Тарих беттерінде Алаштың анасына айналған Ақмешіт талай қилы-қилы кезеңдерден өтті. Ел арасында өңірдің бүгінгі атауына наразылар да бар. «Қызылорда – қызылдардың ордасы» деген талай жазбаны көзіміз де шалды, құлағымыз да естіді. Ал түп төркінінде Қызылорда сөзі «Алтын орда» мағынасын білдіретінін біліп пе едіңіз? Негізгі ой осында жатыр. Ал біз тақырыптың тінін тарқатайық.
Алдымен, Қызылорда төрінде Ақмешіттің астана болатын жиынын еске салайық. Тарих деректеріне сүйенсек, 1922 жылы Перовск қаласына Ақмешіт атауы беріледі. Ал 1925 жылы 17 сәуірдегі Қырғыз АССР-і Кеңесінің (Советі) V съезінде Ақмешіт қаласы республика астанасы болып, аты Қызылорда болып өзгертілді. Бұл съездің ерекшелігі көп әрі қазақ тарихында елеулі орын алады. Біріншіден, республика астанасы болып бекітілді. Екіншіден, біз өзіміздің қазақ деген қастерлі атауымызды алдық. Үшіншіден, астанамыздың аты қойылды. Міне, Қызылорда атауы осы жиында қойылды.
Әзиз Батырбеков,
«Ақмешіт апталығы» газетінінің бас редакторы:
– 2003 жыл. Алматы қаласындағы А.С.Пушкин атындағы кітапханаға бардым. Мақсатым – жыраулар поэзиясына, оның ішінде Бұқар жыраудың толғауларына талдау жасау. Өзіме қажетті кітаптар мен ескі газет-журналдарды алып, оқырмандар залына беттедім. Кенет алдымнан қазақ руханиятына бақ боп біткен маңдайалды ғалымның бірі Тұрсынбек Кәкішев шыға келді. Ғалым ағамызды бір-екі рет көргенім болмаса, арнайы таныстығым жоқ. Сол себепті амандық-саулықтан ары аса алмадық. Бірақ руханият тереңіне дендеп бойлаған адамдармен сөйлесіп, дидарласу жаныма жақын. Содан ба, әйтеуір, сол күні Тұрсынбек ағаймен жақын танысуға, ашық пікір алмасуға бел будым. Ол кісі кітапханада төрт сағаттан аса отырды. Ағай кетіп қалмасын деп, өзіме керекті материалдарды түртіп, белгілеумен болдым. Бір кезде орнынан көтеріліп, қайтуға ыңғайланды. Мен де осы сәтті күтіп отырған едім. Бірден ілесіп, кітапханадан сыртқа қарай шықтым. Қайта амандасып, ғалымның кітаптарын ықыластана оқитынымды, өзін құрмет тұтатынымды айттым. Содан қоярда қоймай ағайды сол маңдағы дәмханаға шайға шақырдым. Шай үстінде көп әңгіме айтылды. Тұрсынбек ағайдың білімділігі сонша, тыңдай бергің келеді. Әсіресе, Сәкен мен Мағжан туралы көсіле сөйлегенде, ол кісіні бөлмек былай тұрсын, тоқтату мүмкін емес. Сөзден сөз шығып, менің қай жерден екенімді сұрады. Қызылордадан екенімді айтқанымда: «Е, сен бала Қоңырқожаның елінен болдың ғой» деді. Бұл кісінің айтып отырғаны Қоңырқожа Қожықов екенін бірден түсіндім. Тұрсынбек Кәкішев: «Қызылорданы Қызылорда деп атауға ең бірінші болып ұсыныс берген де, атын ойлап тапқан да осы кісі» дегенінде қатты таңғалдым. Қазақ руханиятына Қожықовтардың қосқан орасан-зор үлесі барын білетінмін. Бірақ Алашқа ана атанған Сыр өлкесінің бас қаласына атау бергенін естімеппін.
