Мектеп қабырғасындағы соңғы жылын емтиханға арнап, күйзеліс пен қарбаласқа толы кезеңде жүрген түлектің мамандық таңдау туралы жан-жақты саралауына мұршасы бола бермейді. Биыл 186 мыңға жуық оқушы мектеппен қоштасып, басым бөлігі студент атанды. Бірақ мемлекеттік грантты иеленсе де, жаны қаламайтын салаға түсуге мәжбүр болғандары аз емес. Осындай жағдайда мамандық таңдауға асықпай, өз-өзіне уақыт бөліп, болашаққа нық қадам жасау үшін «gap year» секілді үзілістің маңызы зор. Мамандар «Бұл уақыт аралығы жас түлектерге өздерін танып, нағыз қызығушылықтарына сәйкес шешім қабылдауға мүмкіндік береді» дейді. Ал америкалық жастардың арасында танымал «gap year» шын мәнінде жаңа белеске қадам ба, әлде уақыт жоғалту ма?

Ұғымның мағынасына назар аударсақ. Бұл − мектепті аяқтаған соң жоғары оқу орнына бірден түспей, өзін іздеу немесе қалаған ісімен айналысуға уақыт беретін кезең. Ағылшын тілінен аударғанда «аралық жыл» немесе «үзіліс жылы» дегенді білдіреді. Шетелдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл үзіліс студенттерге өз мамандығын саналы түрде таңдап, алдағы білімін жақсы игеруге мүмкіндік береді. Белгілі бір уақыт аралығында түлектер жұмыс істеп, саяхаттауы мүмкін. Сондай-ақ тағылымдамадан өтіп, жаңа дағдыларды меңгереді. Қызығы, «gap year» өзіңді танып, болашақ бағыт-бағдарыңды айқындау үшін бірнеше жылға созылуы да ықтимал.

Мақсаты айқын тайм-аутты тиімді пайдалану маңызды. Әйтпесе бұл уақыт бос өткен жылға айналып кетуі де мүмкін. Бұл ұғымның артында «Өзімді іздеймін», «Жаңа тәжірибе жинаймын», «Әлемді көріп, түсінемін» деген әдемі сөздер жасырынған. Бірақ шындыққа тура қараған абзал. Себебі жастар арасында мұны демалыс деп түсінетіндер де бар. Яғни нақты мақсатсыз, жоспарсыз алынған «gap year» – қате шешім.

Ұлыбритания мен АҚШ университеттері студенттерге үзіліс алып, өмірлік тәжірибе жинақтауға кеңес береді. Себебі адам оқу процесіне қайта оралғанда оның білімі мен ынтасы артады. Ал Қазақстанда бір жылдық үзіліс немесе оқуды тоқтату қоғамның сұранысына қайшы келеді. Сондай-ақ ата-аналар баласы уақытын босқа өткізеді деп қорқады. Иә, мұндай жағдай болуы мүмкін. Бізде бұл үрдіс кеңінен таралмағанымен, бірақ оны оңтайлы қолданып жүрген жастар бар.

Мәселен, қызылордалық Сара Әмірова «gap year» тәсілін тиімді деп санайды.

– 2018 жылы ата анамның ұсынысымен «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» мамандығына колледжге оқуға түстім. Алайда, бұл сала менің жан дүниеммен үндеспейтінін түсініп, екі жыл оқығаннан кейін өз еркіммен оқудан шықтым. Шетелдік тәжірибені негізге алып, өзіме «gap year» үзілісін жасауға шешім қабылдадым. Алматыға көшіп, екі жыл аралығында түрлі жұмыс істеп, курстарға қатысып, волонтерлікпен айналыстым. Осы уақыт ішінде өзімнің шын мәнінде не нәрсеге қызығатынымды түсіндім. Осылай дизайн саласына деген құштарлығымды кәсіби деңгейде дамытуды ұйғарып, осы мамандық бойынша оқуға түстім. Бұл үзіліс маған өзіме не ұнайтынын тереңірек түсінуге және дұрыс бағыт таңдауға мүмкіндік берді, – дейді ол.

Ал Әли Нұрасыл тайм-аут кезеңін саналы түрде қабылдаса да, іштей қорқыныш болғанын айтты.

– 11-сыныпты тәмамдаған соң үзіліс алуды шештім. Бір жыл ата-анамның жанында қалып, дамуға тырыстым. Бірақ туысқандар, көршілер оқу туралы сұрағанда қатты ұялатын едім. Құрдастарым студенттік шақтың қайнаған ортасында өмірінің ең қызық сәтін бастан өткеріп жатқанда мен үйде болдым, өзімді іздедім. Білім алуға қызығушылығым сөнетіндей көрінді. Ал қазір болашақ мұғаліммін. Физика пәніне икемімді байқап, осы саланы зерттеуді қолға алдым, – деді ол.

Қорыта айтқанда, «gap year» – уақытты босқа өткізу емес, саналы таңдау жасап, өзін дамытуғ берілетін үлкен мүмкіндік.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!