Threads әлеуметтік желісінде «пойызда жалғыз бару үшін бүкіл купені сатып алуға бола ма» деген сұрақ қызу талқыланды. Егер иә болса, оны қалай дұрыс жасау керек? Tengritravel.kz бұл туралы толығырақ білді.

Желі қолданушысы тікелей сұрақ қойды.

«Бір адамның атына (яғни, өз атымнан) купедегі барлық 4 орынға билет сатып алуға бола ма? Әлде әртүрлі кездейсоқ есімдерге алған дұрыс па? Жол ұзақ, өмірімде бір рет жайлы сапарға шыққым келген, бірақ қалай істеу керегін білмеймін, тіпті бұлай жасауға бола ма?» – деп жазды қолданушы.

Жауаптар да әртүрлі болды. Кейбіреулер барлық орын сатып алынғанын жолсерікке алдын ала ескертуді ұсынады.

«Купе сіздікі екенін жолсерікке айтуды ұмытпаңыз. Себебі пойыз бастығы арқылы келесі станцияға бос орын бар екені жөнінде ақпарат беріліп, жолаушылар қосылып кетуі мүмкін», – деп кеңес берді пікір қалдырушылардың бірі.

Басқалар бұл әрекетті өзімшілдік деп санады.

«Ар-ұят болу керек. Қазір жаз, билет онсыз да жетіспей жатыр. Ең болмаса люкс алыңыз», «Бір адамның бүкіл купені сатып алуына тыйым салынады деп үміттенем. Бұл – ақша емес, этика мәселесі. Өз жайлылығың үшін өзгелердің есебінен орын алу – дұрыс емес», – деп жазды желі қолданушылары.

Мәселені нақтылау үшін «Жолаушылар тасымалы» компаниясының баспасөз қызметіне жүгіндік.

Бір адамға купедегі 4 орынды сатып алуға бола ма?

Иә, болады. Жолаушыларды тасымалдау ережелері бірнеше билетті сатып алуға тыйым салмайды.

«Жолаушыларды, жүгін, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелерінің 10-тармағына сәйкес, жолаушы бір купеде 4 орынға дейін билет сатып ала алады. Жолаушы барлық орын үшін толық тариф бойынша жолақысын төлейді. Жолаушы бір купеге онлайн режимде (bilet.railways.kz сайтында) немесе касса арқылы 4 билеттен артық сатып ала алмайды», – деді баспасөз қызметі.

Сондай-ақ компания бір жолаушының тек 4 орынға дейін ғана билет сатып ала алатынын ерекше атап өтті.

Жолсерік басқа жолаушыларды отырғызбауы үшін не істеу керек?

Егер барлық орынды сатып алсаңыз, ешкімге ескерту міндетті емес. Бұл – сіздің заңды құқығыңыз.

«Ешкімге хабарлаудың қажеті жоқ. Бұл – сіздің ресми сатып алынған орындарыңыз. Бұл купеге бөгде адамдарды орналастыруға болмайды», – деді компания өкілдері.

Сондай-ақ, компания бұл купеге тек ресми билеті бар адам ғана орналасатынын ескертті.

«Тек ресми жол құжатымен (билетпен) ғана жолаушы орын ала алады», – деп қосты баспасөз қызметі.

Сондықтан жалғыз өзіңіз сапар шегетініңізді жолсерікке айту міндетті емес, бірақ өз тыныштығыңыз үшін айтып қоюға болады.

Бүкіл вагонды сатып алуға бола ма?

Сонымен қатар отбасыларға, іс-шараларға немесе спорттық командаларға бүкіл вагонды сатып алу мүмкіндігі бар ма, сұрап білдік.

«Бүкіл вагонды сатып алу аренда шарттары негізінде немесе ұйымдасқан жолаушылар тобын тасымалдауға арналған өтінім арқылы жүзеге асырылады. Өтінімді bilet.railways.kz сайтында «Корпоративтік клиенттерге» бөлімінде, «Топтық сапарлар» тармағы арқылы беруге болады», – деді компания баспасөз қызметі.

Бүкіл вагонды сатып алғанда жеңілдіктер қарастырылған ба?

«Жеңілдіктер берілмейді. Бұл жағдайда жолаушы купедегі барлық орын үшін толық тарифпен төлейді», – деп түсіндірді компания.

Қорытынды: Жайлылыққа ұмтылу – ереже бұзу емес, керісінше, ол рұқсат етілген. Алайда, әсіресе маусымдық кезеңде бос билеттердің аз болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Сіздің купе сатып алуыңыз басқа біреудің сапар шегуіне кедергі келтіруі мүмкін, бұл өз кезегінде наразылық тудыруы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!