KAZINFORM — Қытайдың Хэнань провинциясында Сяогуй атты тотықұс түстерді ажырату бойынша әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Guinness World Records.
Сынақ кезінде зерек құстың алдына 10 пластик ыдыс пен сәйкес түсті 10 сабан шар қойылды. Міндет — әр шарды өзінің түсіне сәйкес келетін ыдысқа салу болатын.
Шарларлың реті әдейі араластырылып, тапсырма қиындағанымен, тотықұс біртіндеп әр шарды алып, дұрыс контейнерге жеткізді. Әсіресе, Сяогуй екі бір-біріне жақын қызғылт түсті ажырата алған сәт көргендерді таңғалдырды.
Нәтижесінде ерекше үй жануары қожайыны Цинь Фэннің басшылығымен 10 түрлі түсті дұрыс ретпен ажыратып, заттарды небәрі 33,50 секундта орналастырды.
Цинь Фэннің айтуынша, ол тотықұсты алғаш рет 2020 жылы, балапан кезінде қолға алып, қолмен тамақтандырған. Сол уақыттан бері екеуінің арасында берік байланыс орнаған. Қожайын құстың ойыншықтарға, әсіресе түрлі түсті шарларға қызығушылығын байқап, оны түстерді ажыратуға және заттарды сұрыптауға үйрете бастаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!