Халық арасында «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөз жиі айтылады. Мұнымен қоса, «сәуірдің басындағы суық бітпей, жаз шықпайды» деп осы айдың маңызына мән берген. Бұл – табиғаттың жаңаруы мен жақсылықтың келуін меңзейтін терең мағыналы тәмсіл. Сәуір айы – көктемнің нағыз лебі сезіліп, жер бусанып, тіршілік қайта жандана түсетін шақ. Дәл осы айда жерге нәр беретін жаңбыр жауып, шаруалар егіс науқанын бастайды. Тіпті, адам жанының да сергіп, жаңа бір серпін алатын кезі.
Сәуір – қазақ үшін ырыс пен берекенің бастауы. Малшылар үшін көктемгі төл алу маусымы қыза түсетін, егіншілер жер жыртып, дән себуге кірісетін уақыт. Ауа райының тұрақсыздығына қарамастан, бұл ай табиғаттың нағыз жандану кезеңі болып есептеледі. Жоғарыда айтқан халық даналығы сәуірдің осындай ерекшеліктерін бейнелеп, «көкек» деп атаған. Бұл да өмір тәжірибесінен шыққан. Яғни, бұл айда жауын жауып, жер көгермесе, алдағы маусымдар да берекесіз болуы мүмкін. Сондықтан сәуірдің жаңбыры – берекенің белгісі.
Көктемгі серпіліс тек табиғатқа ғана емес, адамдардың ішкі күйіне де әсер етеді. Қысқы күйбең тірліктен арылып, жаңа жоспарлар құрып, тың идеялар жүзеге асырылады. Әсіресе, сәуір айында тіршілік қарбаласқа толы болады: біреу кәсібін бастаса, енді біреу жаңа жұмысқа орналасады, білім алушылар болашағына қадам жасайды. Сонымен қатар, сәуір – әлемде түрлі мәдени, ғылыми және әлеуметтік шаралардың қызатын уақыты. Қазақстанда бұл айда маңызды мерекелердің бірі – Ғылым қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл да сәуірдің тек табиғатқа ғана емес, ой мен білімге де жаңару алып келетінін көрсетеді.
Үлкендердің сөзіне сенсек, сәуірдің тууы 14-сәуірге тұспа тұс келеді. Осы күндері сәуір бұлты келіп, күн күркірейді. Одан кейін қара суық кетіп, ауа райы желді болмақ. Бес қонақ та осы сәуірде «қонақтайды». Ескіше есептесек, бұл қонақ наурыздың соңында, ал қазір сәуірде келеді екен. Бес қонақтың ызғары өтпейінше малшылар да жайлауға көшпеген. Білгенге маржан, білмегенге керек дерек. «Бесқонақ» келгенде күн суиды. Бір сәтке қыс қайта басталғандай дала борап, жаңбыр жауады. Тіпті қар да «қонақ» болуы мүмкін. Бұл күндері ауа райын болжау қиын.
Динара ЖҰМАДІЛ,
студент
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!