Ranking.kz аналитика компаниясы еліміздегі облыстарды, республикалық маңызы бар қалаларды басқарып отырған әкімдердің жасына қатысты кезекті зерттеуін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жылдың 21 шілдесіндегі жағдайға сәйкес, еліміздің өңірлері әкімдерінің орташа жасы – 52,2.
Егде тартқан әкімдердің көшбасында Шығыс Қазақстан облысын басқаратын Даниал Ахметов тұр. Әкім қазір 68,1 жаста.
Одан кейінгі орында жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев (59,6 жаста) пен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин (58,7) тұр.
Еліміздің ең жас әкімі Мұрат Әйтенов (40,7 жаста) республикалық маңызы бар Шымкент қаласын басқарады.
Сонымен қатар жас әкімдердің қатарында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов (43 жаста) пен елорда әкімі Алтай Көлгінов (44,5) бар.
Ең жас әкім Мұрат Әйтенов лауазымды қызметке 38 жасында тағайындалған және соңғы 2,5 жыл бойы оңтүстіктегі алып шаһарға басшылық жасап келеді.
Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңір басшысы лазуамында 7,7 жыл (ең ұзақ мерзім) бойы қызмет етіп келеді. Ол облыс басшысы болып 60 жасында тағайындалған.
Жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының өңір басшысы болғанына небәрі 25 күн толды. Ол бұл қызметке осы жылдың 11 шілдесінде кіріскен еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!