Бүгінде чипссіз көңілді отырыс пен кино көру кешін елестету қиын. Дүкен сөрелерінде самсап тұрған бұл жеңіл тағамның дәмін бәріміз де татып көрдік. Дегенмен жиі тұтынатын осы өнімнің қалай пайда болғаны жайлы көпшілік ойлана бермейді. Егер бір америкалық байдың қыңырлығы болмағанда, әлем чипс атты снэкті мүлде білмеуі де мүмкін еді.

XVIII-XIX ғасырлар тоғысында Америка үшін нағыз «алтын дәуір» басталды. Өнеркәсіп қарқынды дамып, теміржол желілері салынып, байлар қоғамы қалыптаса бастады. Олар ағылшын ақсүйектеріне өзінше қарсы тұрғандай, байлығын көрсетуден тайынбайтын, мол қаражат жұмсап, тіпті мүмкін емес затты талап ететін адамдар еді.

Жаз мезгілінде елдің ең ықпалды адамдары Нью-Йорк штатындағы Саратога-Спрингс қаласына жиналатын. Мұнда іскерлік келіссөздер жүргізіліп, миллиондаған долларлық мәмілелер жасалып, салтанатты кешкі ас берілетін. Сол уақыттағы ең әйгілі орындардың бірі «Moon’s Lake House» мейрамханасы еді.

1853 жылы осы мейрамхананың бас аспазы аты аңызға айналған Джордж Крам еді. Ол өз ісінің хас шебері саналатын. Мұнда келушілер «әлемде Крамнан асқан аспаз жоқ» деп бағалайтын. Дегенмен оның мінезі де өткір, ешкім оған қарсы келуге батпайтын.

«Moon’s Lake House» мейрамханасына тек ең бай, ықпалды адамдар келетін. Әйелдер Париж сәнімен киініп, ерлер іскерлік әңгімелерін жүргізетін. Қонақтардың барлығы дерлік Крам әзірлеген тағамдарға сүйсінетін. Бірақ бір адам ғана көңілі толмайды. Аңыз бойынша, ол – сол кездегі Американың ең бай адамдарының бірі, кәсіпкер Корнелиус Вандербильт еді. Оның байлығы соншалық, қаласа Саратога-Спрингсті түгел сатып алатындай мүмкіндігі болған деседі. Бірақ ол аспаз дайындаған тағамға риза болмаған.

Қырсық тұтынушы мен жаңа тағам

Ол кезде мейрамханада «французша картоп» деген тағам өте танымал еді. Бұл қазіргі фри картобының бір түрі болатын. Картоп ұзын әрі қалың етіп туралады, сондықтан іші жұмсақ, сырты қытырлақ болып пісетін. Крам бұл тағамды ерекше шеберлікпен дайындайтын. Алайда Вандербильт картопты тым қалың деп санап, оны жұқалап кесуді талап етеді. Аспаз картопты жұқалау етіп дайындап қайта жібереді. Бірақ бай клиент тағы да наразы болып, тағамды кері қайтарады.

Сонда Крам ашуға булығып, картопты өте жұқа етіп турайды. Содан кейін оны қатты қуырып, шанышқымен іліп алу мүмкін болмайтындай күйге жеткізеді. Үстіне әдейі көп тұз сеуіп, «жеуге келмейтін тағам жасап, қыңыр байды орнына түсіремін» деп ойлайды.

Алайда бәрі керісінше болады. Вандербильт картопты шанышқымен ала алмай, қолымен алып жей бастайды. Қытырлаған дыбысы бүкіл мейрамханаға естіліп, өзгелердің назарын аударады. Бай кәсіпкер тағамды қатты ұнатып, тағы бір порцияға тапсырыс береді. Көп ұзамай басқа қонақтар да осы тағамды сұрай бастайды. Осылайша жаңа тағам «Саратога чипстары» деген атпен тез танымал болып кетеді.

Мейрамханадан дүкен сөресіне дейін

Чипстың атағы шыққан соң Джордж Крам оны өз мейрамханаларында тұрақты түрде ұсына бастайды. Тіпті кейбір қонақтарға сый ретінде тегін беретін болған. Ол кезде картопты өте жұқа етіп турау, қуыру және дәмдеу көп уақыт пен еңбекті талап ететін. Сондықтан бұл тағам тек байлардың дастарханында ғана кездесетін.

Көптеген адам Крамның мейрамханасына арнайы келіп, әйгілі картопты дәмін татуға тырысатын. Алайда чипсты жаппай өндіру оңай болмады. Өйткені ол өте сынғыш еді. Сол кездегі өнімдер көбіне бөшке немесе шыны ыдыста сатылатын. Мұндай тәсіл чипсқа жарамайтын, үстіңгі қабаттың салмағынан астыңғысы сынып кететін.

Мәселенің шешімін күтпеген жерден Лора Скаддер атты әйел табады. 1920 жылы ол чипсты дүкендерде сатудың жаңа әдісін ойлап тапты. Лораның отбасы жергілікті тұрғындарға чипс дайындайтын, бірақ оны басқа қалаларға жеткізу қиын еді. Өйткені чипс тез ылғалданып, қытырлақтығын жоғалтатын.

Бір күні Лораның көзі балауыз сіңірілген қағазға түседі. Ол көмекшілеріне қағаздан пакет жасап, шеттерін үтікпен қыздырып жабыстыруды тапсырады. Ішіне чипс салынып, үсті де сол тәсілмен жабылады. Осылайша чипсқа арналған алғашқы қағаз қаптама пайда болды. Бұл өнімді елдің кез келген өңіріне жеткізуге мүмкіндік берді.

Алуан түрлі дәм

Алғашында Крам чипсты тек үш ғана өнімнен – картоп, май және тұздан дайындаған. Бір ғасырға жуық уақыт бойы чипс дәл осы күйінде сатылды. Аспаздар түрлі дәмдеуіш қосса, тағамның құрылымы бұзылады деп қауіптенетін.

Тек ХХ ғасырдың ортасында жағдай өзгереді. Ирландиялық кәсіпкер Джо Мерфи шағын чипс фабрикасын басқарған. Бірақ ол бұл тағамның бір ғана дәммен шектелуін ұнатпайды. Сондықтан химиктер тобын жалдап, жаңа дәм қосу технологиясын жасауды тапсырады. Нәтижесінде алғашқы жаңа дәмдер пайда болды: «Ірімшік пен пияз», «Сірке суы мен тұз». Бұл сол кезең үшін үлкен жаңалық еді. Кейін чипстың түр-түрі, сан алуан дәмі шығарыла бастады.

Бүгінде дүкен сөрелерінде жүздеген түрлі дәмдегі чипс бар. Ал оның тарихы қарапайым ғана үш ингредиенттен – картоп, тұз, май және қыңыр тұтынушыдан басталған еді.

А.Маратқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!