Халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға сенсек, отандастарымыздың 76,4 пайызы Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы идеясын қолдайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Араға 22 жыл салып жалпыхалықтық референдум өткелі отыр. Ел үшін маңызды деген жайттар бойынша Конституцияға өзгерістер енгізу үшін дауыс беруіміз керек. Жаңа Қазақстанды құру жолында аталған шараның маңызы зор. Осы орайда бізді қоғамның рефрендум өткізуге қатысты не ойлайтыны қызықтырады. Қазақстандықтар Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерді қолдай ма? Қолдаса қандай деңгейде деген секілді. Осы орайда Мемлекет басшысы референдум өтеді деп жариялаған күннен бастап біздің институт жұмысқа кірісіп кетті», – деді Еркін Тұқымов орталық коммуникациялар қызметі алаңында сарапшылардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде.

Институт басшысының айтуынша, 9-12 мамыр аралығында халық арасында телефон арқылы сауалнама жүргізілген.

«Әлеуметтік сауалнамаға барлық өңірден 1200 респондент қатысты. Оның нәтижесінде қазақстандықтардың 66,4 пайызы референдумға қатысады. Осы тұста айта кетсек, заңға сәйкес халықтың 50 пайыздан астамы қатысқан жағдайда референдум өткен болып есептеледі. Жалпы аталған сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 70 пайызы референдум өтетінінен хабардар. Сондай-ақ, біздің институт жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын отандастарымыздың 76,4 пайызы қолдап отыр. Яғни, қазақстандықтардың дені референдум өткізіп, Конституцияға тиісті өзгерістерді енгізудің маңызды екенін түсінеді», – дейді ол.

Спикер ұсынған статистикаға сәйкес, референдум өткізу идеясын қазақстандықтардың 15,4 пайызы қолдамайды. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан азаматтардың 8 пайызы әзірге нақты шешім қабылдамаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!