Қызылорда қаласы жылдан жылға көркейіп, мұндағы тұрмыс халық ыңғайына қарай жақсарып келеді. Жаңа дизайндағы ғимараттар мен түрлі орталықтар қала қонақтарының көңілінен шығып жүр. Алайда қала тұрғындары үшін орталықтағы қыдыруға арналған локациялар таңсық емес. Сол себепті демалыста қандай жерге қыдыруға болатынын іздеп әлек болады. Мақаламызда қаланың шет аймағында орналасқан «Ранчо 83» экзотикалық зообақ туралы баяндамақпыз.
Аз уақыт ішінде көпшіліктің сүйікті демалыс аймағына айналған зоопарк 2023 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істейді. Отбасылы Тимур Жүсіпов пен жұбайы Майра Досжан қолға алған бұл жоба тұтынушыларға экзотикалық құстар мен жануарларды ғана ұсынып қоймай, сондай-ақ келушілерге қызықты әрі пайдалы демалыс ұсынуымен де ерекшеленеді.
Отбасылы жұптың мұндай демалыс орнын ашу идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болған. Алайда тек 2023 жылы ғана жүзеге асты. Алғашында тек атпен серуендеу қызметін ғана ұсынған демалыс орны болды. Уақыт өте келе, халықтың қызығушылығын арттыру мақсатында «Ранчо 83»-дағы жануарлардың қатары көбейіп, түрлі экзотикалық құстармен толасты. Қазір бұл жануарларды тамашалау келушілердің сүйікті ісіне айналды.
Бүгінде «Ранчо 83» бірнеше гектар аумақты алып жатыр. Бұл жерде ерекше құстар бар. Солардың ерекшесі Түркістаннан арнайы әкелінген түйеқұс. Одан бөлек бұл жерді үйректер, аққулар, павлиндер және басқа да жануарлар мекен етеді.
Кешеннің атауы да ерекше. Тимур Жүсіпов өзінің туған жылын қоса отырып, жобасын «Ранчо 83» деп атауды жөн көрген.
Зообақта төрт жылқы, пони, енот, тиін, қоян, ешкі, алтын қырғауыл және тағы басқа жануарлар бар. Кешен қысы-жазы демалыссыз жұмыс істейді. Сондай-ақ тұтынушылар үшін түрлі қызықты кештер ұйымдастырылады.
– Келушілер саны артып келеді. Бірі отбасымен келсе, енді бірі жеке демалысты жөн санайды. Жеке келетін жандардың көбі атқа мінуді қалайды. Келешекте «Ранчо 83»-ның аумағын арттырып, тағы да бір зона қосуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде балықтарды тамашалауға мүмкіндік болады. Бізде сонымен қатар жылыжай бар, онда экзотикалық талдар, сондай-ақ банан өседі, – дейді Майра Досжан.
Ерекше демалыс орнында келушілер үшін түрлі қызмет қолжетімді. Үлкендер үшін кіру бағасы 1000 теңге болса, балаларға 800 теңге. Сонымен қатар иппотерапия қызметі ұсынылады. Атпен серуендеу 15 минутқа 2000 теңге, ал бір сағатқа дейінгі серуен 5000 теңге тұрады.
Бұл кешенде асхана, балаларға арналған алаңқай, бассейн және демалушыларға жайлылық сыйлау үшін ыңғайлы жағдай қарастырылған. «Ранчо 83» ұжымы әлеуметтік желіні де белсенді жүргізіп, көрерменге қызықты контент ұсынады.
Жоба мемлекет тарапынан қаржылай көмек алмаса да, табысты жұмыс істеп келеді. Кешен Тимур мен Майраның еңбексүйгіштігі мен кәсіпкерлік қабілеттерінің нәтижесі екенін көрсетеді.
Аймақта осындай көптеген қызмет түрін ұсынатын кешен жұмыс істейді. Бұл қала тұрғындарының серігуіне, бір сәт жануарлармен байланысып, қаланың қызу өмірінен демалуға көмектеседі.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!