Жүз жыл бұрын қазақ балалары қуыршақпен ойнауға әуес болған. Тарих солай дейді. 1899 жылы Семей облысы Саумалкөл маңында этнографиялық және археологиялық коллекция жинаушы Самуил Дудин түсірген мына фотодағы қуыршақ XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында өмір сүрген 3-10 жастағы қазақ қыздарының сүйікті ермегі болыпты. Оны қамысқа, шыбыққа мата орап, сыртынан көйлек тігіп жасаған. Қуыршақ-қалыңдықтың мерекелік бас киімі түрлі-түсті әшекеймен, маржанмен, үкі қауырсынымен көмкерілген. Көйлегі кестеленген. Бірақ, бет-жүзі жоқ. Ол кезде түрін адамға ұқсатып жасауға «жан әлемді аралап жүреді және адамға ұқсас суретке еніп алуы мүмкін» деген түсінік кедергі болса керек. Ал, қазір бәрі басқаша. Қуыршақты көз сүйсінетіндей етіп тігетін шеберлер бар. Бұл істі тиімді кәсіп көзіне айналдырғандар аз емес. Кезекті кейіпкеріміз оған дәлел.

Қуыршақта не сыр бар?

Ісмер Фариза Құндызбаеваның оқыған мамандығы таңдаған кәсібінен мүлде алыс. Бала жанының бағбанына айналған ол жұмыстан кейін сүйікті ісіне көңіл бөледі. Тапсырысқа «Tilda» стиліндегі жұмсақ қуыршақ тігеді. Баланың ойнауына, үй интерьерінің сәнін келістіруге де ыңғайлы туындыға тұтынушылар көбіне Instagram әлеуметтік желісі арқылы тапсырыс беруде. 1990-жылдардың соңында норвегиялық дизайнер Тон Финнангер ойлап тапқан «Tilda» несімен ерекше және Фаризаның таңдауы неге осы стильдегі қуыршаққа түсті?

Қуыршақта не сыр бар?

– «Tilda» – танымал бренд. Тон Финнангер 25 жасында қолөнер дүкенінде жұмыс істеп жүрген уақытында анимациялық фильмдерге кейіпкер жасауды армандаған. Қуыршақ – соның жемісі. Оның отбасында да барлығының есімі Т әрпінен басталғандықтан, қуыршаққа «Tilda» атауын беруді жөн тапқан. Қуыршақтың сүйкімділігі соншалық, әлем қолөнершілері оған қызығушылық таныта бастаған және олардың әрбірі дәл осы стильде ойыншық жасауға кіріскен. Алғашында үй интерьеріне пайдаланылған қуыршақ уақыт өте балалардың сүйікті ойыншығына айналып үлгерді. Түрлі түсініксіз химикат қоспа материалдардан жасалған ойыншыққа қарағанда зияны жоқ. Сонысымен де баурап алды. Қолөнерге жақын болғандықтан, мен де дайындауға бел будым. Бастапқыда балаларыма тігетінмін, кейін көпшіліктің сұрауы бойынша тапсырыспен жасауға кірістім. Қазір осы іспен шұғылданып жүргеніме 2 жыл. Отандық, өзіміздің өнімге деген сұраныс қуантады, тапсырыс берушілер көп. Өзге облыстардан да. Тіпті, Ресейге, АҚШ-қа, Түркия мен Америкаға да қуыршақтар жеткізілді, – дейді ол.

Ұстаздық, ісмерлігінен бөлек Фариза – отбасында аяулы жар, асыл ана. Қуыршақ тігу идеясын да осы бала күтімімен демалыста отырған уақытында шыңдаған. Ол үшін әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдаланды.

Қуыршақта не сыр бар?

– Түрлі курстарды қарап, бейнероликтерді тамашалап, қолымды үйреттім. Қуыршақтарды дайындауда арнайы «Белый ангел» матасын қолданамын. Трикотаж, синтепон, халафайбер материалдары да қажет. Киімі бөлек дайындалады. Ал, шашты тапсырыспен сатып аламын. Дайындалуына 3 күндей уақыт жұмсалады. Барлығы шабытқа байланысты, кейде күн-түн демей отырып, 8 сағатта жұмысты аяқтаған кезім болды. Бағасы – 9500 теңге. Мұнда матаның бағасы, көз майын тауысатын еңбектің нәтижесі бар, – дейді ол.

Қуыршақта не сыр бар?

Көп уақытты, тапжылмай күтетін тағатты, ынта мен зейінді талап ететін жұмыс Фаризаның талантын ұштағаны анық. Ол білгенін бөлісіп, шеберлік сағатын өткізуге де уақыт тауып жүр. Әсіресе, карантин кезінде онлайнның оңтайлылығын пайдалана отырып, көптеген қыз-келіншектер курсқа қатысқанын айтады. Алдағы уақытта сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыру да оның жоспарында.

Қуыршақта не сыр бар?

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!