Сіз уақытты қалай сезінесіз? Кейінгі жылдары күн қысқарып, апта зулап, айлар көзді ашып-жұмғанша өтіп жатқандай көрінбей ме? Көпшілік «уақыт жетпейді», «тәулікте сағат азайғандай» деген пікірді жиі айтады. Бұл жай ғана субъективті сезім бе, әлде расымен де уақытта қандай да бір өзгеріс бар ма?

Шынында да, бұрынғыдай емес, апта зырғып, айлар зулап өтетіндей әсер қалдырады. Кеше ғана басталған іс бүгін аяқталмай жатып ертеңге сырғып кетеді. Содан болар «уақытта өзгеріс бар ма?» деген сұрақ қоғамда жиі талқыланып жүр. Жоға рыдағы сұрақтар төңірегінде кейінгі жылдары түрлі теория, ғылыми болжамдар, тіпті діни түсіндірмелер де қатар айтылып жүр. Ендеше, уақыт құбылысына әр қырынан үңіліп көрейік.

Бүгінгі адамның өмірі бұрынғы буынмен са­лыстырғанда әлдеқайда қарбалас екені анық. Бір сағаттың ішінде атқарылатын іс көбейді, ақпарат көлемі бірнеше есе артты, ал технологиялар өмір қарқынын бұрын­соңды болмаған деңгейге жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда, уақыттың өзі емес, оның ішіндегі оқиғалардың тығыздығы артқандай көрінеді. Яғни біз уақыттың өзін емес, оның ішіндегі оқиғалардың көбейгенін сезіп отырмыз. Сондықтан адамға уақыт жылдам өтіп жатқандай әсер береді.

Дегенмен уақыттың шынымен «қысқарғаны» туралы пікірлер де жоқ емес. Кейбір зерттеушілер, соның ішінде америкалық Грегг Брейден кейінгі 50 жылда тәуліктің ұзақтығы шартты түрде өзгеріп, 24 сағаттың орнына 16 сағаттай ғана «сезілетінін» алға тартады. Оның пікірінше, бұл Жердің «пульсіне» тәуелді. Бұл көзқарас Шуман резонансы деп аталатын құбылыспен байланыстырылады. ХХ ғасырдың ортасында оның жиілігі 7,8 герц болса, қазір 13 герцке дейін өсті делінеді. Яғни теория авторлары Жердің электромагниттік тербеліс жиілігі артқан сайын, уақыт та сығылады деген болжам айтқан. Алайда бұл тұжырым ғылыми қауымдастық тарапынан толық дәлелденбеген және көбіне болжам ретінде қарастырылады.

Ғылымға сүйенсек, тәулік дегеніміз – Жердің өз осінен бір айналып шығу уақыты. Оның нақты ұзақтығы шамамен 23 сағат 56 минутқа тең, ал біз қолданатын 24 сағат есепті ыңғайлау үшін алынған шартты көрсеткіш. Егер тәулік шынымен 12 немесе 16 сағатқа қысқарса, бұл Жердің айналу жылдамдығы күрт артқанын білдірер еді. Мұндай өзгерістердің салдары өте ауыр болады. Мәселен атмосферадағы ауа ағындары күшейіп, жойқын дауылдар мен торнадолардың жиілеуіне әкелетін еді. Мұхиттар мен теңіздердегі су массалары қайта бөлініп, экватор маңында су деңгейі көтеріліп, аралдардың су астында қалу қаупі туар еді. Сонымен қатар литосфералық плиталардың қозғалысы өзгеріп, жер сілкіністері мен жанартаулардың белсенділігі артуы ықтимал болатын. Яғни мұндай ауқымды өзгерістерді адамзат байқамай қалуы мүмкін емес.

Қазір ғылымда уақытты дәл өлшей алатын құрылғылар бар. Мәселен атомдық сағаттар секундтың миллиардтан бір бөлігін де тіркей алады. Осындай жоғары дәлдіктегі құрылғылар уақыттың айтарлықтай қысқарғанын көрсеткен жоқ. Дегенмен, кейінгі жылдары Жердің айналу жылдамдығында өте ұсақ өзгерістер тіркелгені рас. Мысалы 2022 жылдың 29 маусымында тәулік қалыпты уақыттан 1,6 миллисекундқа қысқарғаны жайлы дерек тарады. Бұл рекордтық көрсеткіш. Ғалымдардың айтуынша, мұн­дай өзгерістер адамға тікелей сезілмейді, алайда GPS, бай­ланыс жүйелері секілді жо­ғары дәлдікті қажет ететін технологияларға әсер етуі мүмкін.

