Фотожурналистика саласының өз «Оскары» бар. Ол – «World Press Photo» сыйлығы. Жыл сайын 5 мың автор мен 80 мыңнан астам фототуындыны саралайтын байқаудың мақсаты да ерек. Қазылар алқасы фотосуреттің ракурс, сапа деңгейін емес, алдымен өзектілігі мен эмоциялық әсеріне баға береді. Ал сыйлықтан үмітті фотографтың басым дені қоғамдағы әлеуметтік-саяси мән мен философиялық өзгерісті таспалауға құштар. Содан болар, бұл өнер бәсекесі әлем назарынан тыс қалған емес. Осы орайда байқауда үздік деп танылған 4 шығарманы жариялауды жөн көрдік. Сіз де эстетикаға толы сырлы фотосуреттер үзігіне зер салыңыз, оқырман!

Объектив көзімен

Бұған дейін «World Press Photo» ұйымдастырушылары пандемия қатысты фотожоба мен авторлардың жек туындысы көбейгенін жасырмаған. Себебі коронавирус өршігелі ғаламдық құндылық шайқалып, денсаулық қадірі, жақын-жуық маңызына көзқарас өзгерді. Даниялық фотограф Мадс Ниссеннің «Алғашқы құшақ» атты фотосуретінің бас бәйгені алуы да осыны меңзейді. Фотосурете Бразилиядағы қарттар үйінің тұрғыны 85 жастағы Розаның бес айдан бері алғаш рет медбикені құшақтап, мауқын басқаны бейнеленген. Карантин режиміне сәйкес туған-туысқа барудан шектелген әлем жұртшылығына суреттің риясыздығы әсер етсе керек.

Объектив көзімен

Байқауда Палестинаға қатысты екіұшты көзқарас та көрініс берді. Биыл Антонио Фаччилонгоның палестиналық тұтқындарға арнаған «Хабиби» жобасы «Жыл репортажы» айдарында топ жарды. Антонионың фотожобасы туралы сөз қозғағанда сәл шегініс жасауға тура келеді. Себебі автор фотосуретте палестиналық тұтқындардың өмірі, отбасы туралы ақпаратты ерекше символикалық әдіспен жеткізген. Ол палестиналық диссидент Наэль аль-Баргути өмірін суреттеу үшін оның бөлмесі мен костюмін ғана суретке түсіруді жеткілікті деп санаған екен. Осылайша Израиль түрмесіндегі саяси белсенділерді дәріптеуде ұтқырлық көрсеткен Антонио Фаччилон тағы да қарсыластарын басып озды.

Соңғы онжылдықтағы фотобайқаулардың жетістігі – батылдық. «World Press Photo»-ны айтпағанда, «Пулитцер» сыйлығынан үмітті жеке авторлар мен фототілшілер өзі соғыс зардабы, адамзат қатігездігі туралы ой саларлық фотосуретті ұсынуға жасқанбайды. Тіпті, бұл шешім жеңіске жетелесе, сөз бөлек. Оның мысалын Қарабақтағы майданнан хабар берген Валерий Мельниковтың фотосуретінен-ақ аңғаруға болады. Автор қоныс аударарда өз үйін өртеген жергілікті тұрғынның ішкі арпалысын сәтті таспалай алған. Қарабақтағы босқындардың жай-күйіне халықаралық ұйымдардың назар үстеуіне де осы фотосуреттің танымалдығы әсер еткенін айта кеткен жөн.

Объектив көзімен

Байқаудағы «Жедел ақпар» айдарында жеңіске жеткен фототуынды адам құқығы мен демократияға негізделген. Авраам Линкольн ескерткіші турасында пікір таласқан екі америкалықтың эмоциялық ишарасы жастар мен аға буынның пікір алшақтығын суреттейді. Айта кетейік, АҚШ-тағы Black Lives Matter қозғалысы Авраам Линкольн ескерткішінен нәсіларалық кемсітуді тұспалдаған элемент тапқан болатын. Сондықтан фотографтың сәтті фотосуреті бүгінгінің жаңалығын жеткізді деп бағаланған еді.

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!