Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымында «Жеті қазынаның» орны қашанда ерекше. Соның ішінде «Ит – жеті қазынаның бірі» деген тәмсіл тегіннен тегін айтылмаса керек. Көшпенді қазақ тұрмысында төрт аяқты жануар тек күзетші ғана емес, адамның сенімді серігі, түз даланың қауіп-қатерінен қорғайтын айнымас досы, тіпті жан дүниесінің емшісі болған. Осы орайда, сол асыл серікті баптап, оның бойындағы табиғи түйсікті оятып, жүйрік әрі ақылды етіп тәрбиелейтін тұлға – кинолог жайлы сөз қозғайық.

Кинолог – жай ғана жаттықтырушы емес. Ол дала философиясын терең түсінетін, табиғат пен адам арасындағы үзілмес үндестікті жалғаушы, ата дәстүрді ардақтайтын тұлға. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз «Жеті қазынаны» баптаудың қыр-сырын меңгерген кәсіби маман Серік Байжұманов.

Серік ағамен кездесуіміз ерекше басталды. Бірде дастархан басында шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырған кезде, Дәулет ағайдың айтқан бір оқиғасы елең еткізді. Ол зағип жанға арнайы ит дайындап берген шебер туралы айтты. Көз жанарынан айырылған мүгедектігі бар жанның өміріне сол ит жарық сәулесіндей үміт сыйлаған екен. Ит тек иесін жетектеп, жол сілтеп қана қоймай, қоғамда толыққанды өмір сүруіне көмектескен. Бұл оқиға бізді бей-жай қалдырмады. Осы ғажайып істің иесі Серік Байжұмановпен жақынырақ танысып, әңгіме құруға асықтық.

Қасиет болса, ешкім сындыра алмайды

Серік Байжұмановтың айтуынша, оның иттерге деген махаббаты бала күнінен басталған. Алайда бұл іске кәсіби тұрғыдан ден қоюы әскер қатарынан оралған соң жүзеге асыпты. Жылдар өте келе қызығушылық үлкен кәсіби шеберлікке ұласқан. Әңгіме барысында ол маған сұрақ қойды:

– Қасиет деген не? Оны қалай түсінесің?

– Адам бойындағы мінез, тек өзіне тән ерекшелік, рухтың мықтылығы шығар, – деп жауап қаттым мен.

– Бізде интерьер және экстерьер белгілері бар. Экстерьер сырт келбеті, адамның бетінің формасы, шашының түсі, көзі секілді ерекшеліктер болса, интерьер адамның тек өзіне тән тұла бойындағы қарым-қасиет.

Ол сөзін сабақтай түсті:

– Бұл тек адамға ғана емес, иттерге де қатысты. Әр иттің өзіндік мінезі, яғни интерьері болады. Адам өмір бойы өзінің қасиетін іздейді, қиындықтарға төтеп беру арқылы мінезін шыңдайды, сөйтіп тұлға ретінде қалыптасады. Иттерде де дәл солай. Интерьері мықты ит – нағыз серік болады.

Осы ойын дәлелдеу үшін ол қызықты бір оқиғамен бөлісті. Иттер арасындағы жарыстардың бірінде қызық жағдай болыпты. Додаға әлемнің әр түкпірінен келген, тұқымы әртүрлі, дене бітімі ірі, үрген дауысының өзі адам шошытарлық алып иттер қатысады. Сыртқы келбетіне, яғни экстерьеріне қарасаң, нағыз жеңімпаздар солар секілді көрінген. Ал біздің команданың иттері олармен салыстырғанда кішірек көрінеді. Бірақ жарыс барысында күтпеген жағдай орын алды. Қарсыластары қанша жерден алып болса да, жүйкесі сыр беріп, қиындыққа шыдамай жатқанда, біздің иттер темірдей тәртіп пен қайтпас қайсарлық көрсетті. Олардың «интерьері », яғни ішкі рухы мен мінезі мықты болып шықты. Ауырлыққа төтеп беріп, кедергілерден мүдірмей өтіп, жеңіске жетті.

– Сондағы менің түсінгенім, – деді Серік аға нық дауыспен, – егер бойда нағыз қасиет, мықты рух болса, оны ешқандай сыртқы күш те, қиындық та сындыра алмайды.

Қасиет болса, ешкім сындыра алмайды

Жастар ит асырауы керек

Серік аға осы жасқа келгенше талай итті баптап, сан түрлі тағдырға куә болған. Кейде адамдар арнайы іздеп келіп, белгілі бір мақсат үшін ит дайындап беруін өтінеді екен. Сондай оқиғалардың бірі есінен әлі кетпепті.

Бірде оған ауқатты кәсіпкер әйел келіп, басынан өткен қайғылы жағдайды айтып береді. Ол жаңадан зәулім үй салып жатқан кезде, үйіне ұры түсіп, ауыр жарақаттаған екен. Сол оқиғадан кейін бойын үрей билеген әйел, болашақта мұндай сұмдықтың алдын алу үшін сенімді қорғаушы ит іздейді. Кейіпкеріміз тапсырысты қабылдап, үй құрылысы біткенше итті дайындауға кіріседі. Уақыты келіп, дайын итті көрсеткенде, тапсырыс берушінің көңілі толмай қалады. Себебі Серік дайындаған ит – кішкентай, сүйкімді, жүндес «Болонка» тұқымдас ит еді. Киноларда көбіне сәнқой бикештердің жанында жүретін, аксессуар секілді көрінетін бұл ит әйелге сенімсіздік ұялатады. Алайда кинологтың өз уәжі бар еді. Ол қорғаныс үшін ең тиімдісі – дәл осы кішкентай, бірақ жүрегінің түгі бар иттер екенін түсіндірді.

