Әдеби шығармаларды талдау барысында жиі ұшырасатын «прототип», яғни «түптұлға» ұғымы жайлы білесіз бе? Прототип грек тілінен аударғанда «түпнұсқа, бастапқы бейне» деген мағынаны білдіреді екен. Ол – әдеби шығармадағы кейіпкер бейнесін жасауға негіз болатын, шын өмірде болған адам. Яғни, кейбір әдеби кейіпкердің түпкі тұлғасы нақты өмірде бар адамнан алынады.
Жазушы кейіпкердің болмысын, мінезін, тағдырын немесе өмір жолын шынайы адамнан алып, оны көркем шығармадағы образға айналдырады. Алайда әдеби кейіпкер тек көшірме емес, ол жазушының қиялымен, шығармашылық өңдеуімен жаңа сипат алып, көркемдік тұрғыда сомдалады.
Прототип – әдебиет пен өнердегі маңызды ұғым. Ол шығармаға шынайылық беріп, кейіпкердің «табиғилығын» арттырады. Алайда прототип пен көркем бейне бір ұғым еместігін ескеру қажет. Прототип – өмірдегі адам болса, ал көркем бейне – сол адамның негізінде жасалған әдеби кейіпкер. Жазушы прототипке сүйенгенімен, оның мінезін, өмірбаянын өзгертуі, жаңа сипат беруі мүмкін. Бұл шығармашылық процестің ажырамас бөлігі. Бүгінгі мақаламыз қазақ және әлем әдебиетінің жауһарына айналған қайталанбас туындылардағы кейіпкер мен түптұлғалар хақында болмақ.
![Прототип: әдебиет әлеміндегі түптұлға мен кейіпкер](https://aqmeshit-zhastary.kz/wp-content/uploads/2025/02/askar-swlejmenov-edited.webp)
«ҚАРҒЫН» РОМАНЫ: ЖАСЫННЫҢ ПРОТОТИПІ – АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ
Дулат Исабековтың «Қарғын» романы жайлы білмейтін жан кемде кем. Студент қыз бен жазушы жігіттің пойыз үстіндегі таныстығынан басталатын шығарма желісі оқырманын сан түрлі сезімге бөлеп, тынымсыз жетелеп отырады. Көркем туынды кинофильмдей көз алдыңа келетін керемет суреттеулерімен ғана емес, әрбір кейіпкердің мінез-құлқын аша түсетін диалогтарымен де ерекшеленеді. Романның басты кейіпкері жазушы Жасын Мәдиевтің шынайы өмірден алынған образ екенін естіген боларсыз?! Бұл туралы шығарма авторы Дулат Исабеков өз сұхбатында:
– Кейіпкерлер өмірден алынады. Бір оқиғаны бастан аяқ көрмесең де, әр жерде шашылып жатқан нәрселердің басын қосасың. «Қарғын» романының басты кейіпкері Жасынның прототипі – Асқар Сүлейменов. Роман жазылғалы бері 38 жылда осыны айтып келемін. Жасын – жиынтық образ. Бірақ мен о баста Асқар Сүлейменовтің өзіне де «сіз туралы документальный роман жазып жатырмын» деп айтқанмын, – дейді жазушы.
Ал он сегіз жастағы Бағила Асқар Сүлейменовтың өмірінде болған ба? Бұл сұраққа қаламгер:
– Шет-жағасы ғана көрінді. Дәл романдағыдай болған жоқ. Қазақта ондай қыз болу қайда?! Бағила – әр қазақтың қызы сондай болса екен деген арманымнан туған образ, – деп жауап қатты.
Иә, шынында торабы бөлек тағдырлар жайлы бұл туынды талай жанның ішкі арпалысын ашық бейнелеп берген секілді. Айықпас дертке шалдыққан Бағила мен Жасының шетелдегі соңғы жүздесуінен кейін қос арна, қос ғұмырдың қалай жалғасатынын жазушы ендігі кезекте оқырманның өзіне қалдырған секілді. Авторға хат жолдап, шығарманың жалғасын жазуды сұраған оқырман қауымның қатары қалың көрінеді. Дегенмен жазушы бұл ұсыныстан түбегейлі бас тартқан.
