Фото: sunhome.ru

Попкорн – ерекше дәм мен жеңіл дайындалуы арқылы күллі әлемге танылған тағам. Жай ғана тіскебасар емес, қоғам арасында ойын-сауық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды, әсіресе кинода. Қытырлақ дыбысы мен хош иісі көрерменді жайлылық пен көңілді атмосфераға елітеді.

Жарылғыш тәттінің отаны – АҚШ. Деректердің бірінде Кристофер Колумбтың Американың шығыс жағалауындағы байырғы тұрғындардың дәнді тұтынып, безендіру ретінде пайдаланғанын көргені айтылады. Келесі дерекке сәйкес, Нью Мехико жеріне жақын Бет Кейв үңгірінен табылған попкорн собығының сақталғанына шамамен 5600 жыл болған. Перудегі археологтар 1000 жыл бұрынғы попкорнның дәндерін тапқан. Зерттеушілердің айтуынша, Мехикода өртелген өлік сүйегін салатын сауытта попкорн бейнеленген бас киім табылған.
Жарылғыш тіскебасардың кеңінен таралған кезеңі 1885 жыл. Себебі Чарльз Криторз попкорн шығаратын алғашқы жылжымалы машина – попперді ойлап тапты. 1925 жылы үйдегі поппер пайда болды. Сол кезден бастап америкалықтар үйден шықпайақ, попкорн әзірлеуге мүмкіндік алды.
ХІХ ғасырдың аяғында попкорн рецепті жетілдірілді. Бүгінде ол әртүрлі дәмдеуіштермен дайындалады, олардың ішіндегі ең танымалы ̶ карамель. Тәтті попкорн туралы нақты айтатын болсақ, оны алғаш рет XIX ғасырдың соңында Германиядан келген эмигрант Фридрих Рюкхайм ойлап тапқан. Бірде ол дәнді қайнатылған карамельмен араластырады. Ең қызығы тәттіге айналған тіскебасар әлі күнге дейін танымал. Тіпті АҚШ-та попкорнға арналған ерекше күн бар. Ол күн – 22 қаңтар.
Попкорн әзірлеуде дәндер жарылатынынан хабардармыз. «Неліктен?» деген сұрақ келеді. Попкорнның жарылу процесін оңай түсіндіруге болады. Дәндерде крахмал қосылған су тамшылары бар. Дәннің температурасы көтерілгенде, су сыртқы қабықты жарып жіберетін буға айналады. Астық, тиісінше, ашылады және бірнеше есе артады.
Отбасылық кеште де, мәдени ортада да қолдан түспейтін қытырлақ қажетті элементтер мен жеткілікті мөлшердегі калорияға бай. Бұл тағам В1 дәрумені арқасында тырнақтар мен шаштың күйіне пайдалы. Сонымен қатар зат алмасуды және жүрек пен қан тамырларының жұмысын қалыпқа келтіреді. Попкорн құрамындағы В2 дәрумені стресс пен депрессияға түспеу үшін өте қажет. Бұл осы жағдайларды жеңуге көмектеседі және тұтастай алғанда денеге пайдалы әсер етеді. Алайда зияны да бар екенін ұмытпаған абзал.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!