Қазіргі таңда 15-28 жас аралығындағы қазақстандық жастың 6,7 проценті оқу оқымайтын, не жұмыс істемейтін санатқа жататынын білесіз бе? Әлеуметтік жіктемеде мұндай азаматтарды NEET жастар санаты деп атады. Жалпы елде 14-29 жас аралығындағы 250 мыңға жуық жас жұмыссыз.

Расында, NEET санатындағы жастар саны басым болуы экономикаға ғана емес, әлеуметтік ахуалдың да нашарлауына әкелетіні анық. Мамандар оқуға, еңбек­тенуге, ізденуге құлықсыз белсенділігі аса төмен азаматтардың құлшынысын оятып, бейімдейді мемлекеттің басты міндеті санайды. Себебі жауапкершілікті мойнына алып, белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастар елдің келешек дамуын тұралатып, көптеген салада көрсеткіштің кенжелеуіне әкелуі ықтимал. осы орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев NEET жастар статистикасын жылына кем дегенде 1 процентке азайтуды тапсырған болатын. Ал биыл бұл көрсеткішті 6 процентке төмендетуді міндеттеген-тұғын.

Жалпы, оқумен, жұмыспен қамтылмаған жастардың жеті түрі бар. Бірінші топтағылардың білімі мен тәжірибесі бар, бірақ ынтасы жоқ. Екінші топқа жалғызбасты аналар мен декретте отырған әйелдер кіреді. Оған қоса ерте жастан ана атанған аруларды да осы топқа жатқызамыз. Фрилансерлер болса үшінші топқа, ауыл жастары төртінші топқа жатады. Ауыл жастарының білігі мен тәжірибесі жоқ, сондықтан қара жұмысқа тартылатыны анық. Денсаулығына байланысты жұмысқа орналаса алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарды да NEET категориясына топтаймыз. Алтыншы топқа оқуын жалғастыруға ниеті бар, алайда мүмкіндігі жоқ мектеп түлектері мен әлеуметтік жағдайы нашар отбасы жастары кіреді. Ал жетінші топта есірткі мен ішімдікке тәуелді, бұрын түрмеде отырған бейімдеу мен оңалтудан өтіп жатқан жастар жинақталған.

Мұндай жіктемеденден ұғаратынымыз, әр топқа жеке жоспар мен шешім қажет. Біріне оқу ісін жолға қоя қажет болса, енді біріне ішімдікке тәуелдіктен арылу шарасы керек. Сондықтан жастарды қолдау мақсатында жүзеге асатын бағдарламаларда NEET санаты үнемі назарда. Нәтижесінде қазіргі таңда NEET жастарды қолдау 6 бағыт бойынша жүргізілуде. Кәсіптік бағдарлау, кәсіби оқыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру мен ұйымдастыру-әдістемелік шаралар. Мысалы, «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Баршаға бірдей тегін техникалық және кәсіптік білім беру», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары – осы бағыттағы нақты қадамның жемісі.

«Алғашқы жұмыс орным» бағдарламасы да осы категориядағы тұлғаларға арналған. Олар айына 20 АЕК, дәлірек айтсақ 58 мың теңге жалақы алады. Әртүрлі салықты ұстағаннан кейін есепшотына 48 мың теңге түседі. Оған қоса, жұмыс беруші тарапынан да айлық алуы мүмкін. Биыл жүзеге асқан бағдарламаға қатысуға құжаттарды оффлайн-онлайн нұсқадай тапсыруға мүмкіндік туған еді.

Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер мен оқу орындары жмыссыз жастарға ақысыз «ағылшын тілі», «жол қозғалысы ережелерін үйрену», «компьютерлік сауаттылық» (SMM) курсында білім беруді жүргізііп келеді. Тіпіт фитнес, музыка, би үйрену курстарына баруға баруға да мүмкіндік мол.

Алайда аталған бағдарламалардан жүйелі өзгеріске жол алған жастардың саны артар емес. Себебі «Серпінмен» оқуға түскен студенттің басым бөлігі 4 жылдан кейін ауылына қайта оралып жатыр. Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен дәрігер мен мұғалім мамандығын бітірген жастардан басқасы елді мекенге келуге құлықсыз. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың жастар арасында кеңінен насихатталуы, түсіндірме жұмысын жүргізуі кемшін түсіп жатқаны да жасарын емес.Содан болар, түрлі жобадан қалыыс қалған жастар көмекке мұқтаж күйге түсуде.

 «Бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – NEET санатындағы жастармен жұмысты ұйымдастырудағы жаңа әдістерін әзірлеу. Бұл – білімі бар, бірақ әртүрлі себеппен жұмысқа тұрмаған жастар. Олармен жұмыс істеуде біз өзіміз үшін негізгі бағыттарды да айқындап алдық. Сол бағыттардың ішінде NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі республикалық жобалық кеңсені, өңірлерде осы санаттағы жастармен жұмыс жөніндегі бөлімдерді ашу бар. Алға қойған міндеттерді қалай жүзеге асыратынымыз, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері ұсынған жаңа әдістемелерді болашақта қалай қолдана алатынымызды маңызды. Жастар ресурстық орталықтары мамандарының ұсыныстарын білу мәселені шешуге мүмкіндік береді. Өйткені олар жастармен тікелей байланысқа түседі, жастармен жұмыс істейді. Сондай-ақ бізге әріптестер ретінде аталмыш бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруға Юнисеф қорының өкілдері көмектесетін болады», – деген еді «Жастар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Аян Сакошев.

Жалпы Ұлттық статистика бюросы 2010 жылдан бері NEET жастар жайында статистика жүргізеді. Биыл мұндай санаттағы жастардың ең жоғары үлесі Қарағанды облысында (9,1%) тіркелген. Одан кейін Ақмола (8,9%), Қызылорда (8,1%), Маңғыстау бар. Сондықтан NEET жастардың санын азайту негізгі міндетке айналып үлгерді.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!