Фото: ашық дереккөзден алынды

Бельгиялық шоколад пен құлпынайдың нәзік комбинациясы сұранысқа ие. Бұл десерттің де тарихта таңбасы бар. Чикаголық Stop «N» Shop мейрамханасында жұмыс істеген Лорейн Лоруссо ойлап тапқан. Осылайша жылдам әзірленетін тәтті жаһанға тез таралып, сатыла бастаған. Қазір Қазақстанда да кәсіп көзіне айналып, тәттіден табысқа кенеліп отырғандар жоқ емес.

Шоколадты құлпынайды сыйлық ретінде ұсынудың сан нұсқасы бар. Мәселен букетке орап немесе себетке салуға болады. Ал қораптың төменгі бөлігін десерт, жоғары бөлігін раушан гүлімен толтыруды романтиктер құптайтыны сөзсіз. Сайып келгенде құлпынай махаббатпен ассоциацияланады. Жемістің тарихы Ежелгі Римнен бастау алып, қызыл түсіне байланысты махаббат құдайы Венераның символы болған. Дереккөзге сүйенсек, дәмді десерт Валентин күнінде және үйлену тойда швед үстелдерінде жиі қойылған. Тіпті елімізде де жас жұбайлар той үстінде торт әзірлеп, құлпынаймен безендіретіні көпке таныс. Айтпақшы, «Құлпынай иісі» түрік сериалы жастар арасында танымал болғаны есте. Осы ретте сезім сырымен сабақтас жемістің құнарлы екенін де айта кеткен жөн.
Иммунитет әлсірегенде көкөніс пен жеміс-жидектің ағзаға пайдалы екенін білеміз. Әсіресе құлпынайдың оң әсерін зерттеулер дәлелдеген. Деректерге сәйкес, мидың қартаю процесін баяулатып, есте сақтау қабілетінің қалыпты болуына ықпал етеді. Сондай-ақ көру қабілетін жақсартып, катарактаға және көздің құрғауына жол бермейді. Демек бұл бүлдіршін мен егде жастағы адамдарға пайдалы деген сөз. Құлпынайды қант диабетімен ауыратындарға да ұсынады. Өйткені бұл қандағы қант деңгейін реттейтін жидектің бірі. Жүйке жүйесі жұмысын жақсартып, қан тамырларын тазартады. Құрамында С дәрумені болғандықтан да құнарлы. Деректерге сүйенсек, бір уыс құлпынайда бір апельсин құрамынан көп С дәрумені бар. Бірақ бұл жылыжайда емес ашық күн астында өсірілген жидекте ғана кездеседі. Расымен тізбектей берсек пайдасы жетіп артылады. Денедегі зиянды заттар әсеріне де төтеп берер қабілеті бар.
Десек те құлпынайдың бәрі бірдей пайдалы емес екенін ескерген ләзім. Орташа және ұсақ жидектерде дәрумендер көбірек болады. Ал сатып алған құлпынайдың беткі қабатынан дақ байқасаңыз, бұл жидекті өсіргенде химиялық зат қолданылғанын білдіреді. Осындай бірнеше белгі жидекті сақтықпен таңдауға себеп. Сондықтан шоколадты құлпынайды сыйлыққа берерде алыс өңірден тапсырыс берудің қажеті жоқ. Өйткені десертті бір күн сақтауға болады. Тоңазытқышсыз құлпынайдың еритіні айтпаса да түсінікті. Көңіл-күй мен сергектік сыйлау үшін десерттің декорына ғана емес, жидектің сапасына да назар аударған дұрыс.
Қаламыздағы Berry Bon – шоколадты құлпынайдың ордасы. Әдемі әрлеп, ерекше дәммен ұсынғандықтан болар, сонда аяқ басатындардың қарасы қалың. Мұның өзі десертке сұраныстың артпаса кемімейтінін білдіреді.


Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!