Арада 17 жыл өткенде 2020 жылы Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тізгінін ұстау бұйырды. Мына қызықты қараңыз, дәл осы кезде Қызылордада қала күні мерекеленіп жатыр. Пандемияның салдарынан мерекелік шаралар онлайн форматта өтті. Бір апта бойы онлайн форматта өткен шаралар, ашылған мектеп, саябақ пайдалануға берілген тұрғын үй жұртшылыққа қуаныш сыйлауда. Осы тұста 17 жыл бұрынғы Тұрсынбек Кәкішевтің Қызылорданы Қызылорда деп атауға ең бірінші болып ұсыныс беріп, атын ойлап тапқан Қоңырқожа Қожықов жайлы айтқаны есіме түсті. Дереу тарихи деректерді ақтара бастадым. Тұрсынбек Кәкішевтей тұлғалы ғалымның бір дерекке сүйеніп айтқаны белгілі ғой. Ондай адамдар тарихи деректерге қатысты айтқанда, сүйенетін дәлелінің болатыны анық. Тарихқа көз жүгіртсек, 1925-1929 жылдары Қызылорданың ел астанасы болғаны айтылады. Орынбордан Ақмешітке орталық қаланы ауыстырғанда саяси элита да Сыр бойына келген болатын. Архив құжаттарын негізге ала отырып, тарихи деректерді сөйлетер болсақ, 1925 жылдың сәуірінде Қазақ АКСР кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде бес күнге созылған съезд өтіпті. Бұл жайында облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Г.Жалғасова «Алаштың алты қанат ақ ордасы» атты мақаласында: «15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды» деп жазады. Бұл съезде ұлтымыз бен қаламызға қатысты екі тарихи шешім қабылданған. Олар ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту болды.
Жалпы ұлт атауына қатысты тарихи қателікті жөндеу жайлы мәселені қайраткерлер бұған дейін де көтерген. Дәлелді алыстан іздемей-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектеріне үңілейік. Ол кісі Сәкен Сейфуллиннің тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім болып келген бірнеше мақаласын тапқан. Соның бірі – 1923 жылы жазылған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы.
Ұлттың атауына келгенде бәрі түсінікті, ел қамын жеген азаматтар әбден ойланып, толғанып барып қабылданған шешім. Ал Қызылорда атауы ше? Бұл жайында тарихшы ғалым Х.Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінде архив құжаттарына негізделген мәлімет келтіреді. Ғылыми еңбекке Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан «неге?» деп сұрадық. Бұл – қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі – Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген. Бұдан Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан Қоңырқожа Қожықов екенін көруге болады. Ал дәл осы тарихи оқиғаға биыл 98 жыл толып отыр. Демек, сүйікті қаламыздың Қызылорда атанғанына да 98 жыл болды деген сөз.
Үлпат Қожаназарова,
Сырдария ауданындағы
№44 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі:
– Біз балаларға білім беруде кітаптағы тарихпен шектелмейміз. Мүмкіндігінше, туған жердің айналасындағы жер-су атаулары, елден шыққан тарихи тұлғалар жайлы зерттеп, балаларды ғылыми жобаларға қатыстырып, зейіндерін ашуда еңбек етеміз. Демек, Қоғалыкөл ауылының тумасы Қоңырқожа Қожықов есімі де бізге етене таныс. Ол кісі елде 1909 жылы Қоғалыкөлде еуропалық үлгіде мектеп ашып, ауыл балаларының сауатын ашуға еңбек еткен. Оның «Әліппе» кітабы 1912 жылы Орынборда басылып шықты. Мұнан бөлек, Қызылорда астана болатын V съезге қатысып, ол жиында Қызылорда атауын ойлап тауып, сол атты көпшілікке Сұлтанбек Қожанов ұсынады. Бейресми деректерде жиынның алдында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлы Қызылорда атауына ерекше риза болған. Осылайша бірнеше атаудың ішінен біздің жерлесіміз Қоңырқожа Қожықовтың ойлап тапқан Қызылорда есімі қабылданады. Қоңырқожаның жары – атақты болыс Мұңайтпастың қызы Ләтипа. Ол 1925 жылдан бастап, Мұхтар Әуезов атындағы театрының іргетасын қаласқан, ашылғаннан бастап, 11 жыл бойы сахна жасаулаушы және ұлттық киім-кешек үлгілерін жасап, тігуші болып жұмыс істеді. Ал Сұлтанбек Қожанов пен Қоңырқожа Қожықов бір әулеттің қыздарын алып отыр. Осы әулеттің қызы Күләндам – Сұлтанбек Қожановтың жары».
Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде жарияланған бірнеше сұқбат сөзімізге тұздық болады. Тіпті, жоғарыда тарихшы мұғалім Үлпат Қожаназарованың айтқанындай, аталған съезге Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтың келгені жөнінде ғалымдардың сөзі бар. Яғни, Алаштанушы, әлихантанушы ғалым, Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлымен филология ғылымдарының докторы, алаштанушыТұрсын Жұртбайдың берген сұқбаты. Онда біздің айтып отырған мәселемізге байланысты көптеген тың деректер айтылады.
– Алаш көсемінің Қызылордамен байланысы ұзақ болмады, бірақ өте маңызды еді. Тарихи мәліметтерге қарағанда, Әлихан Қызылордаға 2 рет – 1925 және 1926 жылдары аяқ басқан. Алғаш рет халқымыздың «қырғыз» дегеннен «қазақ» деген төл этнонимін қайтарған 1925 жылғы сәуіріндегі 5-ші партия конференциясы кезінде ат басын тіреп, оған құрметті қонақ ретінде қатысқан сияқты. Конференцияға қатысқаны туралы ешбір ресми дерек жоқ. Оның есесіне сол конференциядан бейнежазба сақталыпты. Алғаш рет белгілі деректі фильм түсіруші Қалиолла Омар ма, әлде тележурналист Болат Мүрсәлім тауып жариялаған әлгі бейнежазбадан Әлиханның конференция төралқасының (президиумының) қақ алдында жеке орындықта отырғанын көреміз. Ал тарихи деректер бойынша, 1922 жылдың желтоқсанында Мәскеуге өз ықтиярынсыз кісендеп жеткізіліп, КСРО халықтарының орталық баспасында (кейін Ор¬талық Күншығыс баспасы аталып та жүрді. – С.А.) Қазақ бөлімінің редакторы қызметінде жүрген Әлихан елге оралып, Қызылордада жер бойынша халық комиссариатына қызметке орналасуға көп күш салады. Оның Қызылордаға оралуына Нығмет Нұрмақұлы бастаған Қазақстан Халық комиссарлар кеңесі де (КазСНК), Қазақстанның Жалау Мыңбайұлы бастаған Жоғарғы атқарушы комитеті де (КазЦИК – кейін Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі) аса мүдделі болды. Алаш қайраткерлерін жаппай қудалауға алған НКВД құжаттарында Жоғарғы атқарушы комитет төрағасы Жалау Мыңбайұлы мен бір халық комиссарының егер үкімет басына Әлихан Бөкейхан отырса, Қазақстан бүкіл Орта Азия Республикаларына жетекшілік етер еді деген әңгімесі келтіріледі. Алайда Алты Алаш көсемінің Ұлы дала еліне қайта оралуына Кремльдің қожайыны И.Сталин мен Қазақстанға партия көсемі болып келген Ф.Голощекин үзілді-кесілді қарсы шығады, – дейді Сұлтан Хан Аққұлы өз әңгімесінде.
Ал Қызылордаға деген ерекше құрметі бар Тұрсын Жұртбай:
– Қызылорда туралы ойлағанда және сонда барған кезімде үнемі үш ғимаратты іздеймін. Ол – бірінші қазақ театрының сахнасын ашқан үй. Қаланы біледі деген адамдардан да сұрап, сол үйдің орнын таба алмадым. Үй бұзылып кеткеннің өзінде де соның орнында ескерткіш тұру керек еді. Екінші іздейтінім, қазақ Ақмешітін Қызылорда деп өзгерткен және жер, тіл туралы заң қабылдаған үкімет үйінің ғимараты. Бір үйді көрсеткен. Бірақ соның айналасынан бір ескерткіш тақта көре алмадым. «Мына үйде 1924 жылы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп өзгерту туралы мынандай сессияда шешім қабылданған» деген жазу тұрса, бұл Қызылорданың Қызыл-орда екенін нақты анықтап тұрады. Үшінші іздейтінім, осы Ақмешітті Ақмешіт атандырған үй қай жерде? Қорғаны бар еді деп айтқаны қайда? Соны көргім келеді.
