14 ақпан десе көпшіліктің ойына бірден «Ғашықтар күні» түсетіні жасырын емес. Алайда соңғы жылдары дәл осы күні әлемде рухани құндылығы жоғары, мейірім мен білімге толы тағы бір мереке кеңінен таралып келеді. Ол – Халықаралық кітап сыйлау күні. Хәкім Абай: «Артық ғылым кітапта, Ерінбе оқып көруге» – деп, адамзатты білім мен ғылымға шақырған еді. Осы атаулы мерекеге орай «100 кітап» жалпыұлттық жобасының қорытындысына сүйене отырып, оқырмандарымызға Қазақстандағы ең көп оқылатын 5 үздік туындыны ұсынамыз.
Қазақстандықтардың ең сүйікті әрі үстел үстінен түспейтін кітабы – Ұлы Абайдың қара сөздері. Бұл – адамдық, даналық және имандылық туралы терең ой толғайтын, уақыт өтсе де маңызын жоғалтпайтын философиялық туынды. Оның жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, Абайдың философиялық тұжырымдары әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпай, халыққа ақ жол сілтеп отыр.
Екінші орында қазақ әдебиетіндегі махаббат трагедиясы аталатын шығарма тұр. Бұл – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» дастаны. Онда екі жастың мұңды тағдыры, махаббат жолындағы тартысы суреттеледі. Абайдың тәрбиесін көріп өскен Шәкәрім кейін қазақ ұлты танитын дара тұлға атанды.Оның шығармалары – ел қамын жеген ата-баба ойларының көрінісі.
Ақылдың кей іс жауы, кей іс досы, Бұл екі істен болмайды өмір босы. Досыңды жау, дұшпанды дос көрсетіп, Көзді байлап нәпсінің қылғаны осы, – депжырлады Шәкәрім.
Үздік үштікті түйіндейтін шығарма – қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман. Әрине, бұл – Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы». Әйел теңсіздігі мен ескі қоғамның кертартпа тұстарын ашып көрсеткен туынды әлі күнге дейін оқырманды бейжай қалдырмайды. Дулатов бұл тақырыпты ғасырдан астам уақыт бұрын қозғаса да, мәселе қазір де өзектілігін жоғалтпады. Америкалық жазушы Дороти Паркер: «Сізді ойлауға мәжбүр ететін кітап қана өз міндетін толық атқарған кітап» – дейді. Сол тізімнен Міржақыптың да туындылары орын алады. Әйтпесе, оның шығармасы бүкіл елді дүрбелеңге салған туындылар қатарынан табылмас еді.
Төртінші орында – қазақ прозасындағы психологиялық тереңдігімен ерекшеленетін Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы. Аумалы-төкпелі замандағы қазақ қызының қиын тағдыры мен рухының мықтылығын шынайы баяндайтын бұл туындыны жастардың қолынан жиі байқаймыз. Әдебиеттанушы ғалым Серік Қирабаев: «Ақбілектің ауылдың өсек-аяңынан құтылып, қаладан бақытын табуы – жаңа өмірдің салтанат құруы. Ол – білім алып, қатарға қосылған алғашқы қазақ әйелдерінің өкілі» – дейді.
Топ-5 тізімді қорытындылайтын шығарма да әйел теңдігі мәселесінің өзегін айқындайды. Ол – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы. Сұлулық пен нәзіктіктің дөрекі күш пен әділетсіздікке қарсы дәрменсіздігін суреттейтін классика. Торайғыровтың ескі құдалық пен көп әйел алу салтын сынға алып, әйелдердің білім іздеп, еркіндікке ұмтылуын дәріптеуі қазақ қоғамына, әсіресе әйелдер қауымына зор серпіліс бергені әлі де ұмытылмады.
Мұхтар Әуезов «Білген, көрген болмысынан туған шындық кітабы болып шыға алса, содан арғы зорғы мұраты жоқ» дейді. Сондықтан мейрам күні жақыныңызды қуантып, кітап сыйлаңыз.
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
