Кәсіби нутрициолог Мира Панова Tengri Life-қа берген сұхбатында қандай шырын түрлері адам ағзасына пайдалы екенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күніне қанша мөлшерде ішуге болады?

Маманның сөзінше, шырынды дәрумендердің қосымша көзі ретінде тұтынған жөн, бірақ күніне 150 миллилитрден аспағаны абзал. Ең дұрысы – жаңа сығылған және су қосып сұйылтылған түрлері.

Қандай шырындар пайдалы?

Сарапшының айтуынша, ең пайдалы шырындар – көкөністен жасалғаны, сонымен қатар, кейбір жидектерден жасалғаны да пайдалы. Олардың ішінде маман мыналарды ерекше атап өтті:

  • қызылша шырыны: қан қысымын төмендетеді, қан айналымын жақсартады;
  • анар шырыны: антиоксиданттарға бай, қабынуды басуға көмектеседі, қан тамырларына пайдалы;
  • көкжидек, қарақат, шырғанақ шырындары: иммунитетті нығайтады, көру қабілетін жақсартады, жасушаларды тотығу стресінен қорғайды;
  • сәбіз және асқабақ шырындары: А дәрумені мен бета-каротинге бай, олар жақсы сіңеді, асқазан-ішек жолына жағымды әсер етеді.

Маман ең пайдалы шырындарды да сұйылтылған күйде, белгілі бір мөлшерде тұтынған дұрыс екенін және аш қарынға ішпеген жөн екенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!