Ғаламның торына байланған заманда біреуді бетпе-бет кездесуге көндіру қиындап барады. Көпшілігі үшін телефонның экраны арқылы сөйлесу ыңғайлы, ал шынайы өмірде адаммен көзбе-көз араласу ұялшақтық немесе сенімсіздік себептерімен шектеледі. Осы үшін де қазір екінің бірі интернет арқылы танысуды табиғи құбылыс деп санайды. Біреулер үшін бұл уақытты үнемдеудің жолы, ал енді бірі үшін бұл жасырын саясатын ашық түрде жүзеге асырудың таптырмас орны.

Интернеттегі таныстыққа арналған қосымшалар мен сайттардың саны күн санап артып келеді. Танымалдарының қатарында «Дайвинчик», «Tinder»,«Badoo» секілді платформаларды атап өтуге болады. Бұл қосымшаларда тіркелу оңай, бірнеше минуттың ішінде өз профиліңді жасап, қарсы жақпен байланысуға болады. Алайда осы жеңілдік пен қолжетімділіктің артында қауіп-қатер де қатар жүретінін елей бермейміз.

Ең алдымен ескере кететін жайт, көптеген қосымшада пайдаланушы өзі туралы шынайы ақпаратты бермей, жалған дерек арқылы тіркеле алады. Яғни сізбен танысқысы келген адамның аты-жөні, жасы, жұмысы немесе өмірлік жағдайы жайлы жазғаны рас па, жоқ па – белгісіз. Күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ ойлап көріңізші: сіз кафеде отырсыз, қолыңызда кофе, телефон экранын ақырын шертіп, қосымша арқылы сөйлескен адаммен кездескелі отырсыз. Ал келген адам мүлде басқа болып шығады. Жас жігітті күтіп отырған кезде еңгезердей ересек адам немесе мектеп оқушысы келіп тұрса не істер едіңіз?

Өзін көрсеткісі келмеген адам интернет арқылы танысуға көптеп барады, бірақ оның артында қандай ниет, қандай мақсат жатқанын ешкім біле алмайды. Қылмыскер, психикалық ауытқуы бар немесе жай ғана айлакер адам сіздің сеніміңізді пайдаланып, жеке ақпаратқа қол жеткізуі мүмкін.

Бұл қауіптің ең айқын көрінісін алаяқтық пен адам жоғалу жағдайлары арқылы білеміз. Із-түссіз жоғалып немесе өлі күйінде денесі табылғандардың басым бөлігі осы әлеуметтік желідегі таныстықтан басталған. Таныстыққа арналған сайттар мен қосымшалар арқылы кейде түрлі афера жүзеге асырылады. Қолданушы алданып, ақша төлеуге мәжбүр болады немесе тіпті физикалық қауіпке ұшырауы мүмкін. Өкінішке қарай, интернеттегі таныстық кейде адам өмірін қиюға дейін апарады. Қолда бар статистикаға қарағанда, әлем бойынша интернет арқылы танысқан адамдар арасында азапты өліммен аяқталған жағдайлар тіркелген. Өзіміздің қаракөз аруымыз Аяжан Еділованың қазасы күллі қазақ халқын дүр сілкіндерген жоқ па еді? Бұл әрбір пайдаланушы үшін шынайы өмірде кездесуі мүмкін қауіптің көрінісі.

Интернеттегі таныстық шынайы өмірдегі кездесу мен араласудың орнын алмастыра алмайды. Мәтін арқылы араласу адамның ішкі ойы мен сезімін толық жеткізе алмайды. Біреу жазған сөздерінде ақылды әрі мейірімді көрінсе, шынайы өмірде оның бейнесі мүлде басқа болуы мүмкін. «Қой терісін жамылған қасқыр» секілді адам өз хабарламаларында мейірімді болып көрінгенімен, бетпе-бет келгенде мүлде басқа, кейде қауіпті мінез танытады. Сондықтан интернет арқылы танысудың жеңілдігіне алданбау керек, әріптестік немесе достық қарым-қатынасты дамытуда шынайы кездесулердің рөлі әрдайым жоғары.

Қош. Барлық платформаны бірдей қатерлі деп санауға болмайды. Бақытты отбасын құрып, өз сүйіктісін кездестіргендер де бар.

Кейбір қосымшалар мәтіндік сөйлесудің орнына бірден видеоқоңырау арқылы танысуды ұсынады. Мұндай платформалар шетел азаматтарымен байланыс орнатуға, тіл үйренуге және әртүрлі елдің мәдениетін тануға ыңғайлы. Мұнда да шынайы ақпаратты көрсету міндетті емес, бірақ қарсы тараппен бетпе-бет сөйлесу мүмкіндігі бар. Сол себепті платформаны қолданушылардың барлығы арам пиғылды деп айту әділетсіздік болар.

Алайда бұл платформалардың ашықтығына қарамастан, олар ешқандай құзырлы органның бақылауында емес. Сондықтан кейде платформаны анайы бағытта қолданатындар да кездеседі, ал мұндай жағдайда заң тұрғысынан немесе моральдық шектеулер жоқ. Ашық платформадағы анайы әрекеттер пайдаланушылар үшін қауіп. Бірақ мұны тоқтатудың шешімі әлі табылмай тұр.

