Әлем күнделікті түрлі қызықты оқиғалар мен таңғажайып құбылыстарға толы. Солардың бірі – беймәлім ұшқыш нысан. Қиял мен ғылым ұғымдарын бір арнаға тоғыстыра білген бұл қызықты тақырып бүгінгі мақаламызға да мұрындық болып отыр. Ендеше, бірге аспан әлемінің жұмбағына айналған «қанаты бар тәрелкенің» құпиясына үңіліп көрелік.

Сан жылдар бойы сыры ашылмаған тәрелкеге деген қызығушылық адамзат тарихында ежелден бері бар. Кейбір археологиялық жазбаларда ғажайып жұлдыздар, таңғаларлық жарықтар мен аспандағы «ұшатын табақтарға» ұқсас нысандар суреттелген. Бұл туралы алғашқы деректер ежелгі құжаттарда да кездеседі. Мәселен, ол жөнінде бірінші ескертуб.з.д.1440 жылдан басталады. Ежелгі Египетте Перғауын Тутмос III шежіресінде аспанда «от дискілерін» көргені туралы хабарлаған. Орта ғасырларда да көптеген адам аспандағы беймәлім жарықпен құбылыстың куәгері болған деседі.

БҰН – бұл ерекше құбылыс, ол көбіне ауада белгісіз қозғалып жүрген объекті ретінде сипатталады. Мұндай нысандардың табиғаты туралы нақты мәлімет жоқ, алайда аталған құблысты зерттеуге ынта білдірген ғалым аз емес.

БҰН оқиғаларының ең алғашқысы ХХ ғасырдың ортасында тіркелді. 1947 жылы АҚШ-тағы Розуэлл оқиғасы әлемдік БАҚ- та кеңінен талқыланып, «ғарыштық қонақтар» идеясының таралуына ықпал етті.1947 жылы шілдеде Корона ауылының жанындағы ранчода, Нью-Мексико штатында, АҚШ Әскери- әуе күштерінің офицерлері Розуэлл әуе базасынан металл және резеңке қоқыстарын тауып алған. 1947 жылы 8 шілдеде Розуэлл авиабазасы «ұшатын дискіні» тапқандары туралы анықтама беріп, алайда лезде жауаптарын жоққа шығарды. Табылған қирандылардың ішінде келімсектердің фигуралары болды делінген. Басқа мәліметтерге сәйкес, апат болған жерде ұзындығы төрт метрге жуық жұмыртқа тәрізді нысан және жұп мәйіт табылған. Олардың бастары қарапайым адамға қарағанда үлкен, ал денелері 10 жасар баланың тәніндей деп сипатталды. Тіпті олардың аутопсиясы түсірілген кинофильм жарыққа шықты, алайда көп ұзамай АҚШ үкіметі оны жалған деп жариялады.

Бұл тақырып ұзақ уақыт бойы «жабулы қазан» күйін кешсе де, АҚШ Қорғаныс министрлігі мен ірі NASA секілді ұйымдар БҰН құбылысының бар екенін ресми жариялады. 2020 жылы Пентагон әскери мекемесі бірнеше бейнероликті жариялап, халық арасында талқыға айналған еді. Олардың жылдамдығы мен қозғалыс бағытын анықтау қазіргі заман технологиясына біраз қиындық тудырып тұр. Осы тың жаңалыққа байланысты 2021 жылы АҚШ-тың Конгресіне БҰН туралы баяндама ұсынылды. Онда 144 оқиғаның тек біреуі ғана ғылыми түрде түсіндірілгені айтылды. Ал қалған жұмбақ құбылыстар беймәлім күйінде қалып отыр. Айта кетсек, мұндай тылсым құбылыс Қазақстанда да жиі орын алып отырады.

БҰН тақырыбына қызығушылық қоғамда үрей тудыратындығына қарамастан, өте өзекті. Тіпті жыл сайын 2 маусымда дүниежүзілік БҰН күні атап өтіледі.Бұл мереке ғалымдарды ғылымды сүюге, сондай-ақ өз тұжырым, теорияларымен бөлісуге шақырады.

Ғалымдар оны Жер атмосферасының ерекше құбылыстары, метеорологиялық жағдайлар немесе жаңа әскери технологиялармен байланыстырады. Дегенмен нақты дерек әлі де аз. Біле білсек, ғалам небәрі 0,1%-ға ғана зерттелген. Яғни БҰН-ды тек табиғи құбылыс деп есептеу қате. Оны зерттеу – жерден тыс өркениеттің болуын немесе адамзат тарихын өзгерістерге ұшырата алатын тарихи жаһандануға әкелуі мүмкін.

Иә, тылсым құбылыс көп болғанымен, нақты дерек жоқ. Бірі «көрдім» деп сендіруге тырысса, енді бірі мұны тек табиғи құбылыс деп қабылдайды. Ал сіз, құрметті оқырман, белгісіз ұшқыш нысанды көрдіңіз бе?

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!