Қазақстандықтардың көбі шетелге демалысты жазға жоспарлайды. Алайда туроператорлар сапар құны әрдайым маусымға тәуелді екенін айтып, дұрыс уақытты таңдауға кеңес береді. Осы ретте Stan.kz тілшісіне туроператорлар қай кезеңде тур бағасы төмендейді және оған не әсер ететінін түсіндірді.
Компания өкілі Ольга Исаеваның мәліметінше, шетелге сапарлаудың ең тиімді кезеңдері төмен және өтпелі маусымдар.
Атап айтқанда мына айларда тур бағалары төмен болады:
- қаңтар-ақпан айлары (Жаңа жыл мерекелерінен кейін),
- сәуірден маусымның басына дейін (жазғы маусымға дейін)
- қыркүйек-қараша аралығы (мектеп демалыстарынан кейін)
Әсіресе, қыста қонақүйлер жиі бағасын төмендетіп, туроператорлар түрлі акциялар ұсынады. Сонымен қатар көптеген танымал бағытта ауа райы демалысқа қолайлы күйінде сақталады.
Осы уақытта Түркия, Мысыр және Біріккен Араб Әмірліктеріне күз-қыс айларында, ал Таиланд пен Вьетнамға көктем мен күзде салыстырмалы түрде арзан бағамен демалуға мүмкіндік бар.
Тур бағасы неге төмендейді?
Fun&Sun өкілінің түсіндіруінше, турлардың арзандауы көбіне қызмет сапасының төмендеуінен емес, нарықтағы сұраныс пен маусымдық факторларға байланысты. Бағаға әсер ететін негізгі себептер:
- туристік сұраныстың азаюы;
- климаттық ерекшеліктер (аптап ыстық немесе жаңбыр маусымы);
- мектеп демалыстары мен жаппай еңбек демалыстарының болмауы;
- қонақүйлер мен әуе рейстерінің толық жүктелмеуі;
- қонақүйлер мен әуе компанияларының акциялары.
«Жағажай маусымынан тыс кезде сұраныс азайып, бағалар төмендейді. Кей бағыттарда аптап ыстық немесе жаңбыр кезеңі де бағаның арзандауына себеп болады. Жаңа чартерлік рейстердің ашылуы немесе ұшу санының көбеюі пакет бағасын айтарлықтай төмендетуі мүмкін. Теңге мен доллар бағамының өзгеруі турпакеттер құнына тікелей әсер етеді, сондықтан туроператорлардағы бағалар жиі жаңарып отырады», – деп кеңес берді компания өкілі.
Компания арзан турлар көбіне қауіпсіздік немесе базалық қызмет деңгейінің нашарлауын білдірді. Бюджеттік турлар баға мен сапа арасындағы тиімді теңгерім болуы мүмкін. Мұндай пакеттерде көбіне:
- 3-4 жұлдызды стандарт деңгейдегі қонақүйлер ұсынылады;
- ұшу уақыты қолайсыздау болуы немесе қонақүй таңдауы шектеулі болуы мүмкін;
- қызметтер базалық пакетке сай беріледі.
Сонымен бірге трансфер, сақтандыру және туроператорлық сүйемелдеу стандартты деңгейде сақталады.
Дегенмен ұзақ орналастыру кезінде бір түннің құны салыстырмалы түрде арзандайды дейді компания өкілі. Қонақүй санаты жоғарылаған сайын тур бағасы да өседі. Орта есеппен алғанда, 3 жұлдызды қонақүйден 4 жұлдызды деңгейге өткенде баға шамамен 20–30 пайызға қымбаттайды. Ал 4 жұлдызды қонақүйден 5 жұлдызды санатқа ауысқанда тур құны 30–60 пайызға дейін артуы мүмкін.
Тур пакетіне не кіреді?
Стандартты турпакет құрамына әдетте:
- әуе билеті;
- әуежай – қонақүй – әуежай трансфері;
- қонақүйде тұру;
- таңдалған тамақтану жүйесі;
- медициналық сақтандыру;
- туркод.
«Демалысты кемінде үш ай бұрын брондау арқылы туристер тур құнын 40 пайызға дейін үнемдей алады. Осы кезеңде қонақүйлер жиі «балалар тегін тұрады» немесе «жеке трансфер сыйлыққа» сияқты акциялар ұсынады», – деді KazTure және Fun&Sun өкілі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