Интернеттегі таныстық мәдениеті мен қауіпсіздік мәселесі – заман талабынан туған күрделі тақырып. Бір жағынан, бұл платформалар адамдарға жаңа достар, тіл үйрену немесе серіктес табу мүмкіндігін береді. Екінші жағынан, бұл алаяқтық, маньяктар мен адам саудасының жасырын алаңына айналуы ықтимал. Мүмкін сіз сөйлесіп жүрген адам заңды тұрғыда некеде шығар. Ал бірақ сіз оны дәлелдей алмайсыз. Ал істің жауапкершілігі артқан кезде түрлі қиыншылық тууы мүмкін. Сондықтан әрбір пайдаланушы өзінің жеке қауіпсіздігіне жауапты, онлайн кездесу мен таныстық кезінде сақтық шараларын ұмытпау керек.

Қауіпсіздік тек жеке ақпаратты жасыруда ғана емес, эмоциялық және психологиялық қорғаныста да көрінеді. Шынайы өмірде танысу адамның мінезін, дауысын, көзқарасын тікелей бағалауға мүмкіндік береді. Ал интернеттегі мәтіндік сөйлесу көбінесе бетперде ретінде қызмет етеді. Ақылды сөздермен әсер ету мүмкіндігі жоғары, бірақ ол шынайы сезім мен ниетті білдірмейді. Сондықтан интернеттегі таныстыққа сенім арту алдында әрдайым терең ойлану қажет.

Интернеттегі таныстыққа арналған платформаларда жасырын қауіптің бар екенін түсіну – әрбір адамның өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін маңызды. Ақпаратты тексеру, қарсы адамның ниетін бағалау және шынайы кездесулерді қолдау арқылы ғана онлайн таныстық қауіпсіз әрі тиімді бола алады. Әринежаңа достар табу немесе таныстыққызық әрі эйфория сыйлайтын процесс, бірақ қауіпсіздік әрдайым бірінші орында тұруы керек.

Интернет арқылы танысатын адамдардың психологиясы дәстүрлі қарым-қатынастан мүлде ерекшеленеді. Біріншіден, олар көбіне бетпе-бет кездесуден қашады, өз сезімдерін, ойларын экран арқылы жеткізгенді жөн көреді. Мәтіндік сөйлесу арқылы адам өзін еркін, сенімді және қызықты көрсетуді мақсат етеді, ал шынайы өмірде сол сенімділік пен ашықтық әрдайым сақталмайды. Кейбіреулер үшін ғаламтор – шынайы өмірдегі қысымнан қашу, жалғыздықты жеңу немесе өзіне лайықты серіктес іздеудің қауіпсіз алаңы. Ал кейбір қолданушылар үшін бұл ойын, қызық немесе көңіл көтеру құралы. Сонымен қатар интернет таныстыққа қатысатындардың бір бөлігі өз бейнесін мінсіз етуге тырысады, яғни жасын, суретін, жұмысын немесе хоббиін өзгертіп көрсетеді. Мұның бәрі олардың сенімділік деңгейінің төмендігін, кейде эмоционалды қорғаныстың жоғары екенін көрсетеді. Одан бөлек, әлеуметтік желіге деген тәуелділік те қысым болады. Себебі сіз хабарлама күтесіз, уақытыңыздың көп бөлігі сол желіде хат алмасумен өтеді, түсініспеушіліктерді жеңу қиын болады һәм сол секілді майда мәселелер ушыға түсе үлкен травмаға айналмасына кепілдік жоқ. Осылайша, интернеттегі таныстық психологиялық тұрғыдан адамды тануға мүмкіндік берсе де, бір уақытта адасу мен алдану қаупін де тудырады.

Интернет арқылы таныстықтың жеңілдігі адамды жалған үмітке байлайды, сезім мен көңілге қаяу түсуі мүмкін. Мұның да психологиялық ауыртпашылықтары бар екенін неге елемейміз? Дәл сол секілді, өмірде де махаббатты табуды тек мақсат қылып, іздеумен айналысу дұрыс емес. Шынайы сезім күтпеген сәтте, күнделікті өмірдің қарапайым сәттерімен бірге келеді. Сол себептен махаббатты іздеудің орнына, өмірді, өзіңізді және айналаңызды байыппен сезініп, назарыңызды бір дүниеде ұстамау керек. Мынаны естен шығармаңыз: шынайы сезім көбіне күтпеген жерден келеді, ал жасанды платформалардағы байланыс көбіне алдау мен ренішке әкелер құрдым.

Сөз соңында айтарымыз, интернеттегі таныстық – бұл цифрлық заманның талай жылдан бергі құбылысы, оның жеңілдігі мен жылдамдығы қызықтырады, бірақ бетпе-бет кездесу мен шынайы өмірдегі байланыстың орнын алмастыра алмасы анық. Ең құрығанда өмірде бір-екі рет кездескен адаммен байланысқан абзал. Адалдық, сақтық және өзіңді қорғау әрдайым басты қағида болып қала береді. Ақыл мен сезімді қатар қолданбаса, экран артында тұрған адамға толық сеніп кету талайдың сан соғып қалуына себеп болғанын еске алайық.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!