Жан мен тәнді бірдей қинап, суығы сүйегіңнен, қары етігіңнен өтсе де, Астананың түрлі шамдары һәм инфрақұрылымы ерекше көз тартады. Дегенмен көшедегі өнер туындыларының орны бөлек.

Мәселен, қаланың қарапайым қар тазалаушысы Ирик Шаймерденов өз жұмысына шығармашылықты қоса білген жан. Ол күрек пен кішкентай қалақ арқылы қардан жануарлардың, кейде ертегі кейіпкерлерінің мүсіндерін жасайды.

Ол Петропавл қаласында туып-өскен. Астанаға қоныс аударғанына 20 жылдан асты. Қарлы мүсіндерімен тұрғындарды қуантып жүрген шебердің төрт ұлы мен төрт немересі бар. Отбасы – оның басты қолдаушылары. Ирик Шаймерденов осы өнерді бауырынан үйренгенін айтты. Суретші ағасы кезінде қардан мүсін жасап, жарыстарға қатысқанда болашақ шебер оған көмекші болған. Қазір қаладағы бірнеше мейрамханада қызмет етеді. Қыста қар тазалап, жазда бау-бақшаға қарайды. Ал негізгі мамандығы кең бейінді тракторист-машинист.

Шебердің жұмыстары тұрғындардың ерекше ықыласына ие. Әрине, себебі мүсіндерді махаббатпен жасап, процесс кезінде әр детальға мұқият мән береді.

– Ағам Марат Нұрқанов – 40 жылдық тәжірибесі бар ұстаз. Жанында жүріп, міне осындай хоббиім пайда болды. Дегенмен бұл істі қолға алғаныма 3 жыл болды. Балаларды қуантқым келеді. Алғашқыжұмыстарым сәтсіз шыққан, бірақ тәжірибе жинап, уақыт өте шеберлігімді арттырдым.

Фитнеске барып, сергіп қалатынымыз секілді, қардан мүсін жасап мен де күш жинаймын. Бұл менің көңілімді көтереді, – деді шебер.

Қар мен құмдағы өнердің ізі

Мүсіні былай тұрсын қарлы мүсіндіжасау тіптен оңай іс емес. Қолындағы қарапайым құралдармен жұмыс істей отырып, бір туындыны дайындау үшін 30 минуттан 2 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Әсіресе, жануарлардың бейнесін жасау барысында әрбір сызықтың нақтылығын қадағалайды.

Егер Елордадағы «Республика» даңғылына жолыңыз түссе Ирик Шаймерденовтің туындыларын көре аласыз. Ал жаздыкүні қардың орнын құммен алмастырады.

– Құмнан крокодил мен тасбақа жасап көрдім. Құмсалғыштың шетіне отырып, бір дүние құрастырғанымда, адамдар тоқтап, суретке түсіре бастайды, – дейді шебер.

Құмнан жасалған еңбектері де елордалықтардың қызығушылығын арттырып, тіпті арнайы келіпкөретіндердің саны көбейген. Себебі бұл іс тек күнкөріс қана емес, өнер мен жан рақатының үйлесімі.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!