Таныстарымыздың арасынан әлдебір бұйым не киім сатып алудан ләззат алатын адам міндетті түрде табылады. Тіпті бұл құмарлық өз бойымызда да қылаң берсе таң қаларлық жағдай емес. Ғылым тілінде мұны «ониомания» деп атайды.

Ониомания – психология ғылымында зат сатып алуға деген құштарлықты сипаттайтын термин. Оның түпкі мағынасы «саудаға құмарлық» дегенді білдіреді. Жалпы тілде «шопоголизм» атауына ие екені барлығына мәлім. Шопоголиктер қажетсіз тауарларды сатып алып, кейін өкінгенімен бұл әдетінен тыйыла алмайды. Сонымен, ониомания құмарлық па, әлде дерт пе? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Біріншіден, әрекетке әсер етуші психологиялық себептерді қарастырайық. Көп жағдайда сауда жасау – күйзелістен құтылу, жалғыздықты сезінгенде немесе бос уақытты толтыру тәсілі ретінде көрініс табады. Сауда жасау кезінде адамдар өзін жақсы сезінеді, бір сәтке болса да күйзелістен арылып, ләззат алады. Мұнда әлеуметтік қысым да маңызды рөл ойнайды. Оның ішінде жарнама, әлеуметтік желілер, айналадағы адамдардың пікірі артық сауда жасауға итермелейді.

Екіншіден, физиологиялық себептер де құмарлықтың дамуына ықпал етеді. Мысалы, сауда жасау кезінде мидың «ләззат орталығы» белсендіріліп, дофамин бөлінеді. Бұл гармон – қуаныш сезіміне жауап береді, сондықтан адамның қайта-қайта сауда жасауды жаны қалап тұрады.

Үшіншіден, қоғамдық факторлар. Қазіргі тұтыну қоғамында сауда жасау – өмірдің маңызды бөлігі іспетті. Әрбір адам өзінің тұрмыс деңгейін, мәртебесін, табысын көрсету үшін тауарларды сатып алады. Кейбіреулер үшін бұл сәттілік пен байлықты көрсету тәсіліне айналып отыр.

Зат сатып алуға деген құштарлық толықтай дендеп кетпесе де әрбіріміздің бойымыздан табылатыны ақиқат. Тіпті кейде ессіз сәтте жасалған саудадан есепсіз шығынға ұшырап жатамыз. Қажетті-қажетсіз екенін саралап жатпай, сатып алатынымыз тағы бар. Бұған дүкендер мен супермаркеттердегі маркетингтік жүйе де әсер етеді. Мәселен сауда орталықтарындағы баяу әуен клиенттің аралау уақытын ұзартса, жылдам әуен көңіл-күйін көтеріп, еркінен тыс сауда жасауға итермелейді. Мұның барлығын саналы түрде бағамдап жатуға шамаңыз жете ме?

Сондай-ақ касса қапталында орналасқан түрлі тәттілер де назар аудартпай қоймайды. Ұзын-сонар кезекте тұрып-ақ, қажетті-қажетсіз тағы бір затты себетімізге қосып аламыз. Осылай маркетингтің құрбаны болғанымызды аңғармай да қаламыз. Яғни әрбіріміздің бойымыздағы белгілі бір деңгейдегі ониоманиялық ауытқуды жоққа шығара алмаймыз.

Ониоманияны медицина саласында психикалық бұзылыстар қатарына жатқызады. Емдеуді қажет ететін бұл дерт тек қаржылық қиындықтарға ғана емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік мәселелерге де алып келеді. Мұны емдеу шаралары бірнеше сатыдан тұрады.

Әуелі психотерапиялық әдістерді пайдаланып, өзінің әрекетін, қажеттілігін және эмоциясын бақылауды үйрену керек. Когнитивті терапия барысында шопоголиктер артық сауда жасаудың себептерін түсініп, оны басқаруды үйренеді. Одан кейін өз қаржысын дұрыс жоспарлауды үйрену қажет. Қаржылық жоспарлау мен бюджет құру арқылы олар артық шығыннан бас тартуға тырысады. Ең қызығы ониоманиядан арылу үшін адамға отбасы мен жақындарының қолдауы маңызды рөл атқарады екен. Олар шопоголикке саудасыз да өмірдің мәні бар екенін түсіндіруі қажет.

Ониоманияны жай ғана құмарлық немесе уақытша әдет деп қабылдауға болмайды. Аталмыш дерттен арылудың жолы – психотерапия мен өзіне деген бақылауды күшейту. Қоғамда бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, психологиялық сауаттылықты арттыру басты назарда болуы тиіс.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!