Қызылорда облысында автокөліктің әдемі нөміріне деген сұраныс саябырсымай тұр. Пандемияға байланысты бірқатар аймақтарда ақылы автонөмірлерден түсетін кіріс азайғанымен, Қызылорда өңірінде бұл көрсеткіште айтарлықтай айырмашылық жоқ.

Мәселен, соңғы екі жылда 800-ден астам қызылордалық осы тұрғыда 200 миллионға тарта қаражат жұмсаған, соның ішінде 2019 жылы – 102 миллион теңге, 2020 жылы – 96,5 миллион теңге. Жалпы облыс бойынша Мамандандырылған ХҚО бағыты бойынша 90 526 қызмет көрсетілді, соның ішінде 78 411 көлік тіркеліп, 12 115 жүргізуші куәлігі берілген. Бұл орайда қызметтердің 80 пайызы онлайн нұсқада рәсімделген.

Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтерді онлайн алу үрдісі күшейе түседі деп күтілуде. Осы мақсатта түрлі қолайлы сервистер енгізіліп жатыр. Мәселен, жуырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен автокөлікті Kaspi.kz қосымшасы арқылы тіркеу жобасы енгізілді.

«Бұл сервис мамандандырылған бөлімде адамдардың көп­тігінен туындайтын қарбаласты болдырмауға өз септігін тигізуде. Қызмет алушылар үшін де тиімді болғандықтан,  онлайн қызметті белсенді түрде пайдалана бастады. Мәселен, аз ғана уақыттың ішінде 50-ден астам қызылордалық көліктерін осы қосымша арқылы онлайн тіркеп үлгерді және күн сайын бұл көрсеткіш өсе түсетіні сөзсіз», – деді филиал директорының орынбасары Айдын Қайруллаев.

Сондай-ақ былтыр автокөліктің нөмірі мен техпаспортын үйге жеткізу қызметі іске қосылды. Бүгінде 65 қызылордалыққа құжаттар тұрғылықты мекенжайы бойынша жеткізіліп берілді. Бұл қызметті пайдалану үшін жаңа автокөлік иесі онлайн сатып алу мәмілесінен кейін egov.kz порталындағы «Көлік және коммуникация» бөлімінде «МТНБ мен техпаспортты жеткізу» электронды қызметіне тапсырыс беруге тиіс.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!