– Романды жерге түсірмей аяқтадым. Жерге түсірсем, үйреншікті тіршілік басталып кететін еді. Екеуі үйленді делік. Не өзгереді? Махаббат үшін үйлену басты мақсат емес. Бір-бірін жақсы көретін адамдардың, тіпті, қосылмағаны жақсы. «Адам өмірден бір адамды жақсы көріп өту керек» деген ұстанымды ұстандым, – дейді Дулат Исабеков.
Бәлкім, қос кейіпкер қосылған күннің өзінде бұл туынды осынша әсерлі дүние болмас па еді… Кім білсін? Автор осы арқылы ар алдында ақ болу мен адамдықтан аттамауды үлгі еткісі келген болар.
![Прототип: әдебиет әлеміндегі түптұлға мен кейіпкер](https://aqmeshit-zhastary.kz/wp-content/uploads/2025/02/aqbilek-edited-1.webp)
АЙМАУЫТОВТЫҢ «АҚБІЛЕГІ» КІМ?
Әйел теңдігі тақырыбында алғаш жазылған шығармалардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы болатын. Ол әлеуметтік төңкеріс кезеңіндегі қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігі, сұрқай саясат, сұрықсыз ақ әскерден көрген құқай, қиянаты ашық бейнеленген туынды. Ата-анасының бар махаббат, мейіріміне бөленіп өскен Ақбілектің бақытты ғұмырын аттылы ақ әскердің қапелімде тас-талқан етуі – бір ғана қыз емес, сол кезеңдегі қаншама қазақ қызына ортақ қайғылы жайт еді.
Бұл роман Алаш арысы Аймауытовтың Алтайдағы сапарынан соң туған сәтті шығарма. Күршім асып, Марқакөл өңірін аралаған қаламгердің Ақбұлақ ауылындағы Дариға Әбішқызын жолықтыруы қалың қазақ қызының тағдырын көтерген толағай туындының жазылуына себеп болған көрінеді. Осы сапарынан соң үйіне оралып, екі ай түз бетін көрмеген жазушы роман хақында алғаш Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына жазған хатында баяндайды.
Романның басты кейіпкері Ақбілектің прототипі болған Дариға анамызға оралайық. Ол жайлы естеліктерді Дариға Әбішқызының немересі Мұрат Өтеулиннің жұбайы Күлзайра Тоқтарбайқызы, яғни немере келіні баяндаған. Кеңес заманында қудалауға ұшыраған Өтеулі әулеті шекара асып, Қытайға қоныс аударады. Дегенмен ол жақта да жайлы ғұмыр кеше алмай, дүңгендер Өтеуліні өлтіріп тынады. Дер кезінде хабар есіткен Дариға ана бала-шағасымен бір түннің ішінде бергі жаққа қоныс аударып үлгерген.
Соғыс жылдары көп ананың бірі боп Дариға Әбішқызы да ұлы Әмірқұмарды майданға шығарып салады. Он саусағынан өнер тамған ана іс тіккенде айналасына қыз-келіншектерді жиып, үйретуден жалықпаған деседі. Жалғыз өзі бес баланы бағып- қаққанына қарамастан, көзкөргендер оны ауыл ішіндегі аш-жалаңаш жетім-жесірді де панасына алып, аяқтан тұруға қол ұшын созған жүрегі мейірімге толы аяулы жан деп еске алады.
Тағдырдың теперішін көріп, тауқыметін тартып, 88 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанған Дариға Әбішқызының сүйегі Шығыс Қазақстан облысы, Жаңаауыл топырағында жерленген.
