Паркур – бұл жай ғана спорт емес. Бұл – қозғалыстың, еркіндіктің және шектеулерді еңсерудің философиясы. Қаланың биік үйлері, темір қоршаулары мен баспалдақтары көп адам үшін кедергі болып көрінсе, паркурмен айналысатындар үшін олар – еркін қозғалысқа арналған алаң. Бұл спорт түрі – адамның шапшаңдығы мен дене шеберлігін шыңдайтын ерекше бағыт.
Паркур қалай пайда болды?
Паркурдың негізін қалаушылардың бірі – француз Давид Белль. Ол бұл өнерді әкесі Раймонд Белльдің әскери дайындық әдістері мен балалар кезіндегі ойындарын біріктіре отырып дамытқан. 1980 жылдардың соңында Францияда пайда болған бұл қозғалыс біртіндеп әлемге таныла бастаған. «Паркур» сөзі француз тіліндегі «parcours du combattant», яғни әскери кедергілер жолағы тіркесінен шыққан. Уақыт өте келе бұл спорт түрі ерекше мәдениетке айналып, кино мен жарнамаларда да көрініс тапты.
Алғашында паркур әскери дайындықтың бір түрі ретінде қарастырылғанымен, біртіндеп ол күнделікті өмірдің бөлігіне айналды. Әсіресе қалалық ортада қозғалу тәсілі ретінде кеңінен қолданыла бастады. Паркурмен айналысушылар өз шеберліктерін бейнежазбалар арқылы таратып, бұл спортты жаһандық қозғалысқа айналдырды.
Паркурдың басты мақсаты – бір нүктеден екінші нүктеге барынша тез әрі тиімді жету. Ол үшін адам денесін жақсы меңгеруі керек: секіру, өрмелеу, домалау, қабырғаға шығу секілді қозғалыстар қолданылады. Бұл жерде ең бастысы – үйлесімділік пен тепе-теңдік.
Паркурмен айналысатындарды «трэйсерлер» деп атайды. Олар тек физикалық жаттығумен шектелмейді, сонымен қатар қорқынышты жеңуді, денеге сенуді және кез келген кедергіні еңсеруді үйренеді. Паркурмен айналысу адамның бойында батылдық, табандылық және сабырлылық секілді жақсы қасиеттерді қалыптастырады.
Паркур – сырт көзге өте әсерлі әрі еркін көрінгенімен, оны меңгеру оңай емес. Ең алдымен, бұл спорт түрі жарақат алу қаупімен тығыз байланысты. Қате жасалған секіру немесе дұрыс бағаланбаған биіктік ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан паркурмен айналысқысы келетіндерге кәсіби жаттықтырушының көмегіне жүгінген жөн.
Сонымен қатар паркурмен айналысатындар көбіне қала ішінде – қоғамдық ғимараттар, мектептер, парктерде жаттығатындықтан, кейде құқықтық мәселелерге де тап болады. Қалалық аймақта жаттығу жасағанда жеке меншік аумаққа кірмеу, қауіпсіздік ережелерін сақтау – маңызды қағидалар. Бұл спорттың мәдениеті мен этикасын білу, қоғаммен үйлесімді әрекет ету – әрбір трэйсердің міндеті.
Паркурмен ұзақ айналысатындар физикалық тұрғыда ғана емес, рухани тұрғыда да өседі. Олар үшін әр кедергі – жаңа мүмкіндік, әр секіру – ішкі шектеулерді жеңу жолы.
Біле білсеңіздер, өңірімізде паркурмен айналысатын жастар саны біршама еді. Қазір паркуристерді сирек кездестерсек те, 2016-2020 жылдар аралығында бұл спорт қарқынды дамыды. Қаланың орталық стадионында түрлі масштабта жарыс ұйымдастырылып, талантты жастардың өнерін тамашалауға келетіндердің қатары көп еді.
Паркур – адамның өз шегін танып, оны жеңуге мүмкіндік беретін ерекше өнер. Атап өткеніміздей, ол тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да өсуге жол ашады. Қазіргі жастар арасында кең танымалдылыққа ие болған бұл қозғалыс алдағы уақытта ресми спорт түрі ретінде дамуы бек мүмкін.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!