Мектеп дәптеріндегі қызыл сызық әр оқушыға таныс белгі. Көзімізге ол әдеттегі элемент сияқты көрінсе де, тарихы күтпеген құпияға толы. Ал сіз дәптердегі бұл сызықтың тышқандардан қорғану мақсатында пайда болғанын білесіз бе?

Дәптер – оқу процесінің ажырамас бөлігі. Ол тек мектепте ғана емес, колледжде, лицейде, университетте де қолданылады. Жалпы білім беруде әр пәнге сәйкес екі түрлі дәптер таңдалады. Кейбір пәндер үшін – жолақты, есептік жүйесі бар пәндер үшін – торлы дәптерлер қолданыста. Алайда екеуіне де ортақ бір ғана нәрсе – беттерінің оң немесе сол жақ бөлігінде орналасқан қызыл сызық.

Мұғалімдер оқушылардың қызыл сызықтан асып кетпеуін қадағалайды. Бір қарағанда оның қызметі дәптердің сыртқы көрінісін реттеу болып көрінсе де, қызыл сызық беттің көп бөлігін алып тұрғанын байқаймыз.

Ендеше қызықты дерекке тоқталайық. Дәптердегі қызыл сызық пайда болуының басты себебі – тышқандар. Иә, кәдуілгі кішкентай кеміргіштер ертеде барлығына бірдей қиындық туғызып, дәптерлерді қорғаудың сырына себепші болды.

Тышқандар ас үйді ғана емес, кітапханаларды да жайлап алса не істеу керек? Өзге заттардан айырмашылығы, кітаптарды қалпына келтіру қиын іс. Кеміргіштердің тістері көбіне кітап беттерінің шетін зақымдайтын, ал желінген парақтарды түзету мүмкін емес еді. Сол себепті адамзат маңызды жазбалар мен дәптерлерді қорғаудың жолын ойлап табуға ұмтылды.

Осы мақсатта дәптер беттерінде тік қызыл сызықтар пайда бола бастады. Яки тышқандар кеміру қаупі бар бөліктер сызықпен бөлінді. Бұл аймаққа ештеңе жазбай, бос қалдыру тиіс. Нәтижесінде қағаз шеттерін тышқан кемірсе де маңызды ақпарат сақталып қалатын.

Сондай-ақ кітаптарға тышқаннан ғана емес, көгеру, су тасқыны мен өрттен де келетін қауіп жоғары. Мұндай сәтте де қызыл сызық негізгі мәтінді қорғауға көмектеседі.

Жылдар өтті, тышқандар сирей бастады, алайда адамзат қызыл сызықтан бас тартқан жоқ. Ол дәптер мен кітап дизайнының бір бөлігіне айналды. Сонымен қатар қызыл жолақ өзге де пайдалы қызметті атқара бастады. Мәселен, мұғалімдер немесе оқырмандар бос орындарға негізгі мәтінге қатысты қосымша ескертпелер, түзетулер жасай алады. Бұл жазбаларды әдемі, ұқыпты және оқуға жеңіл етеді.

Тарихтағы танымал тұлғалар да осы мүмкіндікті пайдаланған. Мысалы, Ленин мәтінді оқып отырып, қызыл жолаққа арнайы белгі қалдыратын деген ақпарат бар. Ақын Александр Пушкин дәптердің қызыл сызығынан кейінгі бос орынға жазбалар мен сурет салуды әдетке айналдырған. Тіпті автопортреттерінің кейбірі бүгінге жеткен деген дерек бар.

Бүгінде мектеп дәптерлерінде де қызыл сызық маңызды рөл атқарады. Ол мәтінді визуалды түрде бөледі, оқуды жеңілдетеді, жазбаларды құрылымды етіп көрсетеді. Мұғалімдер үшін де пайдалы тұсы – ескерту немесе түзетулерді қызыл жолаққа жазу арқылы оқушының қай жерде қате кеткенін көрсете алады. Ал кейбір мұғалімдер қызыл жолаққа күнді жазуды сұрайды – бұл деректі немесе қажетті ақпаратты жылдам табуға көмектеседі.

Қорытындылай келе, дәптердегі қызыл сызық – кездейсоқ элемент емес, тышқандардан, табиғи апаттар мен өрттен сақтану үшін туған ерекше «қорғаныш» символы екенін біле жүріңіз.

Аружан МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!