фото: tatarica.org.ru

Аналық аралардың өмір сүру ұзақтығы 6 ай екенін білесіз бе? Сәби 6 айлығында енді тәй-тәй басып жүруге ұмтылса, аралар бұл уақытта ұрпағын жалғастырады. Ал бірі білсе, бірі білмес, бал аралары 1 ай ғана тіршілік етіп, өледі екен. Біз мән бермейтін қоршаған әлемнің қызығы өте көп. Жыбырлаған құмырсқадан бастап барлық тіршілік иесі еңбекке жақын келеді. Оның ішінде, тақырыбымызға арқау болған ара да бар.

Қыстың ызғарлы күндері артта қалып, көктем келгеннен бастап бал жинауға кірісетін, нағыз жұмыстың жәндігі ара туралы білу үшін омарташы Өмірғали ағаймен байланысқа шықтық. Өмірғали Жұмаханұлы – 2 жылдық тәжірибесі бар қызылордалық омарташы. Бүгінде қала сыртынан 75 шақырымда орналасқан Шаған елді мекенінде араларды баптаумен айналысады. Арнайы форманы киіп, бал жинау көрген көзге қызықты әрі жеңіл болғанымен, оны өсіріп-баптап, көзін табу ғылым жолындағы зерттеу жұмысымен пара пар.

− Бұл кәсіпке келгеніме 2 жылдан асты. Әрине, оңай жұмыс, оңай табыс жоқ. Барлығы тәжірибемен келеді. Жұмысқа қызығушылығың, ынтаң мен икемің болса, аралармен де достасып кетесің. Қазір 250- ге жуық ұямыз бар, − деді омарташы.

Аралар колония немесе ұя түрінде өмір сүреді. Әр ұяда мыңдаған ара болады. Олар жұмысшы, аналық және трутень аралар деп бөлінеді. Олардың ең көп бөлігі − жұмысшылар. Міндеттері әртүрлі: бал жинау, ұя тазалау, тамақтандыру және ұяны қорғау. Патша ара ұядағы жалғыз аналық және оның негізгі міндеті – жұмыртқа салу. Ал жұмысы, қызметі жоқ − еркек аралар.

 Әңгіме барысында аралардың өмір сүру ұзақтығын айтқанда таңғалдық. 1-6 ай біреуге аз, біреуге көп уақыт емес пе? Өмірғали ағайдың айтуынша, аралар баптап, күтім жасағанды жақсы көреді. Тіпті әр ұяшықтың өзіндік ережелері бар көрінеді. Еңбек пен тәртіпке үйренгендері соншалықты әр іске жауапты ара болады екен. Естіген құлақ пен оқыған көзге күлкілі болуы мүмкін, бірақ шындығы – осы. Ұялардың тазалығына жауапты, аралардың бал жинауына, тәртіпке, ыстық күні ұяшықтың салқындауы, ал салқын мезгілде іштегі жылы температураға жауапты аралар болады. Аналық ара 6 ай өмірінде бал тасып, өзінен кейін ізбасары ретінде ұрпақ қалдырып, оны тіршілікке бейімдеп кетеді екен. Ұқыптылыққа келсек, ай сайын кене немесе басқа да жәндіктерден залалсыздандырау мақсатында аралардың үйі тазартудан өтеді, яғни улау процесі жүреді.

 Сондай-ақ бал жинау, 1 жылдағы аралардың қызметі туралы да сұрадық.

− Қыс мезгілі келіп, күн райы суығанда аралар ұяшықтарына жиналады. Аязды күні сонда мекендейді. Көктем келіп, гүлдер жайқалғанда олардың да қызу жұмысы басталады. Мәселен, қазір мия, жантақ, шеңгел гүлдерінен бал тасуда. Осылай көктем-жазда молынан жұмыс істейді. Қыркүйек-қазан айларында да гүлдейтін өсімдер бар, сол кезге дейін бал жинайды. Осылайша күзде қайтадан демалысқа кетеді. Бірақ ұяшықтарында ж ұ м ы с жалғасады. Келесі маусымға дайындық жұмыстарын жүргізіп, ұяшықтарын ретке келтіреді. Жантақ, мамыр балы дегендер осы гүлдерге, кезеңдерге байланысты қойылады. Оларды жинағанда да бөлек жинаймыз. Ұяшықтардан әр 15 күн сайын бал аламыз, − дейді Өмірғали Жұмаханұлы.

Сіз білесіз бе?

• Араны баптайтын омарташы болса, ара туралы ғылым «апиология» деп аталады.

• Ара қанатын секундына 200 рет қағады, ал салмағы шамамен 0,1 грам.

 • Африка арасы − барлық қолданыстағы ара түрлерінің ішіндегі ең қауіпті түрі.

• Ара жұмыртқасының жетілуі шамамен 17 күн.

Аралар тек бал жасаумен шектелмейді. Олардың ең маңызды қызметінің бірі – тозаңдандыру. Аралар гүлге қонған кезде, денесіне тозаң жабысып, басқа гүлге ұшқанда, сол тозаңды тасымалдайды. Бұл процесс өсімдіктердің жеміс беруіне ықпал етеді. Аралардың тозаңдандыру қызметі болмаса, біршама дақыл мен жеміс-жидектердің өнімділігі айтарлықтай төмендер еді. Сандарға сүйенсек, аралар әлемдегі өсімдіктердің 80%-ын тозаңдандырады.

Араның өзінде де, өнімінде де шипалық қасиет бар. Тізесі ауыратындар емдік мақсатта ара іздеп келетін көрінеді. Ең қызығы адамды шаққан ара лезде мерт болады. Ал балға сұраныс жылдан жылға артуда. Омарташы Қытай, араб елдерінен алдыртатындар да бар екенін айтты.

Кезінде Альберт Энштейн «адам оттегісіз үш минут, сусыз үш күн, ал арасыз төрт жыл ғана өмір сүре алады» деген екен. Бұл сөз аралардың тіршіліктегі маңызын білдірсе керек.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!