Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлері күні белгіленуі мүмкін. Бұл мереке күзгі-қысқы жылыту маусымы аяқталатын 16 сәуірде тойлануы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандағы мерекелік күндер тізбесі туралы Үкімет қаулысына өзгерістер енгізуді көздейтін жоба «Ашық НҚА» сайтында жарияланған.
Құжатты жария түрде талқылау 2 тамызға дейін жалғасады.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері тәулік бойы ел халқын жылумен, электр энергиясымен, сумен қамтамасыз етеді, көшелердің тазалығын қадағалайды, сондай-ақ елдің тұрғын үй қорын басқарады және күтіп ұстайды, осылайша азаматтардың қолайлы және жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды. ТКШ қызметкерлері күні КСРО-да 1966 жылдан бастап шілденің төртінші жексенбісінде аталып өтті және ТМД-ның көптеген елдерінде, соның ішінде Ресейде, Беларуссияда, Украинада, Өзбекстанда сақталған. Дәл осы күні тұрғындарға қажетті осы салада өмір бойы жұмыс істеген ТКШ ардагерлеріне құрмет көрсетілген. Бұл мерекені белгілеу ардагерлердің орнына осы салаға жоғары білікті жас мамандар мен инженерлердің келуіне, сондай-ақ ТКШ қызметкерлері кәсібінің беделін және олардың кәсіби мақтанышын арттыруға ықпал етеді», – деп жазылған қаулы жобасының негіздемесінде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!