Адамзат баласы «Өлімнен кейін не бар?» деген сауалды сан ғасыр бойы санасында сапырылыстырып келеді. Бірі оны сеніммен, бірі ғылыммен өлшейді, бірі жүрекпен, бірі ақылмен зерделейді. Сол ізденістің өзегінде жатқан көне ұғым – реинкарнация, яғни жанның қайта тууы, бір жанның басқа денеде жаңа өмір бастауы.
Реинкарнация ұғымы тек философиялық немесе мистикалық әңгіме ғана емес, себебі ол ғалымдардың да назарында. ХХ ғасырдың ортасында канадалық-американдық психиатр Ян Стивенсон адамдардың өткен өмірлеріне қатысты болжамдарды ғылыми тұрғыдан зерттеуге өмірін арнады.
Стивенсон зерттеуінің басты бағыты – балалардың өткен өмірі, өткенін есіне алу жағдайлары. Ол әлемнің түрлі елдерінде, әсіресе Үндістан, Шри-Ланка және басқа да мәдениеттерде – 2-4 жас аралығындағы балалардың бұрынғы өмір туралы егжей-тегжейлі мәлімет айту фактілерін жинақтады.
Бұл балалар тек «біреу туралы» айтып қоймайды, олар алыс-жақын адамдардың атын, отбасылық жағдайын, қайтыс болған күнін және оқиғалар тізбегін дәл сипаттайды. Кей жағдайда балалардың туған кездегі дақтары немесе туа біткен белгілері олардың айтқан өткен өміріндегі жарақаттармен сәйкес келеді деген дерек те бар.
Мысалы, Стивенсонның кейбір жинақтары туған кезде денесінде ерекше белгімен туған балалардың осы белгі өткен өмірінде ауыр жарақат алған адамның жарасына сәйкес келгенін көрсетеді. Бұл сәйкестіктер зерттеушілер арасында да үлкен қызығушылық тудырған.
Айта кетерлігі, Стивенсон мен оның ізбасарларының жұмыстары ғылыми қауымдастықта кең қолдауға ие емес. Көптеген ғалым осы зерттеулерді псевдоғылым ретінде бағалайды, себебі қазіргі ғылым жан және сана мәселесін материалдық ми жұмысы аясында түсіндіреді, және реинкарнацияны дәлелдейтін объективті механизм жоқ деп есептейді.
Мұндай сындар зерттеулердің көбіне анекдоттық сипатта болуы, зерттелген адамдардың тікелей зертханалық бақылауда болмауы және көптеген жақсы қадағаланған бақылаудың жоқтығымен байланысты. Осы себепті, Стивенсонның еңбектері толық дәлелденген ғылыми факт ретінде емес, ойландыратын және жаңа сұрақтар туғызатын құнды деректер жиынтығы ретінде бағаланады.
Ғалымдар ғана емес, әдебиет пен кино- индустрия да реинкарнация тақырыбын жиі қолданады. Түрлі керемет кинотуынды осы тақырып аясында жарық көрді. Бұл идея адамға өзінің өмірін қайта бастау мүмкіндігін беретін «екінші мүмкіндік» туралы терең тарихи мифтермен үндеседі. Мысалы, Үндістан мен Тибет философиясында жанның қайта туылуы – өмірдің мағынасы мен моральдық сабақтарының бір бөлігі.
Реинкарнацияны кей мәдениеттерде руханияттың бір бөлігі ретінде қабылдайды, ал кейбір дінде оны сенім ретінде жоққа шығарады. Ислам бойынша, мәселе басқа терминдермен және сенім жүйесімен түсіндіріледі, бірақ жанның денеден денеге көшуі туралы идея әрқашанда даулар тудырған.
Реинкарнация – жауап берілмеген сұрақтар мен түрлі мәдениеттердегі түсініктердің қиылысы. Ғылыми зерттеулер кейбір жағдайды түсіндіре алғанымен, бірақ бүгінгі ғылым жанның өлмейтіні туралы нақты дәлел бере алмайды. Бұл тақырып адамзаттың өзін-өзі танып, өмір мен өлім мағынасын іздеу жолындағы ең жұмбақ, ең әсерлі сұрақтардың бірі болып қала береді. Ал сіз реинкарнацияның барына сенесіз бе?
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
