Әр дәуірде адамзаттың ақыл-ойын, қиялын әрі үрейін қатар оятқан құбылыстар бар. Ғылым дамып, технология шарықтаған XXI ғасырда да әлем жұмбақтары толық шешілді деу қиын. Керісінше, адам баласы неғұрлым көп білген сайын, соғұрлым беймәлім дүниелер көбейе түсетіндей.
Ең алдымен, адамзаттың шығу тегі мен санасының табиғаты – шешімін таппаған басты жұмбақтардың бірі. Ғалымдар эволюция теориясын ұсынғанымен, адамның сана-сезімі, ойлау қабілеті, ар-ұят, түйсік секілді қасиеттері қалай және қашан қалыптасқаны әлі де даулы мәселе. Нейробиология ми құрылымын зерттейді, бірақ «ой» мен «сезімнің» нақты қайдан пайда болатынын дәл түсіндіріп бере алмайды. Сананың өзі – материя ма, әлде одан тыс құбылыс па? Бұл сұрақ философтарды да, ғалымдарды да мыңдаған жыл бойы толғандырып келеді. Кез келген жастар отырысын нағыз дебат алаңына айналдыратын жанды тықырыптардың бірі.
Әлемдік мұхит та жұмбаққа толы аймақ. Жер шарының 70%-ын су алып жатса да, түбінің аз ғана бөлігі зерттелген. Тереңдікте қандай тіршілік иелері бар екені, олардың эволюциясы қалай жүргені белгісіз. Кейбір ғалымдар мұхит түбінде адамзатқа беймәлім тіршілік формалары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал теңіздегі жоғалып кеткен кемелер мен ұшақтар, әсіресе «Бермуд үштағаны» төңірегіндегі әңгімелер әлі күнге дейін нақты дәлелмен толық түсіндірілмей келеді.
Ғарыш – адамзат үшін ең үлкен әрі ең үрейлі жұмбақ. Миллиардтаған галактиканың ішінде Жерден өзге тіршілік бар ма деген сұрақ адам баласын ежелден мазалайды. Ғалымдар экзопланеталарды зерттеп, кейбірінің тіршілікке қолайлы аймақта орналасқанын анықтады. Алайда өзге ғаламшардағы ақылды өмірдің бар-жоғы дәлелденген жоқ. Сонымен қатар «қара құрдымдар», «қара материя» мен «қара энергия» сияқты ұғымдар ғаламның басым бөлігін құраса да, олардың табиғаты толық ашылмаған. Ғарыштың өзі қалай пайда болды, оның соңы бар ма, жоқ па – бұл да ашық күйінде қалған сұрақтар.
Тарих та жұмбаққа толы. Ежелгі өркениеттердің кейбір жетістіктері бүгінгі ғылым үшін де таңғаларлық. Мысалы, Мысыр пирамидаларының қалай және қандай технологиямен салынғаны нақты белгілі емес. Сол сияқты Стоунхендж, Мачу- Пикчу, Назка сызықтары секілді тарихи ескерткіштер туралы түрлі болжам бар, бірақ біржақты жауап жоқ. Бұл нысандар адамзаттың өткендегі білімі біз ойлағаннан әлдеқайда терең болғанын аңғартатындай.
Уақыттың өзі де – жұмбақ. Физикада уақыттың салыстырмалы екені дәлелденгенімен, оның мәні әлі де толық түсіндірілмеді. Уақыт тек алға жылжи ма, әлде басқа өлшемдерде өзгеше жүре ме? Кейбір теорияларда параллель әлемдер, уақыт ілмектері туралы айтылады. Бұл әзірге ғылыми-фантастикаға жақын көрінгенімен, ғылым тарихында қиял, кейін шындыққа айналған мысал аз емес. Байқадыңыз ба, уақыт қазір бұрынғыға қарағанда тез өтіп, күн мен түннің қалай алмасып жатқанын аңғармай қалып жүрміз.
Табиғаттағы тосын құбылыстар да адамды таңғалдырады. Шарлы найзағай, кенеттен жоғалып кеткен адамдар, түсініксіз дыбыстар мен жарықтар – бұлардың кейбіріне ғылым ішінара түсінік бергенімен, барлығы толық зерттелді деу қиын. Мұндай құбылыстар адамзаттың табиғат заңдарын әлі де терең білмейтінін көрсетеді.
Әлем жұмбақтары адам баласын қорқыту үшін емес, ойландыру үшін қажет секілді. Белгісіздік – дамудың қозғаушы күші. Егер бәрі алдын ала белгілі болса, ғылым да, өнер де, философия да алға жылжымас еді.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
