Қызылорда облысында Қармақшы ауданының орталығынан солтүстікке қарай 90 шақырым жерде орналасқан Шах-Шах шатқалынан ежелгі жануардың қалдықтары табылды. Алдын ала деректерге сүйенсек, табылған сүйектер мезозой дәуірінің бор кезеңінде өмір сүрген динозаврға тиесілі болуы мүмкін, деп хабарлайды «Адырна«.

Ерекше олжа қазір ғалымдардың қолына өтті және ол ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды. Палеонтологтар мұндай жәдігерлердің Қазақстан аумағында өте сирек кездесетінін атап өтті.

«Палеонтологтардың зерттеу жұмыстары барысында гадрозавр отрядына кіретін Аралозавр 93-86 млн жыл бұрын өмір сүргені анықталады. Кейін бұл аймақ еуропалық палеонтолог-ғалымдардың қызығушылығын тудырып, әлемдік ғылыми журналдарға мақалалар жарияланады», – делінген музейдің ақпаратында.

Облыстық мұражай мен Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері аудан территориясындағы Шах-Шах шатқалына барлау экспедициясын ұйымдастырған. 

Экспедиция барысында Шах-Шах шатқалынан Бор дәуірінде өмір сүрген тіршілік иелерінің сүйектерінің қалдықтары табылған. Алдағы уақытта палеонтологиялық бұйымдар арнайы мамандар тарапынан мұқият зерттеліп, нәтижесі жұртшылыққа жария етілмек. 

Кешенде алғаш рет 1959 жылы орыс палеонтологы А.Рождественскийдің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бозтөбе свитасында орналасқан шатқалдан Мезозой эрасының Бор кезеңінде өмір сүрген динозаврлардың сүйектерінің қалдықтары табылады. 1968 жылы бас сүйегі ғана табылған динозавр «Аралозавр» деген атаумен ғылыми айналымға енгені белгілі. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!