Көптеген турист демалыстан оралған соң, чемодандарын бірден төсектің үстіне қояды, бірақ бұл әдеттің салдары туралы ойлана бермейді. Алайда микробиологтар бұл ойлағаннан да қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті, – деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

Жаңа зерттеуге сәйкес, чемодан дөңгелектері қоғамдық дәретханалардың орындығымен салыстырғанда шамамен 58 есе лас болуы мүмкін. Зерттеушілер чемоданның дөңгелектері, түбі және тұтқасын тексеріп, алаңдатарлық нәтижелерге тап болды.

Чемодан неге қауіпті?

Басты мәселе – дөңгелектердің әуежайдағы, көшедегі және дәретханадағы түрлі жермен тікелей жанасуы. Зерттеуге қатысқан микробиолог Эми-Мэй Пойнтердің айтуынша, багаж тура мағынада лас жермен жүреді, өзімен бірге патогендер, зең споралары және өзге де микробтарды жинайды. Оларды турист байқамай үйге – кілемге, төсекке, тіпті асханалық үстелге дейін алып келуі мүмкін.

«Чемодандар – әсіресе олардың дөңгелектері мен түбі – микробтарды тартатын нағыз магнит. Олар ластану деңгейі бойынша санитарлық тораптардан асып түсуі мүмкін. Бірақ жақсы жаңалық – қарапайым гигиена шаралары бактериялардың таралуын тоқтатуға көмектеседі», – деді маман.

Микробтардан қалай қорғануға болады?

Микробиолог бірнеше кеңес ұсынды:

  • чемоданды арнайы тұғырда сақтау. Көптеген қонақүйлерде багажға арналған тіреулер бар. Егер жоқ болса – дөңгелектерге душқа арналған полиэтилен қалпақшаларын кигізуге болады;
  • шалшық пен лас жерлерден аулақ жүру. Бұл, әсіресе асығыс кезде мүмкін бола бермейді, бірақ дөңгелекке аз «қоқыс» жабысса, үйге аз бактерия апарасыз;
  • чемоданға қол тигізген соң қолды жуу. Багаждың тұтқасы да кір жинайды;
  • үйге келген соң чемоданды бірден дезинфекциялау. Антисептик сіңірілген сүлгімен немесе сабынды шүберекпен сүртіңіз;
  • егер құрылымы мүмкіндік берсе, алынатын дөңгелектерді жуу. Оларды жылы сабынды суға салып қоюға болады;
  • мата чемодандарды шаңсорғышпен тазалап, зеңді ас содасы немесе жұмсақ щетка мен ерітінді көмегімен сүртіңіз.

Маманның айтуынша, сапар кезіндегі багаждың тазалығына мән беру өте маңызды. Чемодан үнемі көптеген әлеуетті қауіпті микробтармен жанасып тұрады, сондықтан қауіп жоғары.

«Біз көбіне чемоданымыздың бактерия таратушы екенін ескере бермейміз. Бірақ қарапайым ережелерді сақтасақ, микробтардың үйімізге енуінің алдын алуға болады», – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!