Фото: ашық дереккөзден

Сағат – сан ғасырлық тарихы бар адамзат жетістіктерінің бірі. Уақытты өлшейтін маңызды құрал ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен өнердің, технологиялық дамудың, сәннің ажырамас бөлшегіне айналды. Қазір ұялы телефондар көп қолданыста болса да, сағаттың мәртебесі қашан да жоғары.

Уақытты өлшейтін құралдың шығу тарихы мыңдаған жылдарды қамтиды. Алғашқы механикалық сағаттар XIV ғасырда Еуропада пайда болды. Бірақ бұл құралға деген сұраныс әлдеқайда ертеректе орын алды. Мәселен, ежелгі Египетте күн, су, құм сағаттары қолданыста болды. Сонау «күн сағаттан» бүгінгі қолданыстағы «кварц», «электронды сағатқа» дейін бірнеше жандану кезеңдерін өткерген өнертабыс кез-келген адам өмірінде маңызды рөл атқаратыны рас.

XVI ғасырда Швейцария сағат жасау өнерінің ошағына айналып, әлемді мойындата білді. Бүгіннің өзінде швейцариялық сағаттар уақыт дұрыстығы бойынша ең дәл әрі ең қымбат болып есептеледі. Бұл елдің сағат өндірушілері механикалық уақытты өлшеу құралын нағыз өнерге айналдырды. Олардың ішінде «Rolex», «Patek Philippe», «Audemars Piguet» сынды брендтер көпшілік арасында танымал.

Көптеген адам сағат тек уақытты көрсететін құрал емес, сонымен қатар олардың жеке стилін айшықтай түсетін аксессуар ретінде қабылдайды. XVIII ғасырда Ұлыбританияда сағат өте бағалы деп саналып, сағат таққандарға қосымша салық салынған. Осы себепке байланысты бұл құралды сатып алғысы келетіндердің саны азайды. Сағатты стильмен байланыстырғандар жоғарыда атап өткен құны миллиондаған долларды қамтитын брендтік өнімнен бас тартпайды.

Әлемдегі ең қымбат сағаттардың бағасы таңғаларлық деңгейге жетті. Олардың қатарында тарихи маңызды сағаттар да, заманауи қолөнершілер жасаған ерекше өнертабыстар да бар.

Мәселен, 2019 жылы Patek Philippe маркасының «Grandmaster Chime» моделі аукционда 31 миллион долларға сатылды. Бұл сағат екі беті бар және көптеген күрделі механизмді қамтиды. Сағаттың бірегей дизайны мен функционалдығы оны коллекционерлер арасында өте құнды етті.

Тағы бір атақты сағат – Rolex маркасының «Paul Newman Daytona» моделі. Атақты актер Пол Ньюман киген бұл сағат 17,8 миллион долларға сатылып, тарихта қалды.

«Breguet Marie-Antoinette» сағаты да сөзімізге тиек бола алады. Бұл сағат Францияның атақты патшайымы Мари Антуанетта үшін арнайы жасалған. Өкінішке қарай, патшайымның қайтыс болуына байланысты оның өзіне арналған сағатты тағу бұйырмады. Бұл сағатты механикалық күрделілігі мен алтын бөлшектері өте бағалы етті. Бағасы шамамен 30 миллион долларға тең.

Сағат туралы қызықты деректердің бірі – әлемдегі ең алғашқы телевизиялық жарнама сағат туралы болған. 10 секундттық «Bulova» брендінің сағатына арналған жарнама 1941 жылы 1 маусымда NBC арнасында бейсбол матчының алдында көрсетілді.

Сондай-ақ көпшілік арасында сағатты сыйға тартуға болмайды деген наным-сенім бар. Жұртшылық сағат сыйлауды ара-қатынастың үзілуіне, достықтың бұзылуына әкеледі деп есептейді.

Бүгінде сағаттар түрлі түрге бөлінеді. Атап айтқанда, қол сағат, қалта сағат, қабырға сағат – олардың бәрі күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Кейінгі жылдары «смарт сағаттар» қолданысқа кеңінен ене бастады. Олар уақытты көрсетумен қатар, денсаулық мониторингін жасайды. Хабарламаларды оқу, суретке түсіру, тіпті байланысуға да болатын функцияларды ұсынады. Ғаламторға байланысы болса, әлеуметтік желіге кіруге де мүмкіндік беретін «ғажап» құралға айналды.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!