Бүгін істелуі тиіс жұмысты ертеңге ысырып, ертеңгісін тағы бір сылтау табу – көпшілікке таныс жағдай. Маңызды хатқа жауап беруді кейінге қалдыру, мақаланы соңғы сәтке дейін бастамау, тіпті қарапайым тұрмыстық шаруаны да соза беру… Бұл – жалқаулық емес, бұл – прокрастинация. Уақыт озған сайын адам өзін кінәлап, мазасыздыққа бой алдырады, бірақ бәрібір әрекетке көшу қиын. Ендеше, прокрастинация дегеніміз не? Ол неліктен пайда болады және одан қалай арылуға болады?
Прокрастинация – адамның маңызды істерді саналы түрде кейінге қалдырып, оның орнына маңызы төмен немесе жеңіл әрекеттерді таңдауы. Бұл құбылыс көбіне ерік-жігердің әлсіздігінен емес, ішкі психологиялық кедергілерден туындайды. Сіз жұмысты бастамай отырған кезде, тек еріншектік қана емес, сіздің миыңыз да қорқыныш пен стресс әсерінен «қашып» жатқанын білдіреді.
Зерттеулерге сүйенсек, прокрастинацияның бірнеше негізгі себебі бар. Алғашқысы – сәтсіздіктен қорқу. Адам өз жұмысын кемшіліксіз орындау керегін сезіп, бірақ сенімсіздікпен кейінге шегереді. Екіншісі – перфекционизм. «Мінсіз болмаса, бастамаймын» деген ой жұмысты бастауға кедергі жасайды. Үшінші себеп – мотивацияның төмендігі. Тапсырманың мәні түсініксіз немесе қызықсыз болса, адам оны кейінге қалдыруға бейім келеді. Төртінші себеп – шаршау мен күйзеліс. Психикалық немесе физикалық шамадан тыс жүктеме де әрекетке кедергі келтіреді. Ал соңғысы – уақытты дұрыс жоспарлай алмау. Нақты жоспарсыз адам тез шаршап, маңызды істерді кейінге қалдырады.
Яғни прокрастинация – бұл адамның «істегісі келмегендіктен» емес, «қорыққандықтан» немесе «өзін жеткіліксіз сезінгендіктен» кейінге шегеретін құбылысы. Ол уақытты ұрлайтын, мүмкіндікті азайтатын және өзін-өзі бағалауды төмендететін зиянды әдет. Соның салдарынан адам уақыт тапшылығына, күйзеліске және сапасыз нәтижеге тап болады.
Мысалы шығармашылық салада, журналистикада немесе ғылыми жұмыста бұл құбылыс аса қауіпті. Себебі идеялар пісіп-жетілгенімен, оны іске асыру кейінге қала береді. Нәтижесінде жоспарланған сапалы дүние уақыт тапшылығына ұшырап, сапасыз дүниеге айналуы мүмкін. Сондықтан прокрастинация жеңіл-желпі қарауға болмайтын мәселе. Ол уақытша еріншектік емес, адамның ішкі тәртібіне әсер ететін мінездік дағды.
Прокрастинацияның психологиялық табиғаты тереңде жатыр. Мысалы, перфекционист адамдар мінсіздікке ұмтылып жүріп, жұмысты соза береді. Олар үшін алғашқы қадамның өзі стресс.
Тағы бір себеп эмоционалдық қашу. Егер тапсырма қорқыныш, сенімсіздік, жауапкершілік ауыртпалығы секілді жағымсыз сезім тудырса, адам миы сол сезімнен «қашу» үшін жеңіл әрекетті таңдайды. Мәселен әлеуметтік желіге кіру, ұсақ шаруамен айналысу, ұзақ дайындық жасау.
Нейропсихология тұрғысынан қарасақ, ми тез ләззат әкелетін әрекеттерді таңдайды. Ал ұзақ мерзімді нәтиже беретін жұмыс күш пен төзімділікті талап етеді. Осы себептен прокрастинация тек психологиялық емес, биологиялық да құбылыс болып саналады.
Қазіргі цифрлық дәуірде прокрастинация бұрынғыдан да өзекті. Смартфон, әлеуметтік желі, үздіксіз ақпарат ағымы адамның назарын бытыратып жібереді. Әр хабарлама – назарға талас. Сонымен бірге қоғамда «үнемі өнімді болу» культі қалыптасқан. Адам өзін өзгемен салыстырып, ойындағысын орындап үлгермеген сайын күйзеліске түседі. Бұл да кейінге қалдыруды арттырады.
Жалпы әлем бойынша ересектердің шамамен 20–25 пайызы прокрастинациядан хроникалық түрде зардап шегеді және бұл құбылыс өмірдің әртүрлі салаларында көрінеді. Тіпті білім, жұмыс, қаржы және жеке қатынастарда да.
