«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп 2023 жылы іске асырылуға тиіс әлеуметтік жобаларды жинамақшы. Ұсыныстар 1 тамызға дейін жолдануы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұсыныстардың бәрі өкілетті органға жолданып, қаралады. Сол жерден жобаға қатысы бар мемлекеттік органға немесе жергілікті атқарушы органға талдау жүргізу үшін, іске асыру мүмкіндіктерін қарау үшін жіберіледі. Ол үшін жобалар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына, заңнамасы мен тиісті органдардың талаптарына сәйкес болуы шарт», – деп жазылған орталықтың ресми сайтында.
Орталық мамандары қабылданған жобалардың тақырыбы, мақсат-міндеті, күтетін нәтижесі мен қаржыландыру көлемі, іске асыру мерзімі мен қамту аумағы өзгеріске ұшырауы мүмкін екенін ескертіп отыр.
«Яғни, жолданған ұсыныстардың бәрі міндетті түрде іске асады деген кепілдік жоқ. Сондай-ақ жобаны қарау қорытындысы туралы кері байланыс болмауы да мүмкін. Жолданған ұсыныстар мемлекеттік органдардың оларды іске асыру мүмкіндігін қарап, талдау үшін ғана қолданылады», – деп жазылған сайттағы мәліметте.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!