Байқасаңыз кинотуындыларда да, өмірде де бай, беделді адамдардың үйінде үнемі кішкентай, сүйкімді иттер жүреді. Бұл тек сән үшін емес, нағыз стратегиялық қорғаныс. Үлкен, салмақты иттерді көргенде қылмыскер дайындалып, оған қарсы қару қолдануы мүмкін. Ал мынадай иттер қорқыныш тудырмайды, қылмыскер оларды елемейді, сақтанбайды. Бірақ қауіп төнген сәтте бұл иттер атылып, дұшпанның күре тамырына немесе мойнына жабысады. Көзге алғаш әлсіздік болып көрінген қасиет – шын мәнінде оның ең мықты, жасырын қаруы екен.

Ит – тек қорғаушы ғана емес, ол адамның ниетін, көңіл-күйін, тіпті жасырын ойын сезетін психолог тәрізді. Әлеуметтік желілерде иттің кенеттен иесін біреуден қорғап қалғаны немесе балаға аман сақтап қалғаны туралы бейнежазба көп. Бұл жай ғана кездейсоқтық емес. Серік Байжұмановтың айтуынша, арнайы дайындықтан өткен ит жүз адамның арасынан психикалық ауытқуы бар адамды немесе жаман ниетті қылмыскерді таниды. Әсіресе педофилды бірден анықтайды екен.

Ал иттердің парақорды анықтай алатын қасиеті бар десе, сенесіз бе? Бірде Серік ағаға құқық қорғау органында жұмыс істейтін лауазымды тұлға келіп, ерекше өтініш жасайды. Оған жай ғана үретін емес, қызметкерлер арасындағы «таза емес» адамдарды, яғни парақорларды анықтайтын ит керек болады. «Бұл мүмкін бе?» деген сұрақ туындайды. Серік аға бұл ретте өзінің ерекше әдістемесін ойлап тапқан. Итті үстелдің астына, көрінбейтін жерге жасырып қояды. Пара алу процесі – үлкен стресс. Адам сыртқа білдірмегенімен, оның жүрегі соғып, терлей бастайды, бойынан ерекше иіс бөлінеді. Сонымен қатар арнайы жаттығу барысында конвертке, ақшаға ерекше белгі беретін иіс те сіңірілуі мүмкін. Сынақ былай өтеді: параққа «пара» деп жазылған конвертті біреу алып келсе, үстел астындағы ит белгі береді. Ал егер қолы таза, ниеті түзу адам келсе, ит орнынан қозғалмай, тыныш отыра береді. Міне, қызық. Осы орайда кейіпкеріміз қазіргі жастардың ит асырағанын қалаймын деп айтты.

Қасиет болса, ешкім сындыра алмайды

Ит сатылмайды

Әңгімеміз тарих пен аңызға ұласты. Серік аға «Қытайдағы әйгілі «Пекинес» тұқымды иттің түп-тамыры Қазақстанда, біздің төбеттерде жатыр екен» деген деректі айтқанымда, қасымдағылар күлді, – деді. Ауылда өскен қазақ баласы төбеттің айбарынан қаймығады. Бұрын үлкен үйлердің алдында үнемі дәу төбет жататын. Ол жерден өту үшін адам міндетті түрде басын иіп өтетін. Қазақтар тек ханға ғана емес, қажет кезде қасиетті төбетке де басын иген.

Аңыз бойынша, Қытай императоры қазақ даласының иттері туралы естіп, өзіне алдыртқысы келеді. Елшілерін жіберіп, «Маған қазақтың төбетін әкеліп беріңдер» деп бұйырады. Алайда қазақ халқында бұлжымас қағида бар: ит сатылмайды!

Неге? Себебі, итті сату – досыңды сатумен тең. Егер итті сатсаң, ол сатқындық қанға сіңіп кетеді. Итті тек күшік кезінде сыйға тартуға, «жеті қазынаның бірі» деп игілікке беруге болады. Ал өсіп, иесіне бауыр басқан, мінезі қалыптасқан итті біреуге беруге немесе сатуға мүлде болмайды. Ал төбетке неге үруге болмайды? Итті алғаннан кейін, Қытай билеушісі осы құпияны ашып, осы әдіс арқылы сатқындарды тапты. Ол жүз адамды жинап алып, төбеттің сатқынды таба алатынын айтады. Ал оны анықтау үшін бәрі басын түсіру керек. Иттің не істеп жатқанын көру үшін сатқын оған білдіртпей қарауға тырысады. Сол кезде ит оны байқап, үреді.

Осылайша, бұл ит «Императордың иті» атанып, сатқындарды анықтайтын құралға айналған деседі. Кейіннен бұл иттер сұрыпталып, кішірейтіліп, хан сарайының сәні – «Пекинеске» айналған деген болжам бар. Бірақ түп негізінде сол даланың қайсар рухы жатыр.

Кинолог – қазақ даласының сәні мен мәнін келтіретін, көне дәстүр мен бүгінді жалғастырушы бірегей тұлға. Ит жүгірту – жай ғана ермек емес, ол – үлкен мәдениет, терең тарих және ұлттық кодтың бір бөлігі. Желмен жарысқан жүйріктер барда, оларды баптайтын зерделі маман барда, қазақтың далалық рухы ешқашан сөнбес.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!