Адамның денсаулығы тек физиологиялық мәселелермен шектелмейді. Біз күнделікті өмірде байқайтын көп аурудың бастауы – жан дүниеде, мида туындайтын терең түйткілдерде екенін көбіміз байқай бермейміз. Бұл идеяның астарында психосоматология ғылымының маңыздылығы жатыр. Психосоматология адамның жан дүниесі мен тәні арасында тығыз байланыс бар екенін көрсетеді. Қазір тек тәнді емдеу жеткіліксіз, себебі көп жағдайда адам тәні рухани, эмоционалдық күйзелістер салдарынан зақымданады. Осы мәселе бойынша психолог, нафсолог- коуч, психосоматолог маман Әйгерім Болатқызымен әңгіме өрбіттік.

– Психосоматология деген – адамның жан дүниесі мен тәннің байланысы туралы ілім. Яғни адам жан дүниесіндегі сезімі мен мінез-құлқындағы кемшіліктерді ескермей, үнемі қателіктерді қайталайтын болса, оның физиологиясында ауру пайда болады.

Психосоматологияның негізгі принципі – адам жан дүниесіндегі күйзеліс пен эмоционалдық күйдің тікелей тәнге әсер ететінін түсіну. Егер адам өз сезімдері мен ішкі жан дүниесін бақылаусыз қалдырса, уақыт өте келе бұл оның денсаулығына кері әсер етіп, түрлі сырқатқа алып келеді. Мысалы, бірнеше жыл бойы іште өкпе-реніш сақтаған адамның ішкі күйзелісі уақыт өте келе физиологиялық деңгейге өтеді, нәтижесінде дене ауруы туындайды, – дейді психосоматолог маман Әйгерім Болатқызы.

Психосоматологияның тағы бір маңызды қыры – бұл тек тәнді емес, жанды да емдеу қажеттілігі. Маманның көмегі арқылы адам өзінің ішкі сезімдерін түсініп, оларға әсер ететін түпкі себептерді анықтайды. Бұл процесс дертті емдеудің тиімділігін арттырады. Тән мен жанның өзара байланысы дұрыс жолға қойылған кезде, адам тез әрі толық емделеді. Осы тұрғыдан алғанда, психосоматолог маманның қызметі өте өзекті.

Әйгерім Болатқызының айтуынша, психосоматикалық белгілерді емдеу барысында рухани және мәдени құндылықтарды ескерген жөн.

– Психосоматикалық белгілерді емдеу кезінде рухани және мәдени құндылықтардың маңызы өте зор. Рухани байлық пен мәдени дәстүр сақталған жерде ауру-сырқау азайып, адамдардың денсаулығы мықты болатыны байқалады. Тіпті артық салмақ пен денсаулықтағы басқа да ақаулар көбіне рухани және мәдени құндылықтар ұмытылған, жоғалған ортада көптеп кездеседі.

Ал қазақ халқының рухани байлығына тоқталатын болсақ, салт-дәстүрлері мен тағамдары, ұлттық құндылықтары адамға күш-қуат береді. Мәселен, ұлттық тағамдар, оның ішінде ет пен сорпаның денсаулыққа пайдасы зор. Бұл туралы көптеген маман ғылыми зерттеулер жасап, нақты дәлелдеп келеді. Қазақтың салт-дәстүрі тек жақсылыққа, ізгілікке негізделген, ешқандай жаман қасиет қалыптастырмайды.

Менің ойымша, егер біз ата-бабамыздан қалған осы құндылықтарды толық түсініп, дұрыс дәріптей алсақ, психологтар мен психосоматологтардың көмегіне көп жағдайда жүгінудің қажеті болмас еді. Себебі рухани байлықты сақтай отырып, жан мен тәннің үйлесімін қамтамасыз етуге болады. Руханияттың байлығында тұрған күш адамды сырқаттан сақтайды. Қазақтың дәстүрлі құндылықтары тек денсаулыққа ғана емес, жалпы өмір сапасына да тікелей әсер етеді, – дейді психосоматолог маман.

Қазіргі қоғамда рухани құндылықтардың жойылуы психосоматикалық мәселелердің артуына бірден-бір себепші. Әкелердің өз міндетін дұрыс атқармауы, аналардың жұмысқа белшеден батуына байланысты отбасындағы рухани тәрбие екінші орынға қалып барады. Бұл жағдай тек отбасылық құрылымға ғана емес, жалпы адам денсаулығына да кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты, психосоматология ғылымының қажеттілігі күн өткен сайын артып келеді.

