Сан ғасырлық шежіресі бар Сыр өңірінде талай тарихтың куәсі болған ұлт пен ұлыстар бас қосқан. Ортақ мүдде, ортақ мақсатқа жұмылған өзге ұлт өкілдері мен қазақ шаңырағы бүгінде бір-бірімен құда-жекжат болып араласады. Бірі қазақтан келін алса, енді бірі қазақ шаңырағының түтінін түтетіп отыр. Осындай асыл аналардың бірі Раиса Смаханова. Ол татар ұлтының өкілі, қызылордаға келін болып түскен. Бүгінде 4 бала, 13 немере, 15 шөбересі бар.  

Раиса Смаханова татар халқымен қазақтың тілі де дәстүрі де ұқсас екенін айтады. Сондықтан оған Ресейден Қызылордаға келіп, қазақтың салт-дәстүрін үйреніп, сіңісіп кету оңай болған.

«Жас күнімде қазақ деген ұлтты білмейтінмін. Жарыма деген махаббат мені Қызылордаға алып келді. Татарлар мен қазақтардың ұқсастықтары өте көп. Сондықтан да мен қазақ тілін тез үйреніп алдым. Қайын атам елге сыйлы, көргенді азамат еді. Ағайындар арасында «орыстан келін алып жатыр» деген қаңқу сөзге тосқауыл қойып, «әлі-ақ менің келінім үлгілі келіндердің қатарынан табылады» дейтін. Мені сол сөз қанаттандырып, отбасымның атына кір келмеуі үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Тынбай қазақтың салт-дәстүрін, тілін үйреніп, ағайынмен қарым-қатынысымды жақсарттым. Той-жиындарда «Раиса келді бар істі тындырады қазір» дейтін болды. Жасым 50-ге келгенде ғана келіндік қызметтен босатып, төрге шығарды. Мен қазақ халқының құрметіне, даналығына ризамын», – деді облыстық келіндер форумына қатысқан Раиса Смаханова.

Айта кетейік, Қызылордада ақын, педагог Сәнімкүл Желдербаеваның 90 жас мерейтойына және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!..» атты облыстық келіндер форумы өткен болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!