауылды матап, бір сағаттың ішінде бірнеше экспонатты алып шығарады. Бұл қылмыс әлі күнге дейін толық ашылмаған. Ұрылар да ұсталған жоқ, қолды болған жәдігерлердің қайда екені де белгісіз. Федералдық тергеу бюросы мен жәдігер саудасының мамандары ұрланған заттардың құны жүздеген миллион доллар деп бағалаған. Музей әкімшілігі жәдігердің ізінен хабар берген адамға 10 миллион доллар төлейтінін айтып жар салғанымен нәтиже болмады.
14 жылдан кейін табылған картина. 2002 жыл, қыс мезгілі, Амстердам. Осы уақытта Ван Гог мұражайында мықты жоспармен ұрлық жасалды. Таңғы 7 шамасында екі адам ғимараттың шатырына баспалдақ арқылы көтеріліп, бар-жоғы он бес минуттың ішінде олар Ван Гогтың екі бірегей картинасын ұрлап үлгерген. Голландиялық полиция арнайы операция жүргізіп, екі күдіктіні 2004 жылы ұстағанымен, туындылардың ізі ұзақ уақытқа жоғалған. Ұрланған картиналар тек он төрт жылдан кейін, 2016 жылы табылып, қайтадан музей қорына қайтарылды.
Тапқыр тонаушылар. АҚШтың Федералдық тергеу бюросы Леонардо да Винчидің «Ұршық ұстаған Мадонна» туындысының қолды болуын әлем тарихындағы ең шебер ұйымдастырылған 10 өнер ұрлығының қатарына жатқызады. 1501 жылы Флоримунд Роберттің тапсырысы бойынша салынған бұл картина 2003 жылы ерекше тәсілмен ұрланған. Сол жылы герцог қамалында жүрген турист кейпіндегі екі адам туындыны терезеден оп-оңай шығарып алып кеткен. Тапа-тал түсте жасалған қылмысқа куә болғандар не болып жатқанын түсінбей, аңырып қалған. Ал ұрылар жұртты сабырға шақырып: «Уайымдамаңыздар, бұл тек дайындық жұмыстары, біз полиция қызметкерлеріміз» деп артынша көзден ғайып болған. Абырой болғанда, төрт жыл өткен соң 2007 жылдың күзінде әйгілі картина Глазгодан табылып, Эдинбургтегі Шотландия ұлттық галереясына қайта оралды.
Қабырғадан жұлынған туындылар. 2004 жылдың тамызында Ослодағы Мунк музейінде болған оқиға да әлемді таңқалдырған еді. Көрермендер залды аралап жүрген сәтте бетперде киген екі адам кенеттен ішке баса кіріп, Эдвард Мунктың әйгілі «Айқай» және «Мадонна» картиналарын қабырғадан жұлып алып кеткен. Қолдарындағы қарумен күзетшілерді қорқытып, туындыларды көлікке тиеген олар оқиға орнынан із жасырған. Дабыл іске қосылғанымен, ұрыларды сол сәтте қолға түсіру мүмкін болмады. Екі жылға созылған тергеуден кейін, 2006 жылы екі туынды да табылды. Дегенмен, суреттердің бояу қабаты бүлініп, зақымдалғаны анықталды. Ал қылмыскерлер ұсталып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
1 миллиард еуро. 2019 жылы Германияның Дрезден қаласында орналасқан әйгілі «Grunes Gewolbe» атты зергерлік мұражайында 21 ғасырдағы ең ауқымды мәдени ұрлықтың бірі жасалды. Таңғы бес шамасында белгісіз адамдар электр трансформаторын өртеп, бүкіл ауданның жарығын сөндіріп тастайды. Осы сәтті пайдаланып, олар музейдің терезе торын кесіп ішке кірген. Қылмыскерлер тәждер мен ордендерді алып кеткен. Сарапшылар ұрланған бұйымнын құнын 1 миллиард еуроға бағалады. Ұрлықтан кейін музей ұзақ уақытқа жабылып, қауіпсіздік жүйесі толық жаңартылды.
Дәл осы жылы ұрылар Еуропадағы ең көне мұражайлардың бірі саналатын «Green Vault» музейіне жасырын кіріп, саксон ақсүйектерінен қалған XVIII ғасырдың зергерлік бұйымдарын ұрлады. Келген шығын 1 миллиард еуроға бағаланды. Қылмыскерлердің бір тобы ұсталғанымен, құнды жәдігерлер табылмады.
5 күнде табылған «Ай-Петри. Қырым». Третьяков галереясында болған бұл оқиға өнер сүйер қауымды дүрліктіргені анық. Архип Куинджидың әйгілі «Ай-Петри. Қырым» картинасы кенет жоғалып, Ресейдің мәдени өмірінде үлкен резонанс тудырды. Сақтандыру құны шамамен 12 миллион рубль болатын туындыны ұрламақ болған адам аса бір күрделі жоспар құрмаған. Бар болғаны көрме өтіп жатқан залға кіріп, қабырғада ілулі тұрған картинаны қолтығына қыстыра салып, ештеңе болмағандай жүріп кеткен.
Картинаның жоғалғанын көрермендер түстен кейін байқаған, сол кезде ғана музей қызметкерлері дабыл қаққан. Оқиға туралы хабар тарап, жедел іздестіру жұмыстары басталды. Нәтижесінде ұрланған туынды бес күннен кейін Мәскеу маңындағы Заречье ауылындағы шаңы шығып жатқан құрылыс аумағынан табылды. Сол күні-ақ «Ай-Петри. Қырым» өз орнын Третьяков галереясының төрін қайта тапты.
Тағы да Франция, Луврдағы ұрлықтан көп ұзамай тағы бір мұражайдан 2000 алтын мен күміс тиын ұрланды. Ақпаратқа сәйкес, ұрлық Францияның солтүстік-шығысында орналасқан Ландр қаласындағы философ Дени Дидроға арналған Maison des Lumières мұражайында орын алған. Сейсенбі күні жұмысқа келген қызметкерлер сынған әйнектерді көріп, дереу дабыл қаққан. Ресми тұлғалардың айтуынша, тиындар кәсіби түрде, «жоғары деңгейдегі біліктілікпен» таңдалып алынған. Кейінгі уақытта Франциядағы мәдени нысандарда ұрлық жиілеп кетті. Өткен айда да белгісіз адамдар Париждегі Табиғат тарихы мұражайына кіріп, жалпы құны шамамен 1,5 миллион еуро тұратын 6 алтын құймаларды ұрлап кеткен. Француз БАҚының хабарлауынша, сол кезде мұражайдың дабыл және бейнебақылау жүйелері кибершабуыл салдарынан істен шыққан, ал ұрылар мұны алдын ала білген болуы мүмкін.
Біз жинаған дерек осындай. Бүгінде музей мен галереяларда қауіпсіздік жүйесі қанша күшейтілсе де, өнерге қызығатындар көбейсе де, оны заңсыз иеленуге ұмтылатындар азаймай тұр. Бірақ нағыз өнер ешқашан жоғалмайды.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!