Әйгерім Болатқызы заманауи өмір салты мен технологиялардың денсаулыққа әсерін де ерекше атап өтті. Технологиялардың өзі бастапқыда адам игілігі үшін ойлап табылғанымен, оларды дұрыс пайдалана алмаудың немесе шамадан тыс қолданудың кесірінен денсаулыққа түрлі қауіп төніп отыр. Мәселен, әлеуметтік медианың шектен тыс қолданыста болуы адамның психологиялық денсаулығына айтарлықтай залал келтіреді. Одан бөлек, күнделікті өмірде орын алып жатқан күйзелістер мен мазасыз жайттар адамның физикалық денсаулығына да кері әсер ететіні белгілі.

Адам миына әсер ететін ақпараттық шу, түрлі жағымсыз жаңалық, технологияларға тәуелділік физикалық денсаулықты бұзады. Бұл жағдайда психосоматикалық белгілер анықтала бастайды. Тәннің ауруын емдеу үшін алдымен рухани және психологиялық келеңсіздіктерге шешім табу қажет. Әлеуметтік медианың денсаулыққа әсерін ескере отырып, оны қолдануда тепе-теңдікті сақтау маңызды. Маманның пікірінше, адам өзіне уақыт бөліп, ішкі жан дүниесімен жұмыс істемесе, денсаулық мәселелерінің ұлғаюы сөзсіз.

Психосоматикалық дерттерді емдеуде әрбір жағдай ерекше. Психолог Әйгерімнің тәжірибесінде кездескен күрделі жағдайлардың бірі – жүрегінде ақауы бар қыз баланың оқиғасы.

– Бұл отбасында үш ұл, кейіннен бір қыз дүниеге келген. Өкінішке қарай сәби жүрек ауруымен туған. Бірнеше ота жасалып, түрлі ем қабылдағанына қарамастан, оның денсаулығы жақсармаған. Осы кезде психосоматикалық әдістерді қолдану туралы шешім қабылданды. Жан-жақты зерттеу барысында оның әкесі рухани тұрғыдан қиындықтарға тап болғаны анықталады. Әкенің ішкі жан дүниесіндегі сенімсіздік пен рухани күйзеліс баланың денсаулығына әсер еткен. Осы тұста маман ретінде әкенің жан дүниесімен жұмыс істеп, оның ішкі әлеміндегі түйткілдерді шешуге көмектесуге атсалыстық. Осылайша, қыздың денсаулығы жақсарып, жүрегіндегі ақауы емделді. Бұл оқиға бір ғана адамның тәні мен жанының өзара тығыз байланысы ғана емес, оның жақындарының да жай-күйі маңызды рөл атқаратынымен жадымда сақталды, – дейді Әйгерім.

Маман психология мен психосоматологияны біртұтас жүйе ретінде қарастырудың маңыздылығын ерекше атап өтеді.

– Психология жанды зерттейді, ал психосоматология жан мен тәннің байланысын тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл екі ғылымды үйлестіре отырып, адамның ішкі және сыртқы әлемін толықтай түсінуге болады. Тәннің тазалануы жанның тазалануына жол ашады, ал жан дүниенің тыныштығы адамның физикалық денсаулығын жақсартуға әсер етеді. Осы екі саланы біріктіру арқылы адамның толыққанды саулығына жетуге болады.

Психосоматология мен психологияның үйлесімділігі адамның өмір сапасын арттыруға, оның ішкі жан дүниесінің саулығын сақтауға, сонымен қатар сыртқы ортадағы денсаулық мәселелерінің алдын алуға септігін тигізеді. Бұл ғылым арқылы адамға терең көмек көрсетуге, оның өмірін жақсартуға және денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Ішкі жағдайға бейжай қарамаңыз, себебі денсаулыққа немқұрайлы қарауға болмайды, – дейді психосоматолог маман сөзін түйіндей келе.

Қорытындылай келе, психосоматология – қазіргі заманда медицина мен психологияның маңызды саласы екенін ұқтық. Бұл ғылым адамның жан дүниесі мен тәнінің арасындағы байланыстарды зерттей отырып, аурулардың шынайы себептерін анықтауға көмектеседі. Психолог Әйгерім Болатқызының айтуынша, рухани және мәдени құндылықтарды сақтап, адам жан дүниесімен жүйелі жұмыс істеу арқылы көптеген аурудың алдын алуға болады.

Жан дүниенің тыныштығы мен денсаулығы – бұл адамның жалпы өмір сапасының кепілі. Ал сіз ішкі жағдайыңызға қаншалықты көңіл бөлесіз, қадірлі оқырман?

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!