Жануарлар антикафесі жайлы естуіңіз бар ма? Бұл – кәдуілгі кафелерге ұқсамайтын ерекше орын. Мұнда қонақтар ас ішіп қана қоймай, бос уақытын түрлі жануарлармен өткізе алады. Тіпті бұл жер жануарларды жақсы көретіндер үшін нағыз жұмақ дерсіз. Дүние жүзінде «котокафе», «хаскикафе» немесе «үй жануарлары антикафесі» атауымен кеңінен танымал.

Америкалық ғалымдардың зерттеуіне үңілсек, әрбір үйде мысық болуы қажет деген қорытындыға тоқталамыз. Себебі мысықтың пырылы қарапайым дыбыс емес, әртүрлі емдік қасиетке ие. Мәселен, сынған сүйектің тез қалпына келуіне көмектеседі. Сондай-ақ мидың жұмысын жақсартып, жүрек қан айналымын реттеуге, иммунитетті нығайтуға ықпал етеді. Гастрит, асқазандағы тастар, остеохондроз, тұмау және ұйқысыздық секілді аурулардан емдеуге де әсері зор.

Ислам дінінде мысықтың пырылы оның Құдайға зікір етуі деген түсінік қалыптасқан. Мешітке кіруге рұқсат етілген жалғыз жануар да мысық. Осыған қарап- ақ, оның қандай таза һәм адамға тиер пайдасы мол екенін білуге болады.

Мысықпен уақыт өткізу стресс пен уайымнан арылуға көмектесіп, адамның психологиялық жай-күйін жақсартады. Үйде мысықтың болуы ішімдік пен нашақорлыққа деген тәуелділікті төмендетеді. Сонымен қатар оның тырнақтары ине терапиясының баламасы ретінде саналады. Ал біздің әңгімемізге арқау болып отырған кафе осынау терапияға таптырмайтын демалыс орны.

Әдетте жануарлар антикафесіне келушілерді ит, қоян, алақоржындар (хомяк) немесе түрлі экзотикалық жануарлар күтіп алады. Ал біздің тақырыбымыз мысықтар антикафесі жайлы болмақ.

Қазақстанда, дәлірек айтсақ Астанада 2014 жылдың тамыз айында алғаш рет антикафе форматындағы «мысық-кафе» ашылды. Егесі – қарағандылық ерлі-зайыпты Дархан мен Эльмира. Мұнда келушілер алдымен аяқ киімін шешіп, қолын жууы қажет. Кейін қонақтар кішігірім үстелдер қойылған бөлмеде немесе «Play- Station» ойын залында уақыт өткізе алады. Мұнда шай ішуге, үстел ойындарын ойнауға, интернетті пайдаланып немесе қос мысықтың қылықтарын тамашалап, олармен ойнауға мүмкіндік қарастырылған. Дегенмен өкініштісі аталған орын көп ұзамай жабылып қалған көрінеді.

2017 жылы Астанада котокафе жаңаша форматта қайта жұмысын бастады. Айырмашылығы антикафе иесі келушілерге ас мәзірі ұсынылмайтынын жеткізген. Себебі адамдар мұнда тамақтану үшін емес, мысықтармен уақыт өткізіп, шаршағанын басу үшін келеді. Сондай-ақ осында өткізген уақыты үшін ғана ақша төлейді. Әрине, тамақтанамын десеңіз тек өзіңіз үшін үйден ала келуге немесе сырттан тапсырыс беруге рұқсат етілген, алайда мысықтарға емес. Мұнда құны мың долларға дейін бағаланатын асыл тұқымды 15 мысық бар.

Антикафенің екінші қабатында мысықтарды тамақтандыруға арналған бөлме орналасқан. Ал ұйықтауға бөлме қарастырылмаған, себебі «олар осы жердің қожайыны, қайда жатса да еркі» дейді антикафе иесі Айгүл.

Айтуынша, бұл орын бастапқыда ересектерге арнап салынғанымен, қазірде қонақтардың басым көпшілігі балалар дейді. Өзге кафелерде келуші қонақтың қас-қабағын бағып, жағдайын жасайтын болса, мұнда басты назарда – мысықтар.

Ең қызығы, антикафе иесі қосымша «мысықтар қонақүйін» де ашқан. Алыс сапарға шығып, мысығын сеніп тапсыратын жер таппағандар осында қалдырады екен.

Айта кетейік, бұл – Қазақстандағы төртінші мысықтар дәмханасы. Алғашқысы жоғарыда аталған 2014 жылы ашылып, қайта жабылған мысық-кафесі. 2016-да Алматыда, 2018 жылы Қарағанды қаласында ашылған.

Әлемдегі алғашқы мысық- кафе 1998 жылы Тайванның Тайбэй қаласында ашылды. Дәмхананың танымал болғаны сонша, әлемнің түпкір-түпкірінен туристер ат басын бұрған. Жапония да бұл идеяны қостап, өз елінде мысықтарға арналған көптеген кафе аша бастады. Бүгінде Токиода ондаған мысық-кафе бар. 2011 жылы Санкт-Петербургте, бір жылдан соң Венада, кейін Германия, Франция, Англия мен Италияда мысық-кафелер пайда болды. Содан кейін Канада мен АҚШ кәсіпкерлері де бұл үрдіске өз үлестерін қосты. Көп ұзамай Қазақстанда да кеңінен қанат жая бастады.

Мұндай антикафе әрбір өңірге керек пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!