Жаз – саяхат маусымының қызатын уақыты. Ұшаққа билет алып, чемодан жинап, демалысты жоспарлап жатқан кезіңіз болса, бұл лайфхактар сіз үшін! Уақытыңызды, ақшаңызды үнемдеп, сапарыңыздың сәтті өтуіне көмектесетін қарапайым әрі тиімді кеңестерді ұсынамыз, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1. Киімді домалақтап бүкте – орын үнемдеудің ең оңай жолы
Көп адам чемоданға не сөмкеге затты сыйғыза алмай әуре болады. Киімдерді төртбұрыштап емес, орама түрінде бүктесеңіз, орын да үнемделеді, әрі киім мыжылмайды. Бұл әдіс әсіресе рюкзакпен саяхаттайтындар үшін өте тиімді.
2. Қонақүйде зарядтағыш таппасаңыз – теледидар көмекке келеді
Саяхат кезінде телефон зарядтағышын ұмытып кету – жиі болатын жағдай. Көптеген қонақүйлердегі теледидардың артқы жағында USB порты бар. Смартфоныңызды сол арқылы зарядтай аласыз. Бұл уақытша да болса, жақсы шешім.
3. Гельдер мен кремдерді – линза контейнеріне құйып алыңыз
Саяхатта 100 мл-ден асатын сұйықтықтарды алып жүру қиын. Қолданатын крем, сусабын, тіс пастасы секілді заттарды кішкентай линза контейнерлеріне немесе саяхатқа арналған мини-қаптарға құйып алсаңыз – жүк жеңілдейді, төгілу қаупі де азаяды.
4. Құжат, билет, бронь – барлығын электронды түрде сақта
Бума-бума қағаз алып жүрудің қажеті жоқ. Бронь жасалған қонақүй, ұшақ билеттері, сақтандыру құжаттары, төлқұжаттың сканы – бәрін PDF етіп өзіңізге email арқылы жіберіп қойыңыз. Қажетті сәтте интернет болмаса да, оффлайн қарап алуға болады.
5. Қол антисептигі – саяхаттың құтқарушысы
Кәдімгі қол жууға мүмкіндік бола бермейді. Антисептик – қолды дезинфекциялап қана қоймай, қоғамдық орындарда (дәретхана, кафе үстелі, орындық) тазалық сақтау үшін де таптырмас құрал. Кей антисептиктер теріге күтім жасап, жағымды иіс береді.
6. Құнды заттарды ішкі қалтаға жасыр
Қалта ұрылары көп елдерде саяхаттаушылар жиі нысанаға айналады. Ақша, карталар, төлқұжат сияқты маңызды заттарды сөмкенің сыртқы емес, ішкі жасырын қалтасына салып жүріңіз. Қаласаңыз, мойынға тағып жүретін арнайы қалташаларды қолдануға болады.
7. Жергілікті SIM немесе eSIM – үнем мен байланыс кепілі
Роумингтің бағасы қымбат. Ал жергілікті SIM-карта немесе eSIM орнату арқылы қала ішінде навигация, мессенджер, аударма сияқты сервистерді емін-еркін қолдана аласыз. Түркия, Грузия, Еуропа елдерінде арзан eSIM сататын сервистер бар – алдын ала жүктеп алыңыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!