Кейбір зерттеулер көрсеткендей, прокрастинация жиі жастар мен студенттер арасында кездеседі, бұл олардың күнделікті технологиялармен және әлеуметтік медиаға тәуелділігімен де байланысты. Соның ішінде ЖОО студенттерінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Студенттердің 80–95 пайызы өздерінің тапсырмаларын кейінге қалдыратынын мойындайды, олардың шамамен 50 пайызы оны «психологиялық кедергі» деп есептейді.
– Тапсырманы уақытылы орындау керек екенін білемін, бірақ миымда «мен оны мінсіз етіп жасамасам болмайды» деген ой тұрады. Сондайда компьютерді немесе телефонымды ашып, әлеуметтік желілерде 30 минут отырамын, немесе чаттарды тексеріп, өзімді «бірдеңе істеп жатырмын» деп сендіремін. Күнделікті тапсырмаларды кейінге қалдыру мен үшін қалыпты жағдайға айналып кеткен. Мысалы ғылыми жұмыс немесе реферат жазу керек болса, мен оны ойлаймын, жоспарлаймын, тіпті «ертеңнен бастаймын» деп уәде беремін, бірақ сол ертең ешқашан келмейтін сияқты, – дейді Әсел есімді студент.
Прокрастинация – жалқаулық емес, күрделі психологиялық феномен. Бұл адамның эмоционалдық, когнитивтік және әлеуметтік механизмдерімен тығыз байланысты. Оның зияны уақытты жоғалту ғана емес, өз-өзіне сенім мен өнімділікке әсер ету.
Прокрастинациямен күресудің бірнеше жолы бар. Мысалы істі шағын бөліктерге бөлу немесе «5 минуттық ереже», яки тек 5 минут істеймін деп бастау. Сондай-ақ нақты дедлайн қою мен артық перфекционизмнен арылуды да басты назарда ұстаған жөн. Демалыс пен жұмыстың тепе-теңдігін сақтау жұмыс өнімділігін арттырып, уақыт үнемдеуге көмектеседі. Маңыздысы – өзін кінәламай, мәселені түсініп қабылдау. Өзін жазғыру прокрастинацияны күшейтетінін ескертеді мамандар.
– Бұл әдеттің басты себептерінің бірі – миыңызда керек һәм керек емес ақпараттар өте көп. Мәселен қолыңызда бір стақан бар деп елестетіңіз. Оның ішінде керек те, керек емес заттар немесе ескі лас су толып тұрса және сіз оның ішін тазаламайтын болсаңыз, сырттан жаңа затты сала алмайсыз. Немесе оған таза су құя алмайсыз. Қанша құйсаңыз да оның іші лық толып тұрғандықтан, барлығы сыртына ағады. Дәл осы сепкілді, сіздің миыңызда ескі, керек емес ақпараттар толып тұрған кезде жаңа ақпаратты қанша алсаңыз да миыңыз оны қабылдамайды. Себебі ұялы телефоныңызды жады толатыны секілді адамның да миы ақпаратқа толады. Телефон жады толған сайын жұмыс істеуі баяулай береді, сол секілді мидың да жұмысы ауырлай береді. Яғни ми жұмысының белсенділігі төмендей береді.
Бұл әдеттен арылудың бірінші жолы – сіз үшін дәл қазір маңызды істі саралап, миыңызға тапсырма ретінде орналастырыңыз. Екіншіден, сіздің миыңызға сіз өзіңіз ғана «авторитетсіз». «Біреу ренжіп қалады» деп немесе әлдекімнің көңілі үшін жасалатын жұмысты ми үнемі кейінге қалдырады. Себебі ол сіздің емес, басқаның қажеттілігі. Егер бұл нәрсе «өзім үшін жасалады» деп қабылдасаңыз, ми оны қалай да істеудің жолын табады, – дейді психолог Балқия Балтабай.
Прокрастинация – жеке адамның ғана мәселесі емес, заманауи қоғамның айнасы. Ақпарат көп, мүмкіндік мол, бірақ назар тұрақсыз. Алайда ол жеңуге болатын әдет. Ол үшін батыл бастау, кемшілікті қабылдау және әрекетті кідіріссіз қолға алу қажет. Бүгін басталған іс қана ертең нәтиже береді. Сондықтан уақытты басқару тек жоспар құру емес, сананы тәртіпке келтіру.
Егер сіз бүгіннен бастап шағын қадамдар жасап, кішігірім жетістіктерге қол жеткізсеңіз, ертең сіздің уақытыңыз бен энергияңыз тиімді әрі нәтижелі болады. Прокрастинацияны жеңу – бұл тек өнімділік мәселесі ғана емес, өз өмірін басқару қабілетін арттыру. Уақыт – қайтып келмейтін ресурс. Бүгінгі кешігу ертеңгі нәтижеге әсер ететінін ұмытпаңыз, оқырман.
Тілек ҚАБЫЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