Қызылордадағы алғашқы және ең мәнді бүкіл қазақ жиналған ұлы жиналыс 1924-1925 жылы өтті. Сол жиынға Әлихан Бөкейханов Мәскеуден арнайы келген. Онда қазақтың жері туралы және қоныстанушыларды тоқтату туралы үлкен қаулы шықты. Міне, осы қаулы Қызылорданың бүкіл әлеуметтік-саяси орнын ашып береді. Қаланың Қызылорда аталуы қалайда алаштың ордасы екенін меңзеуі еді. Сондықтан да бұл қаланы көргенде жай ғана қала емес, ұлт тарихынан хабар беретін тарихи орда ретінде көргім келеді. Егер солай болса, онда Қызылорданың даңқы бұрынғыдан да асқақтар еді, – дейді.
Марлен Әділов, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы, PhD Doctor:
– «Қыздың көзі қызылда» дегендегі «Қызыл» сөзінде басқа бір мән жатқандай, зерделей келе мұның «алтын» мағынасындағы сөз екенін байқадық. Сөзімізге бірнеше дәлел келтіруге болады. Бірінші, тілдік деректер:
«Алтын» мағынасындағы «қызыл» сөзі орта ғасыр жазба ескерткіштер тілінде көрінген. Мысалы, Хорезм дәуірі (XIII-XV ғғ.) ескерткіші Нехжүл Ферадис жазбасында «алтын» мағынасында қызыл-алтын қос сөзі қолданылған. Шағатай жазба ескерткіштерінен Шайбани хан сөздігінде «қып-қызыл алтун» тіркесі бар; Қорқыт ата кітабында қызыл сөзі «алтын» мәнінде жұмсалған.
Қазіргі түркі тілдерінен анадолы диалектілерінде kızıl және әзербайжан тілінде gızıl сөздері «алтын» мәнінде сақталған; түркмен тілінде ғызыл тұлғасы актив түрде қолданылады, тіпті біздің «Алтын көрсе періште жолдан таяр» мақалымыз бұл тілде «Ғызыл гөрсе, қызыр йолдан азар» болып жұмсалуда; қарайым тілінде қызыл сөзі «алтын ақша» мәніне ие; якут тілінде қыһыл көмүс тіркесі болса, «алтын» мағынасында.
Ноғай ауыз әдебиетінің жанры «Қазақ жырларында»қызыл алтынтіркесі қолданылған:
Бұлан қуған қазаққа,
Алла берер қызыл алтын етеклеп.
Қызыл алтын Алла берген қазаққа,
Кімлер бермес еру қызын йетеклеп.
Өлең шумағындағы қазақ сөзінің «қазақ»атауына қатысы жоқ. Қазақ сөзі бұл тілде «дала жауынгері, бостандық аңсаған дала кезуші» мәндеріне ие. Қызыл алтын сөз тіркесіндегі қызыл сөзі «алтын» мәнін күшейтіп тұр.
Екінші, семантикалық дәлел:
Алтынның өзі қызыл түсті болғаннан, түс негізінде зат атауы пайда болды, яғни қызыл сипаты «алтын» мәніне ие болды. Түстің зат атауына ие болу құбылысы тілде бар. Мысалы, атты алан емес екер деп те атайды. Сүт өнімдерін ақ, ағарған дейді.
Осының бәрін жинақтай келе, «Қыздың көзі – қызылда» мақалын «Қыздың көзі алтында» деп түсіндіріп бере аламыз. Расында, қыз баласы алтынға жақын болады және алтын да қызға жарасады. Ендеше қыздарымызғаалтын тағып, бағалап жүрейік.
Тілші түйіні:
Алаш арыстарының Қызылорда атауын қойғанда негізгі мақсаты – большевиктерге ұнау емес екені айқын. Біріншіден, Қызыл және орда сөздерінің бірігуінен пайда болған атау түбінде Алтын орда дегенге бағыттайды. Иә, ұлтымыздың ұлық атауын қайтарған Алаштың Алтынордасы қазақтың жүрегі емей немене?!
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!