![Прототип: әдебиет әлеміндегі түптұлға мен кейіпкер](https://aqmeshit-zhastary.kz/wp-content/uploads/2025/02/7-e1beb096.webp)
МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР: МЕҢТАЙ ӨМІРДЕ БОЛҒАН БА?
Қазақ әдебиетінде қалың оқырманға мәлім, кәрінің де, жастың да ыстық ықыласына бөленген туындылардың бірі – «Махаббат, қызық мол жылдар» романы. «Шығарма желісі мен кейіпкерлер шынайы өмірден алынған ба?» деген сұрақ әрбір оқырманның көкейінде туындайтыны ақиқат.
Иә, Романдағы Меңтай образы өмірден алынғаны жайлы деректер бар. Дегенмен ол бір емес, бірнеше прототиптен құралған жиынтық образ. Соның ішінде басты түптұлғасы – Өскемен өңірінің тумасы Нұрғамила Нұрбосынова. Ол шығарма авторы Әзілхан Нұршайықовпен Алматы қаласында қатар білім алған.
– Әзілхан көкені бірнеше мәрте Астанадағы үйімізде де, Кентауда да қонақ еткен едік. Дастарқан басында отырып, жазушыға сұрақты жаудыратынбыз. «Меңтай – Нұрғамила анамыз ба?» дейтінбіз. Сонда Әзілхан көке «Бұл шығарманы жазарда үш курстас қыздың бойындағы ең ізгі қасиеттерді, басынан өткен оқиғаларды теріп, бір арудың бойына жинақтаған едім. Нәтижесінде Меңтай дүниеге келді» деп жауап берген-тұғын. Ол қыздың біреуі жазушының жары Халима апамыз, екіншісі менің енем, үшіншісі шығарманың басында жазылған, жазушы ұнатқан Орынкүл деген қыз. Мен өзім үш қызды да жақсы таныдым. Үшеуі де шығармада суреттелгендей қазақтың аса сұлу, арлы, абыройлы, жібек мінезді, көркем арулары… – дейді Нұрғамила анамыздың келіні Тамара Тұрарқызы.
Туындыға талдау жасап, талқылау жүргізгенде бірі жағымсыз кейіпкер Тұмажанды жерден алып жерге салса, енді бірі Ерболды жігітке жат жігерсіздігі мен жасықтығы үшін кінәлап жатады. Әрине, оқырманға ой тастап, ішкі күйініші мен сүйінішін оята алған туынды ғана ғұмырлы болмақ. Ал сол туындының шынайы шығуы түптеп келгенде ондағы әрбір кейіпкердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, болмысына байланысты. Бұл туралы роман авторы Әзілхан Нұршайықов оқырмандарына берген жауабында былай дейді.
– Меңтай бейнесінің алғашқы бөлігі – бала, пәк Меңтайдың прототипі сол кезде бізбен бірге оқыған бір қыздың өмірінен алынды. Оның ағасының өлгені, соғыстан келген бір жігіттің мен ағаңмен жолдас болдым, ағаң өлерінде сені маған тапсырып кеткен деп ол қыздың уәдесін алғаны, «сен уәдеңді бұзба, бұзсаң сені өлтіремін!» деп мейрам сайын Алматыға келіп, қызбен кездесіп жүргені рас. Артынан оның елдегі сиыры, үйі бар жесір келіншекке үйленгені, сберкассада қызмет істеп, облигацияға подлог жасағаны үшін сотталып кеткені де шындық. Меңтай прототипіне негіз ретінде алынған ол қыз – қазір екі баланың анасы, орта мектептің мұғалімі. Жолдасы – ағарту саласының қызметкері.