Жердің айналу жылдам­ дығы әрдайым тұрақты болмаған. Оған Айдың тартылыс күші, атмос­фералық өзгерістер, мұхит ағындары мен климаттық факторлар әсер етеді. Мәселен жаз мезгілінде атмосфералық ағындардың баяулауы Жердің айналуын сәл жылдамдатуы мүмкін. Дегенмен, бұл өзгерістер уақыттың «көз ілеспес жылдамдықпен өтіп бара жатқанына» толық дәлел бола алмайды.

Уақыттың біркелкі емес, салыстырмалы құбы лыс екені ғылымда бұрыннан белгілі. Бұл туралы Альберт Эйнштейн «Салыстырмалылық» теория сында дәлелдеген. Аталған теорияға сәй­кес, уақыттың өту жылдамдығы гравитация мен қозғалыс жылдамдығына байланысты өзге­реді. Мәселен Жер бетінен биіктеген сайын гравитация әлсірейді де, уақыт сәл жылдамырақ өтеді. Бұл айырмашылық күнделікті өмірде сезілмегенімен, ғылыми құралдар арқылы дәлел­ денген. Мысалы, зәулім ғимараттың жоғар ғы қаба­тында уақыт төмен гі қабатқа қарағанда сәл жылдамырақ өтеді. Бірақ бұл айырмашылық өте аз, тек арнайы құралдармен ғана байқалады.

Ислам дінінде де уақыттың қысқаруы туралы түсінік кездеседі. Хадистерде Қиямет жақындаған сайын уақыт «сығылып», жыл ай секілді, ай аптадай, апта күндей өтетіні айтылады. Бұл жерде уақыттың физикалық өзгеруі емес, оның адам­дарға субъективті түрде қысқа болып сезілуін меңзеген деп түсіндіріледі. Бүгінде адамдардың «уақыт жетпейді» деп жиі айтуы осы түсінікпен де байланыстырылады.

Философтар да уақыттың табиғатын әрқалай түсіндірген. Мысалы Алексей Лосев уақыттың тұрақсыз, созылмалы әрі салыстырмалы құбылыс екенін айтқан. Ал кейбір ғалымдар уақытты адамның психологиялық күйіне тәуелді құбылыс ретінде қарастырады. Яғни қызықты сәттер көзді ашып­жұмғанша өтсе, күту сәттері керісінше ұзақ­қа созылады, бала кезде уақыт баяу, ересек шақта жылдам өтеді. Бұл уақыттың объективті емес, субъективті қабылданатынын көрсетеді.

Тағы бір қызықты болжамды Виктор Вейник ұсынған. Ол «хроносфера» ұғымын енгізіп, Жердің өзіндік уақыт өрісі бар деп есептеген. Бұл өріс өткеннен болашаққа өтуді реттейді деген пікір айтқанымен, бұл да ғылыми ортада толық дәлелденбеген теориялардың бірі болып қала берді.

Қалай десек те бүгінгі күннің басты шындығы адамдардың уақытты бұрынғыдан өзгеше қабыл­дай бастағаны. Бұған негізгі себеп тіршілік ырғағының, өмір салтымыздың күрт өзгеруі. Ақпа­раттың шамадан тыс көптігі, үнемі асығыстық, назарымыздың тұрақсыздығы, бірнеше істі қатар атқару, демалыстың азаюы, бәрі адамның уақытты сезінуіне әсер етеді. Көп жағдайда біз әрекеттерді «автопилотпен» орындаймыз да, уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз. Сондықтан бүгінгі қоғамда «осы сәтте өмір сүру», яғни саналы түрде әр минутты бағалау туралы түсінік кеңінен насихатталып келеді. Бұл уақытты тоқтатудың емес, оны дұрыс сезінудің бір жолы.

Жоғарыдағы деректерді саралай келе мынадай тұжырым жасауға болады. Біріншіден, ғылыми тұрғыдан тәуліктің айтарлықтай қысқарғаны дәлел денбеген. Физикалық өзгерістер бар, бірақ олар өте аз, яки миллисекунд деңгейінде. Екінші­ден, психологиялық тұрғыда ғана уақыт жылдамы­рақ өтіп жатқандай сезіледі. Үшіншіден, діни және философиялық тұрғыда бұл құбылыс бұрыннан талқыланып келеді. Яғни уақыттың өзі емес, біздің оны қабылдауымыз өзгерген. Қай теорияға сенсек те бір шындық өзгермейді, ол бізге берілген уақыттың шектеулілігі. Сондықтан басты мәселе тәуліктің қанша сағат екенінде емес, оны қалай пайдаланып жатқанымызда. Уақыт бізге жетпей жатқан жоқ, бәлкім біз оны толық пайдалана алмай жүрген шығармыз. Дегенмен әр сәтті мәнді, мағыналы ету әркімнің өз қолында.

Тілек ҚАБЫЛ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!