Ерболдың прототипін күнде көремін, екеуміз бір мекемеде қызмет істейміз. Әсіресе, таңертең асығып, жұмысқа келген бетте шаш сипау үшін айна алдында жүздесіп, жымыңдасып та қаламыз. Оның төрт баласы, әйелі бар. Оны көргенде: «Сен кітаптағы Ербол менмін деп мақтанасың. Бірақ жазушының әр шығармасында өз өмірінің элементтері араласа жүретінін, ендеше Ербол бейнесінде менен де титтей бірдеңе бар екенін оқырмандар да сезетін шығар» деп қоямын. Расында да кейбір оқырман Ербол мен авторды бір адам деп есептейтін көрінеді. Ал көптеген оқырман Ерболды өмірде бар, тірі адам деп те ұғады. Сондықтан да олар баспаға жолдаған өз хаттарының сыртына «Ербол Есеновке тапсырылсын» деп жазады, – дейді жазушы.
![Прототип: әдебиет әлеміндегі түптұлға мен кейіпкер](https://aqmeshit-zhastary.kz/wp-content/uploads/2025/02/karlson.webp)
КАРЛСОН ДА ӨМІР СҮРГЕН
Балдай тәтті балалық шағымыздың естен кетпес естеліктерінің бірі «Балақай және Карлсон» мультфильмі болатын. Иә, шатырда өмір сүретін қаһарманның арқа тұсындағы ұшатын құрылғысына бала атаулының барлығы қызыққан шығар. Швед жазушысы Астрид Линдгреннің шығармасындағы дәл осы Карлсон шынайы өмірден алынған кейіпкер екенін екінін бәрі бірдей біле бермейді. Ол – Адольф Гитлердің ең жақын серігі, Рейхстагтың басшысы, ұшқыш Герман Геринг.
1923 жылы Герман Геринг Мюнхендегі мемлекеттік төңкерісті ұйымдастыруға атсалысқан. Полициямен қақтығыстар кезінде Геринг жамбас тұсынан екі оқ жарақатын алды. Осыдан соң ол жасырын түрде Австрияға, кейін Швецияға қоныс аударған.
Жараланғаннан кейін де жауынгерлік эскадрильяның экс-командирі ұшақ басқарып, әуеде шоу-бағдарламалар жасаумен айналысады. Швециялық баспасөз саласындағы жас қызметкер Астрид Линдгрен ұшқышты осы жылдары кезіктірген.
– Ол кезде жас Герман Герингке адамзатқа қарсы ешқандай қылмыс жүктелмеген болатын. Астрид Линдгреннің өзі кейіпкер Карлсон жалғыздық рухының символы екенін кейінірек ашып айтты, – дейді тарихшы Вольфранг Акулов.
Жазушының туыстары оның ұлтшыл қылмыскермен байланысқанын жоққа шығарған. Алайда тарихшылардың пікірінше, Линдгрен Герингтің бірінші әйелі Каринмен достасып, кейін тіпті қызын оның есімімен атағаны жайлы деректер келтіреді.
– Геринг бірде авиацияны қатты жақсы көретінін, оның арқасына тек мотор жетіспейтінін айтқан. Мүмкін, Астрид Линдгрен мұны естіген шығар, – дейді тарихшы Наталья Чернышева.
Жазушы Астрид Линдгреннің кеңес үкіметіне қарсы ұстанымына қарамастан аталған туындының ең көп оқылып һәм кеңінен тараған елі Ресей болатын. Ең қызығы, қаламгердің туған елі, яғни швециялықтар бұл шығарманы аса ұнатпаған көрінеді. Наталья Чернышева:
– Шведтер оны барлық жамандықтарды бойына жиған жағымсыз кейіпкер деп санайды. Ол ашкөз, тәттіқұмар, өтірікші және шебер манипулятор, мақтаншақ, ұры. Мұның балаларға беретін тәлімі жоқтығын алға тартады, – деп түсіндірді.
Кейіпкер прототипі саналған Геринг шынайы өмірде де ірі денелі, тұлғасы толық адам болған.
– Геринг шынында да тамақтануды қатты ұнататын. Әсіресе тосап пен тоқашқа деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Ол күндіз диета ұстағанымен, түнде тоңазытқыш маңайынан шықпайтын. Иә, ол кезде Германияда тоңазытқыштар болды. Геринг оны шұжық пен тосапқа, көп мөлшерде алкогольмен толтырып қоятын болған, – деп атап өтті Вольфранг Акулов.
Астрид Линдгрен Карлсонның әйгілі «ұсақ-түйек, күнделікті іс» деген сөз тіркестерін Швеция королі Чарльз XII-ден алғанын айтқан. Алайда тарихшылар әдеби кейіпкерді Герингтің мінез-құлқынан көшіргеніне сенімді. Себебі Герингтің «сабыр сақтаймыз, тек қана сабыр» секілді сүйікті сөз тіркестері болған, оны кейіпкер Карлсон да қайталаған еді.
Қаламгер фашизмнен гөрі коммунизмді зұлымдық деп санағанын және Германия Кеңес Одағын жаулап алады деп үміттенгені жайлы ашық айтқан. Дегенмен кейін соғыс жылдарында басып алынған аумақтардағы фашистердің қатыгездіктері туралы ақпарат қаламгерге әсер еткен болуы керек, оның КСРО-ға деген көзқарасы өзгере бастаған. Тіпті Линдгрен 1970 жылы Кеңес Одағына келіп, Карлсонның танымалдығына таң қалған. Өйткені өз отанында, яки Швецияда бұл кейіпкерді оқырмандар ешқашан жақсы көрмеген.
![Прототип: әдебиет әлеміндегі түптұлға мен кейіпкер](https://aqmeshit-zhastary.kz/wp-content/uploads/2025/02/sherlok-2.webp)
ШЕРЛОК ХОЛМС ШЫНЫНДА ДӘРІГЕР МЕ?
Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың әлемге әйгілі кейіпкері Шерлок Холмстың прототипі із кесуші емес, дәрігер екенін білесіз бе?
Эдинбург университетінің профессоры Джозеф Белл – белгілі дедуктивті әдісті ойлап тапқан атақты хирург. Жазушы Артур Дойл осы оқу орнының медицина факультетінде оқып жүргенде профессор оның сүйікті ұстаздарының бірі болған. Тіпті жазушы шығармадағы басты қаһарман Шерлокты қалыптастыру барысында ұстазының мінез-құлқы мен тұтас болмысын үлгі еткен көрінеді. Холмстың бақылау, пайымдау дағдылары мен дәлелдерді жинаудағы керемет қабілеті профессор Джозеф Беллдің науқасты диагностикалау әдісіне сәйкес келеді.
Профессор Джозеф Белл пациенттерін лекцияға шақырып, студенттерге науқастың сыртқы келбетіне қарап, оның кәсібі мен тұрғылықты жерін және ауруының себебін анықтауға тапсырма береді. Бір күні білім алушылардың алдына безгек ауруының белгісі бар бас киімді ер адам жайғасады. Науқастың тұрғылықты жерін анықтау үшін профессор студенттерге оның оқу залында да қалпақ шешпеуіне назар аударуын сұрайды. Әдетте ескери қызметтегі адамдар бас киімін шешіп ізеттілік танытуға міндетті еместігін ескертеді. Нақтылай келе симптомдар Вест-Индияда белең алып жатқан қызба белгілерін көрсеткен соң пациенттің Барбадостан келуі мүмкін деген болжамға тоқталады. Профессор дәл осы әдіспен студенттерді түрлі мамандық өкілдерінің мінез-құлқына мән беру арқылы әрбір детальға егжей-тегжейлі назар аударуға үйретті.
Жазушы Артур Конан Дойл профессордан алған білімі мен қарым-қабілетін медицинада ғана емес, әдебиетте де жүзеге асыра білді. Оның ұстазына, яки Д.Беллге жазған хатында «Мен Шерлок Холмс үшін сізге қарыздармын… Сіздің әрбір зерттеп, зерделеу әдісіңіз, бақылауыңыз бен баға беруіңіз, қорытынды жасауыңыз, мен осыларға сүйене отырып кейіпкер жасап шығардым» делінген.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!